«Алғыр» алған аламан

584

0

Қызылордада ат бәйгесінен ҚР чемпионатының оңтүстік аймақтық ІІ іріктеу турнирі өтті

Өткен сенбі күні Алаштың анасы – Сыр елінің жүрегінде желмен жарысқан жүйріктердің бәсекесі болды. Нақтырақ айтсақ, ҚР чемпионатының оңтүстік аймақтық ІІ іріктеу турнирі Қызылордада ерекше сән-салтанатпен ұйымдастырылды. Ат жарыстың салтанатты ашылуына облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов, ҚР «Бәйге» федерациясының президенті Қанат Көпбаев қатысты.

Өткенге ой жүгіртпей, бүгінді бағамдай алмайсыз. Ордалы елімізді отарлаушылар қазақ пен жылқының рухани-тұрмыстық және жауынгерлік байланысын жақсы білген. Мысалы, Сібір шебінің әскери бастығы генерал-майор Веймарн Сыртқы істер коллегиясына жолдаған құпия баяндамасында: «Қазақты тыныштандырып жуасыту үшін қуат қоры – жылқысынан айыру керек» десе, ХХ ғасырдың басында Зайсан өңірінде қызметте болған казак атаманы Рябушкин: «Қазақ атқа мінсе ерленіп кетеді, ешкімге бағынбайды. Бұларды бағынышты ұстау үшін жылқыдан айыру керек», – депті.

Осылай қазақтың жылқы түлігіне зауал төнген заман да өтті. Бірақ жылқы мен қазақтың рухани-тұрмыстық байланысы үзілген жоқ. Бағзыдан келетін дара дәстүр, сара сайыс жаңғыра түсуде. Міне осы ізгі үрдісті үнемі насихаттап келетін Сыр елінде жаңа тұрпатты ат жарысының бастау алуы заңдылық іспетті.

Облыс әкімі де жүйрік жаратып, ат баптау ұлтымыздың рухани болмысына, әдет-ғұрып мәдениеті мен өнердің тұтас бір бөлігіне айналғанын атап өтті.

– Кейінгі жылдары аймақта ұлттық спорт түрлері бұқаралық сипат алып келеді. Бүгінде облыста 16 мыңнан астам адам ұлттық спортпен шұғылданады. Спортшыларымыз өткен жылы Қазақстан Республикасы чемпионаты мен кубоктарында, Әлем және Азия чемпионаты мен кубоктарында жеңіп алған медаль санымен кейінгі бес жылдықтағы рекордты жаңартты. Бүгінгі республикалық бәйге жарысы да Сыр өңірінің мерейін асырып, ұлттық спорттың өркендеуіне жаңа серпін береді деп сенемін. Төзім мен жігер, қайрат пен мінез сынға түскен бәйгеде тұлпарлардың тұяғы талмасын. Шабандоздарға жеңіс тілеймін, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, салтанатты шарада сөз сөйлеген ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов ұлттық спорттың өркендеп, дамуы Мемлекет басшысының тікелей бақылауында екенін тілге тиек етті.

– Қазір ұлттық спортты дамыту – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты. Оған Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ерекше көңіл бөліп отыр. Осы орайда біз ұлттық спортты кәсіби және бұқаралық бағытта дамытуды қолға алдық. Ел аумағында ұлттық спорт түрлерін жаңғырту үшін көптеген жарыстар ұйымдастырудамыз. Оның ішінде, ат спортының орны бөлек. Осы жылдан бастап көкпар ойындарын футбол тәрізді лига форматында өткіземіз, яғни, «Жоғары лига», «Бірінші лига» және «Екінші лига» форматы енгізілді. Келесі жылы V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны Қазақстанда өтеді. Бұл – біз үшін мерейлі мәртебе әрі зор жауапкершілік. Бүгінгі жарыс – алдағы Көшпенділер ойынына дайындық іспетті, – деді И.Төлеубайұлы.

Сонымен қатар, ҚР «Бәйге» федерациясының президенті Қанат Көпбаев жарысқа қатысушыларға абырой тілеп, бәйгенің маңызын баян етті.

– Ат спорты, соның ішінде бәйге – халқымыздың ежелден келе жатқан ең қадірлі дәстүрі. Жалпы, ат баптап, аламанға қосу салты – қанымызда бар. Ата-бабамыздан мұра болып қалған мәдениеттің, спорттың, кәсіптің түрі және асыл қазынамыз. Ал оны қолдап дамыту және насихаттау бізге парыз. Ендеше бүгінгі жарыста бақ пен бап сынаған азаматтарға сәттілік тілеймін, – деді Қ.Шоқанұлы.

Жарысқа Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Абай, Жетісу, Түркістан, Ұлытау облыстарынан 150-ден астам сәйгүлік қатысты. Бәйге басталар алдында ел ағасы Қабылбек ақсақал дәстүрге сай ақ батасын берді.

Осы бір думанды шақта сазгер Шынберген Сүлейменовтің:

– Құлағын тұр қайшылап қазанаттарың.

Бақ пен бабы сай келсе озады аттарың.

