Алдағы жұмыстардың бағдары айқын

1872

0

Мемлекет басшысы қоғамды одан әрі демократияландыру, елде жүргізіліп жатқан  реформалар туралы халықты хабардар ету, жергілікті атқарушы органдардың ашықтығын, жауапкершілігін, есептілігін арттыру мақсатында барлық деңгейдегі әкімдерге халықпен кездесулер өткізіп, оларды толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аударуды тапсырған еді.  Кездесулерде Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы көпшілікті хабардар ету және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндіру міндеті жүктелген.

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Арал ауданының халқымен кездесті. Аймақ басшысының бұл сапардағы басты мақсаты – халық жағдайын көзбен көріп, жергілікті тұрғындардың тіршілігімен танысу. Ауыл ақсақалдарымен сөйлесіп, өзекті мәселелерге қатысты ойларын мұқият тыңдау. Сондай-ақ облыс әкімі аудандағы атқарылып жатқан жұмыстарды көріп, бірқатар әлеуметтік нысандармен де танысты. Айта кетейік, халықпен кездесулер апта ішінде Қазалы мен  Қармақшыда да жалғасын таппақ.

Теңізді өлкедегі сапар басы жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің музей үйінен басталды. 2014 жылдан бері жұмыс істейтін мәдени нысанда жазушының тұтынған дүниелері мен кітаптары көптеп қойылған. Облыс әкімі алдымен халық жазушысының «Соңғы парыз» романының басты кейіпкерлері бейнеленген ескерткішті тамашалады. Мұнан соң музей меңгерушісі Ботагөз Сарбасова жазушының жеке заттары мен фотоэкспонаттарға,  кітаптарына шолу жасап, таныстырып өтті.

Аймақ басшысы З.Шүкіров атындағы қалалық мәдениет үйінде аудан халқымен кездесу өткізді. Жиынға тұрғындармен бірге зиялы қауым өкілдері, ардагерлер мен аудандық мәслихат депутаттары, кәсіпорын және құқық қорғау органдарының басшылары қатысты.

– Облыс әкімі қызметіне тағайындалған уақыттан бері сіздермен үшінші мәрте жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Мен үшін Арал ауданының маңызы зор. Сондықтан да бүгінгі кездесудің де мәні ерекше. Мемлекет басшысының Жарлығы аясында өздеріңізге аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму жоспарын баяндап, көкейде жүрген сауалдарыңыз негізінде сындарлы диалог орнатуға дайынмын, –деп бастады өз сөзін облыс басшысы.

Аймақ басшысының сөзінше, кейінгі уақытта өнеркәсіп өндірісінен басқа барлық негізгі макрокөрсеткіштер бойынша өсім бар. Тарқатып айтсақ, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 1,4, инвестициялар тарту 14,7, құрылыс жұмыстары 8,3, пайдалануға берілген тұрғын үйлер 11 және сауда 1,4 процентке артқан. Дегенмен өнеркәсіп өндірісі жыл басынан бері төмендеуде. Өйткені, өңірде мұнай өндіру жыл сайын азайып келеді. Оның ең жоғарғы көлемі 2007 жылы 11,7 млн тоннаны құраса, биылғы болжам бойынша тек 3,5 млн тонна мұнай өндірілмек. Кейінгі жылдары мұнайдың сарқылуына байланысты оның жаңа көздерін анықтау үшін геологиялық зерттеу жұмыстары басталған. Бұған республикалық бюджеттен 3,2 млрд теңге бөлінді.

– Биыл өңірге 350 млрд теңге инвестиция тарту көзделген. Индустрияландыру бағдарламасы аясында осы жылы құны 2,2 млрд теңгені құрайтын 3 жобаны іске қосамыз. Олар – Қармақшыдағы құс фабрикасы, Сырдариядағы күріш өңдеу зауыты және Қызылордадағы асфальтбетон бұйымдарын шығаратын кәсіпорын. Мұнан бөлек, «Шалқия» кен орнында тау-кен байыту комбинатының, Арал ауданындағы кальцийленген сода зауытының құрылысын бастаймыз. Сода зауытының жобасы экологиялық сараптамадан өтіп, оң қорытынды алды. Келешекте кәсіпорын арқылы 700 жаңа жұмыс орнын ашамыз, – деді облыс әкімі.

