Ақмырза Төсұлы – ағартушы ұстаз, қол бастаған сардар, діни қайраткер

683

0

Сыр бойының біртуар тарихи тұлғаларының қатарында аталуға тиіс ағартушы-ұстаз, Қызылқұм өңіріндегі ұлт-азаттық қозғалысының көшбасшысы болған Ақмырза ахун халыққа неге таныс емес, оның аты неліктен аталмай келеді? Осындай тарихи тұлғаның көп жағдайда ескерусіз қалуы мені бей-жай қалдырмады. Өйткені Ақмырза Төсұлы – Қазақ ұлттық мемлекетінің тәуелсіздігін аңсаған, дінін қорғауға қол жинап көтеріліске шыққан, азаттық жолына өзін құрбан еткен бірден-бір тарихи тұлға. Ол атадан балаға жалғасып келе жатқан азаттықтың ұлы жолында тәуелсіздіктің ізімен жүріп өткен, елжанды, ұлтшыл жан еді. Осыған байланысты Ақмырза ахун туралы деректерді жинау мақсатында Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінде болып, ол кісіге арналған экспозициямен танысып, тың мәліметтер алдым. Ақмырза ахунның бүкіл ата-бабасының өмір жолы азаттық үшін күреспен өткендігі, өз уақытында отаршылдыққа қарсы тұрған білімді, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың бірі екені дәлелденді.
1910 жылы қолына ислам ғұламаларына берілетін ең жоғарғы лауазым «ахун» шатырхатын алған Ақмырза Төсұлыныңесімін тарихтың ақтаңдақ беттерінен аршып алып, Алаш жолындағы ерен еңбегін халыққа насихаттауды мақсат еттім. Сыр бойында ұйымдастырылған көтерілістердің бірі әрі бірегейі – Ақмырза ахун көтерілісі екенін түсіндіру, өлкетану жұмыстарының бір тармағына енгізу де негізгі міндеттердің қатарында.
Ақмырза Төсұлы 1881 жылы Қуаңдария бойындағы Қарақ маңында (қазіргі Т.Көмекбаев ауылы) дүниеге келген. Ақмырзаның әкесі Төс қарапайым шаруа адамы болса керек. Бала Ақмырзаға лақ-қозы бақтырып қойыпты. Ауыл балаларының молдаға оқып жатқанын көріп білімге құштарлығы күн сайын арта түскен бала бір күні лақ-қозыны тастап, молдаға келіп, «мен де оқиын» дейді. Білімге құштарлығына риза болған молда оған күн сайын тапсырма-сабақ беріп тұрыпты. Ақмырза тапсырманы аса ыждағаттылықпен орындап, зеректігімен көзге түседі. Лақ-қозыны қараусыз қалдырғаны үшін ол әкесінен таяқ та жеген. Кішкене бала Ақмырзаның мешітке өзі келіп-кетіп жүргенін байқаған туысы Құтыш деген кісі Төсті шақырып алып, «Мына баланы оқыту керек, мал соңына салып қор қылма, түбінде осы баладан бірдеңе шығады», – дейді. Сол Құтыш мал соңында жүріп, жара басып кеткен баланың басын әйеліне тазарттырып, оны өз қолына алып оқытады. Бала оқуға зерек, алғыр және ынталылығымен көзге тез түседі. Кейін қайраткерлікке дейін көтерілген тұлғаның бала кезінен зерек болғандығын көруге болады.
Кешегі кеңестік отаршылдық бұғауынан құтылған 25 жыл уақыт ішінде жоғалтқанымызды іздеп, тарихымызға түскен ақтаңдақтарды жою жолында біраз жұмыстар атқарылды. Бұл орайда Елбасымыз Н.Назарбаевтың бастамасымен 2004 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында көптеген игі істер атқарылды. Елге еңбегі сіңген тарихи тұлғаларымыздың ұмыт болған есімдері қайта аталып, өшкеніміз қайта жанды. Осындай тарихи тұлғалардың бірі Сыр бойының тума перзенттерінің бірі – Ақмырза ахун Төсұлы.

Бегалиева Ақнұр Алмасқызы,
М.Дүйсенов атындағы
 №15 мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<