«AMANAT» алдындағы міндет ауқымды

436

0

Мемлекеттік саясатты жүзеге асыруда қоғамның алға қойған талабына сай бұқарамен байланыса отырып, елдегі әлеуметтік ахуалды жақсартуға, шетін қалған мәселелердің шешімін табуына «AMANAT» партиясы белсенділік танытып келеді. Әсіресе, ауылдық жердегі тұрғындардың тұрмыс-тіршілігіне серпін беруге  бағытталған «ауыл аманаты» жобасынан айтарлықтай нәтиже күтуге болады.

Партияның сайлауалды бағдарламасы барысында арнайы «Жол картасы» әзірленіп, стратегиялық жоспарларды жүзеге асыруда маңызды деп танылған басты бағыттар қамтылған болатын. Оның ішінде халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға қажетті іс-шаралар қабылданды. Бұл жөнінде БАҚ өкілдеріне облыстық мәслихат төрағасы, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы, Наурызбай Байқадамов баяндады.

Партияның алдында тұрған бірінші кезектегі міндет – халық алдында берген уәдені орындау, яғни, «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға жоспарланған «Халықпен бірге!» атты сайлауалды бағдарламасын сапалы іске асыру. Бұл мақсатта барлық өңірлерде бағдарламаны жүзеге асырудың арнайы «Жол картасы» әзірленіп, қажетті қаржы да қаралды. Нақтырақ айтсақ, өткен жылы жүзеге асырылуы тиіс 115 іс-шараның 109-ы (95 пайызы) орындалған, 5-уі орындалу сатысында. Ал 1 жұмыс орындалмады, ол – «Байқоңыр қаласындағы сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін қайта жаңғырту» жобасы. Орындалмауының себебі, мемлекеттік сатып алу конкурсы қорытындысына шағым келтіріліп, сот процесі ұзаққа созылып, бөлінген қаржы игерілмеді. Алайда біз бұл жұмысты алдағы жылы қайта қолға алып, іске асыруға күш саламыз,–деді Н.Байқадамов.

Спикердің айтуынша, атқарушы биліктің партия алдындағы, яғни, қоғамдағы жауапкершілігін көтеру бағытында Партиялық бақылау комиссиялары жаңа бағытта жұмыс жүргізуде. Оның дәлелі, былтыр аймақтық және аумақтық филиалдар бойынша аталған комиссиялардың 86 отырысы өткізілген. Партиялық бақылау бекеттері орнатылған 50 нысанға мониторинг жүргізілген.

Комиссиялардан бөлек, барлық деңгейдегі мәслихат фракциялары тұрғындарды толғандырған мәселелерді шешуде тиімді жұмыс атқарып келеді.

«Құқықтық көмек» жобасы бойынша халықпен кездесулерде көтерілген  мәселелерге орай көмекке жүгінген тұрғындарға заңға сәйкес кеңес беріліп, олардың құқығын қорғау бағытында жұмыс жүргізілген.

Мақсатына сай пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет иелігіне қайтару, агротехникалық талаптарға сай өңдеп, қайта айналымға қосу жөнінде жұмыстар жүргізіліп жатқаны белгілі. Осы орайда «Жер аманаты» жобасы бойынша өткен жылы 225,3 мың гектар жер мемлекетке қайтарылса, биыл 70 мың гектар жерді қайтару межесі қойылған.

Бұл жұмыстардың нәтижесінде ауыл тұрғындары үшін көп жылдардан бері күрделі болып отырған жайылымдық, шабындық мәселелері шешімін табады.

Сонымен бірге партияның «ауыл аманаты» жобасы аясында өткен жылы өтініш білдірген бірталай жоба қаржыландырылды. Жобаны жүзеге асыруға ниет білдірген 33 кооператив және 373 жеке кәсіпкерге несие берілді. Айта кетейік, бұл жолы несие алған кәсіп иесінің жауапкершілігін арттыруға басымдық берілді. Мәселен, кейінгі жылдары мал өсіру бағытында мемлекеттен грант, несие алып жатқандар қатары көп, алайда малдың өсімі байқалмайды.

Партияның ақпараттық-идеологиялық жұмысын қарқынды ұйымдастыру бойынша «Ардагерлерді ардақтайық!»,  «Бақытты отбасы»,  «Кедергісіз келешек», «Ұлттық мұра» сынды жобалар аясында жоспарға сай жұмыстар атқарылуда. «Кітап – AMANAT» орталығы ашылып, облыстық Әйелдер қанаты құрылған.

Жуырда партияның «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша қаржылық сауаттылық курстары Қызылорда қаласы мен 4 ауданда  басталды. Жоба барысында банктер мен микроқаржылық ұйымдар алдында қарызы еселеп өсіп, төлеу мүмкіндігі қиындаған тұрғындарға мәселені шешу бағытында кеңес беріледі.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<