Сәуір айында Арал өңіріне Өзбекстан мен Қазақстан Сенаты делегациясы жұмыс сапарымен келіп, қайтқан теңізді қалпына келтіру мәселелерін қарап, «Көкарал» бөгетінің жағдайымен танысқан болатын. Бөгет мәселесі жіті қаралып, бұған Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев жан-жақты қолдау көрсетуге ықпал ететінін де жеткізді. Сондай-ақ биыл су тапшылығының зардабын жою үшін Үкіметтен 3,6 млрд теңге қаржы бөлінді. Арал ауданына тиісілі қаражатқа 10 дана дизельді насос алып, 7 су ұңғымасы жөнделіп, 4 каналды тазалау жұмыстары жүргізілмек. 

Екіншіден, қазір азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін әр ауылдың мүмкіндігіне қарай көкөніс және бақша өнімдерін егуге бос жатқан жер  ынталы азаматтарға бөліп берілуде. Аймақ басшысының тапсырмасымен бұл жұмыстар барлық ауданда жүргізіліп отыр. Нәтижесінде жоспардан бөлек, Арал ауданында 70,5 гектар жерге қосымша егін егілді. 

– Елді мекендерді аралап, халықпен кездескен сайын тұрғындардан инфрақұрылым тарту мәселесіне қатысты өзекті сауалдар жиі түседі. Бұл ретте әр мәселені ескеріп, халық сұранысын қанағаттандыру аудан әкімдерінің тікелей міндеті екенін тағы да еске саламын.

Биыл Сексеуіл кентіне 26 шақырым жаңа электр желісі жүргізіліп, 2 қосалқы трансформаторлық станция орнатылды. Сондай-ақ, Арал қаласының №5 және №6 шағын аудандарына электр желілерін тарту, ауызсумен  жабдықтау жұмыстарының құрылысын жүргіземіз. Тағы бір мәселе – «көгілдір отынмен» қамту. Қазір аудан орталықтары толықтай газға қосылып, табиғи газды облыс халқының 67 проценті тұтынып отыр. Арал ауданын табиғи газбен қамту үлесі 48,3 процентті құрайды. Биыл Сексеуіл кентін газдандыру жұмыстары басталады. Жобаны келесі жылы аяқтау жоспарланған, – дейді Нұрлыбек Машбекұлы.

Жиында білгеніміздей, биыл Арал ауданының 65 шақырым жолын жөндеуге 2,5 млрд теңге қаржы қаралыпты. Бұған Жаңақұрылыс ауылына баратын және Қызылжар мен Шөмішкөл елді мекендері арасындағы автомобиль жолының құрылысы жүргізілмек. Қосымша Бөген-Ақлақ аралығы, Сазды, Қызылжар елді мекендеріне кіреберіс жол, Аманөткел ауылына баратын автомобиль жолы мен Сексеуіл кентіндегі теміржол өткелінен №231 мектепке дейінгі көшеге орташа жөндеу жұмыстары да бар. Сырдария өзені арқылы өтетін «Хан» учаскесіндегі қалқымалы көпір қайта жаңғыртылмақ. Арал қаласына кіреберіс автожол мен орталықтағы 5 көшені жарықтандыру жақында басталады. Бұл жұмыстар сәтімен жүзеге асса, аудандағы жақсы және қанағаттанарлық жолдар үлесі 70 процентті құрайды.

Сонымен қатар, биыл өңірде 6 мәдени нысан пайдалануға беріледі. Облыс басшысы айтқандай, осы жылы Аралдағы тарихи-өлкетану музейінің жоба-сметалық құжаттамасын әзірлеуге қаржы қарастырылуда. Балықшылар аллеясы да қайта жаңғыртылмақ. Ал спорт саласында тұрғындардың қолжетімділігін арттыру мақсатында биыл 7 дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілсе, оның 3-уі Жақсықылыш кенті, Қамыстыбас және Аманөткел елді мекенінде іске қосылмақ.

Кездесуден соң сұрақ-жауапқа кезек беріліп, жиынға қатысушылар өздері толғандарған жол, құрылыс және әлеуметтік нысандардың жағдайы жайлы сауалдарын қойды. Сонымен қатар, облыс басшысы жеке қабылдау өткізіп, өз өтініштерімен келген тұрғындармен де жүздесті.