Ал бұйыртып бәйгенің алдынан келсе,

Көкке лақтыр бөркіңді азаматтарым, – деп келетін «Бәйге» атты әні ерекше шырқалды. Дегендей, ең алғашқы 8 шақырымдық құнан бәйгенің жүлдегері мен жеңімпаздары бөркін көкке алғаш болып лақтырды. Қаршадай баланың алып тұлпардың үстінде именбей жүйіткуі талайды сүйсіндірді. Шаң мен желдің, жан-жақтан қысқан аттар мен айқай-шуға толы сәт шабандоздардың сыналар шағы. Бәйге барысында сыннан сүрінбей өтіп, мәреге жеткендердің қуанышында шек болмады. Жүлделі 5-орын Асыланбек Абдықалыққа (Жамбыл,) 4-орын Сұлтан Ақмолдаға (Жамбыл), 3-орын Думан Ердәулетовке (Алматы), 2-орын Бағжан Айдаралыға (Жамбыл), 1-орын Абзал Тұрғанбекке (Алматы) бұйырды.

Ал 14 шақырымға ұласқан топ бәйгеде топжарғандар да осал болмады. Мұнда 5-орынды Қуаныш Ердаулет (Қызылорда), 4-орынды Қуат Әділқас (Алматы), 3-орынды Арнұр Саматұлы (Алматы), 2-орынды Думан Ердаулетов (Алматы), 1-орынды Арнат Мұратхан (Алматы) иеленді.

Әр айналым сайын тұлпарлардың аяқалысы көрініп тұрды. Шабысына шабыс қосып, алға шыққандары, көш басына шығып шаң қапқандар да жетерлік. Бәйге тартысқа толы аламан алаңы. Тек бабы мен бағы қатар шапқандар ғана үздік атана алады. Көрермендердің көптен күткен 21 шақырымдық аламан бәйгесінен тек бәсі биік тұлпарлар ғана өзгелерден оқ бойы озық шықты. 5-орынды Болат Нұрәлі (Алматы), 4-орынды Бекзат Ділдәхан (Алматы), 3-орынды Нұрмұқаш Дильнур (Алматы), 2-орын Абзал Тұрғанбек (Алматы), 1-орынды Нұрбол Тоқтағанның «Алғыр» атты арғымағы (Астана) иеленді.

Бәйгенің жалпы жүлде қоры – 35,6 млн теңге. Аламан бәйгенің жеңімпазына «Astana Motors» компаниясының демеушілігімен автокөлік берілді. Бәйге өте жоғары деңгейде өтіп, халықтың көңілін көтерді. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атанған шабандоз Нұрбол Тоқтағанға бас серіктес – Хюндай компаниясы өкілі темір тұлпардың кілтін ұстатты. Сонымен бірге, барша жеңімпаздар мен жүлделі орын иегерлеріне серіктестер атынан қаржылай сертификаттар мен дипломдар табысталды.

– Делебеңді қоздырған доданың ортасында болғанда қазақ болып туғаныңа қуанасың, кеудеңді ерекше шаттық билейді. Арғымақтар мәреге жақындаған сайын құйқа етің шымырлайды. Ыстық жас та ытқып кетеді. Осындай қиқулаған халықты көріп біздің ұлттық спортымыздың болашағы жарқын екендігіне еш күмәніміз жоқ. Ұйымдастырушыларға алғыс айтамыз, – дейді ақын Ержеңіс Әбді.

Бәйге барысында көрермендер арасында бағалы сыйлықтар ұтысы ойналды. Осы уақытта Ипподром ауласында жұртшылық жиналып, гір спорты, қол күресі, арқан тарту жарыстары ұйымдастырылып, жеңімпаздары мен жүлдегерлері ақшалай сыйақы иеленді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі күйші Асылбек Еңсепов өнер көрсетіп, көптің ықыласына бөленді. Сонымен бірге облыстық филармония әншілері де осы іс-шараның көркін келтірді.

Бұл бәйге қазақтың жеті қазынасын бір түгелдеп бергендай болды. Соның ішінде сұлу жар мен текті тұлпардың орны ерек. Қазақ тарихында да ел қорғаған атақты батырлармен бірге олардың ерекше қасиетке ие тұлпарлары қатар айтылады. Әсіресе, осындай сәйгүліктердің есімдері эпостарда, тарихи жырларда, ел аузында және жер атауларында жиі кездеседі. Мұндай аттарды қадірлеп жерлеген. Айталық, Қобыландының Тайбурылы, Алпамыстың Байшұбары, Қамбардың Қарақасқасы, Қабанбайдың Қубасы, Бөгенбайдың Қызыл аты, Ақанның Құлагері, Тілеулі батырдың Кез құлағы, Бармақ батырдың Сандалкөгі, Исатайдың Ақтабаны, Амангелді батырдың Шалқасқасы, Кейкі мергеннің Кераты, Қарабектің Қарасы, Қамыстың Шұбары, Ерқосайдың Торысы, Сегіз серінің Бозжорғасы деп жалғаса береді. Қысқасы, бар өнерін, әдет-ғұрпын, тұрмыс-салтын ат үстінде жүріп жасаған қазақтың атсейістік қабілеті дәуірлерден дәуірлерге жаңару үрдісімен жалғаса түсері сөзсіз.

Айдар САЙЛАУОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<