Мұнан кейін ауданаралық ауруханаға барған облыс әкімі дәрігерлермен кездесіп, жаңа медициналық жабдықтардың жұмысын көрді. Жаңадан сатып алынған компьютерлік томографиямен, жылжымалы медициналық кешен жұмысымен танысты. Жалпы құны 162 млн теңге тұратын жылжымалы нысан «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы 5 жылға қаржы лизингі шартымен алынған. Мұнда хирургиялық, гинекологиялық, рентген, УЗИ, офтальмология, жалпы қабылдау бөлмелері және зертхана заманауи медициналық қондырғылармен қамтылған. Кешенді алудағы негізгі мақсат – алыс ауыл тұрғындарына медициналық қызмет көрсету. Ал компьютерлік томография аудандар арасында алғаш рет Аралда алыныпты. Бұған дейін, тұрғындар томография қызметін облыс орталығына барып тұтынса, биылдан бастап аудан орталығындағы жаңа құрылғының көмегіне жүгініп жүр.

Айта кетсек, 500-ден астам адамды жұмыспен қамтып отырған аурухана 4 жыл бұрын пайдалануға берілген. Ғимарат үш қабатты, 150 төсек-орны бар.

Одан әрі облыс әкімі Тоқабай ауылында орналасқан №248 орта мектепке барды. Ғимарат облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының тапсырысымен  салынып, 2015 жылы пайдалануға берілген. Бірақ белгілі болғандай, 140 орындық мектеп екі жыл бұрын «NTDK Group» ЖШС-ның техникалық қорытындысына сәйкес апатты жағдайда деп танылыпты. Сонымен қатар, 30 мамырдағы «Баспана Қызылорда» ЖШС-ның сараптамасында мектеп ғимаратын бұзып, қайта салу қажет деп көрсетілген. Апатты деп танылған білім ошағының жағдайымен танысқан аймақ басшысы тиісті шаралар қабылданғанын жеткізді.

– Біз қай кезде де білім саласына ұдайы мән беріп келеміз. Негізгі басымдық балалардың қауіпсіздігі мен сапалы білім алуына бағытталады. Биыл 4350 балаға арналған 9 мектеп табысталады. Осының 2-уі апатты жағдайдағы мектептер орнына беріледі. Оның бірі Жаңақорған кентінде, екіншісі – Арал қаласындағы №71 мектеп-интернат. Сондай-ақ білім саласына жанашыр азаматтардың бастамасымен аймақта жеке мектептердің желісі жанданды. Бүгінде олардың саны 16-ға жетті. Ал Тоқабай ауылындағы мектептің жағдайымен таныспын. Салынғанына небәрі 6 жыл болғанына қарамастан, қазіргі күйі балалардың білім алуына қауіп төндіріп тұр. Бұл мәселені жеке инвестор арқылы шештік, жаңа мектеп құрылысы басталып кетті, – деді облыс әкімі. 

Сапар барысында аймақ басшысы Жақсықылыш кентіндегі «Аралтұз» АҚ ІІІ испан цехында болып, өндірістің жаңа қарқынымен танысты, жұмысшылармен жүздесті. Жалпы Қазақстан ғана емес, сыртқы елдерге де танымал Арал тұзын өндіруші кәсіпорын жылына 600 мың тонна өнім шығаруға қауқарлы. Ал құны 3 млрд теңге болатын үшінші испан цехы ашылғалы екі жүз адам жұмысқа тұрған. Цех айына 15 мың, ал жылына 120 мың тонна ас тұзын шығара алады.

Қамыстыбас ауылдық округіне барған аймақ басшысы көл жағасында орналасқан «Қамбаш» олимпиадалар және қосымша білім беру орталығында болып, қызметкерлерімен кездесті. Орталықтың негізгі қызметі – ҰБТ-ға оқушыларды дайындау, жазғы демалыс лагері және білім саласындағы түрлі конференциялар мен семинар өткізу. Мұнда 30 қызметкер жұмыс істесе, әр ауысымда 130 балаға дейін қабылданады. Жатын бөлмелер, бассейн, 120 орындық асхана, фитнес және шынығу залы, ғаламтор бөлмесі, 60 орындық конференц-залы бар.

Орталықты аралаған облыс әкімі балаларды қабылдаудағы, танымдық бағыттағы жұмыстарды жандандыруды тапсырды.

Биыл Сыр өңірінде тың серпін алған игі істер жеткілікті. Әсіресе, ауыл еңсесін көтеріп, жұрт жағдайын жасауға мемлекет тарапынан тиімді қадам жасалуда. Оған мысал көп. Соның бірі – аймақ басшысының тапсырмасымен ауыл тұрғындарын бақша егуге жұмылдыру. Оның мақсаты біреу-ақ. Облыстағы азық-түлік қорын көбейту және сырттан алатын өнімдерге деген тәуелділікті азайту үшін ұйымдастырылып отыр. Облыс әкімінің тапсырмасынан соң әр аудан және қалаға қарасты ауылдарда арнайы жер дайындалып, қосымша 1454 гектарға түрлі дақылдар егіле бастады.

Сапар барысында облыс басшысы Жетес би ауылдық округіне қарасты Ескіұра елді мекеніндегі егіс алқабына барды. Мұнда он отбасы бірігіп, картоп, көкөніс, бақша дақылдары және жоңышқа егіпті.

Облыс әкімі қазіргі кезде егісті әртараптандырудың маңызды екенін және әр ауылдың өзіндік ерекшелігін ескере келе, өнімділікті көбейту қажеттігін баса айтты. Сондай-ақ, арналарға су жеткізу, насос қондырғыларын уақытылы алу мәселесін жеделдетуді тапсырды.

Аймақ тынысына дем беріп, ауыл шаруашылығы мен балық экспорттауда аралдықтар арқалар жүк ауыр екені белгілі. Теңізді өлкенің басты бренді – балық. Бұл айтпаса да түсінікті. Нұрлыбек Машбекұлы Қосжар ауылындағы «Қамыстыбас» балық өсіру питомнигіне барып, жұмысын көрді. Питомник директоры Сәкен Мырзағазиев жұмыс жоспарын айтты. Сондай-ақ, уылдырық шайқау процесімен таныстырды. Аймақ басшысы питомник жанында орналасқан тоғанға да барып, кермеше арқылы балық аулау және сырғалау рәсіміне қатысты.

Айта кетейік, аудан бойынша жылына 6500 тоннадан астам балық ауланады. Ауланған балық көлемін толықтыру үшін шабақ өсірумен айналысатын екі мекеме бар. Оның ішінде «Қамыстыбас» балық өсіру питомнигі 1966 жылдан бастап жұмыс істейді. Барлығы 100 адамды тұрақты жұмыспен қамтыған.

– Питомникке қарасты «Қосжар» бөлімшесінде 10 балық өсіру тоғаны бар, оның 3-уі – қыстық тоған. «Тастақ» бөлімшесінде 23 өсіру тоғанын пайдаланып отырмыз. Тоғандардың жалпы ауданы – 165 гектар. Қазіргі таңда 14 млнға жуық бір жаздық және 420 мың екі жаздық балық шабағы өсірілуде. Мұнда тұқы, ақ амур және дөңмаңдай деп аталатын түрлері бар. Өсірілген балықты теңіз бен Қамыстыбас көліне күз айларында жібереміз. Бір қуаныштысы, былтырғыдай су тапшылығына биыл кезікпедік. Тоғандарға су жіберуде әзірге қиындық жоқ, – дейді бас балық өсіруші Шынболат Күлмашов.

Аймақ басшысы Аманөткел ауылында да болды. Елді мекенде «Ауыл – ел бесігі» жобасымен дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысы жүруде. Бір мезгілде 40 адамға дейін спортпен шұғылдана алатын ғимарат осы жылы пайдалануға берілуі тиіс.

Мұнан соң ауыл маңындағы «CAMEL PRO» шаруа қожалығына барған облыс басшысы жаңбырлатып суару әдісімен егілген жоңышқа алқабымен танысты. Қожалық төрағасы Қайрат Қуаңбай жаңа технологиямен егіс егуге Түркия елінен 3 тонна жоңышқа тұқымын және жаңбырлатып суаратын құрылғылар сатып алған. Қазір 80 гектар жерге жаңа жоңышқа тұқымы себілуде.

Аймақ басшысы теңізге құяр сағадағы «Ақлақ» су тоспасына да барды. «Қазсушар» РМК облыстық филиалы иелігіндегі нысан 2011 жылы пайдалануға берілген еді. Тоспа іске қосылғалы бұған дейінгі орналасқан көлдер мен шабындықтарға су түсуде .

Айта кету керек, «Ақлақ» тоспасының алдына қыс-көктем мезгілінде сең жүруге қарсы салынған 9 мұзжарғыштың 5-і жарамсыз. Бір жыл бұрын «Қазсушар» РМК облыстық филиалы мен облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері бірлесіп суасты визуалды тексеру жұмыстарын жүргізіпті. Нәтижесінде мұзжарғыштардың ойылып, су шайғаны анықталған.

Облыс әкімі тоспа басында Қаратерең ауылының тұрғындарымен кездесіп, көтерген мәселелерін тыңдады. Бүгін аймақ басшысының сапары Қазалы ауданында  жалғасуда.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<