Ақпарат анық, дерек дәлелді болуы тиіс

472

0

Дін істері басқармасы сала бойынша ақпараттық түсіндірме жүргізу бағытындағы арнайы әлеуметтік жобасы аясында 28 қараша-1 желтоқсан күндері облыстағы ақпараттық-насихаттық топ мүшелері мен өңірлік БАҚ өкілдері арасында РААТ мүшесі, Л.Гумилов атындағы Еуразия ұлттық университеті дінтану кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты Кеңшілік Тышханмен кездесу ұйымдастырды.

«Сыр медиа» академиясында өткен кездесуде дін саласындағы жүйелі түрде атқарылып жатқан істермен бірге, алдағы уақытта қолға алынуы тиіс қажетті жұмыстардың жайы талқыланды.

– Қазір тек журналистер емес, кез келген адам ақпарат таратады. Әлеуметтік желі бетіндегі пікір қайшылықтары осындай себептерден туындайды. Кейде ақпарат таратушылар қаралым (рейтинг) көбейту үшін дау туғызатын тақырыптарды қояды. Осындай жағдайда көпшілік мәселенің түп-төркініне бойламай, саланың жұмысына сын айтып жатады. Бұл жерде шынайы ақпарат тарату мен қаралым көбейтудің біраз айырмашылығы бар. Сондықтан желі бетіндегі кейбір жазбалар кәсіби журналистің дайындаған ақпаратындай болмайды, – дейді ол.

Кездесу барысында аймақ журналистері, АНТ топ мүшелері дін саласындағы көпті толғандыратын күрделі сұрақтар жөнінде ой-пікірлерін ортаға салып, спикерге әлеуметтік желідегі пікір қайшылықтары, жасөспірімдердің дінге бетбұрысындағы туындайтын мәселелер, сондай-ақ, еліміз бойынша қазіргі діни ахуалдың деңгейіне қатысты сауалдар қойып, жан-жақты жауап берілді. Бұдан бөлек, діни тақырыптарды ақпараттандыру барысында сала мамандары мен журналистер тарапынан әрбір мәселенің байыбына барып, нақты деректермен дәлелденген, сауатты, сапалы материал дайындаудың маңыздылығы айтылды.

Осы орайда облыстағы діни ахуалдың тұрақты екенін айта кетейік. Бұл бағытта дін істері басқармасы діни экстремизм және терроризм профилактикасы бойынша жалпы профилактика, оңалту жұмыстары, интернеттегі қарсы насихаттық шаралар секілді үш бағытта жұмыс жасайды.

Жыл басынан бері түрлі форматтағы 1 751 іс-шара өткізіліп, 23 мыңға жуық адам қамтылған. Қала және аудан әкімдіктері ақпараттық-түсіндіру тобының қатысуымен 200-ден астам  іс-шара ұйымдастырылған. Сондай-ақ, интернет кеңістігінде қала және аудан әкімдіктерінің әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларынан бөлек, дін мәселелерін зерттеу орталығының парақшалары жұмыс жасайды. Жастарды рухани-танымдық бағытта ақпараттандыру мақсатында дін мәселелерін зерттеу орталығынан биыл «Onai» подкаст жобасы, қазан айында «Shyraq» каналында «БАҒА LIKE» бағдарламасы және «Кезекті сұхбат» рубрикасы іске қосылды. Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг нәтижесімен күмәнді деп танылған сілтемелер дінтану сараптамасына жолданып, нақты қорытынды берілді. Әлеуметтік желілерде 1000-ға жуық материал жарияланды.

Дін мәселелерін зерттеу орталығы жанынан құрылған ғылыми сарапшылық кеңестің жыл басынан бері 2 кездесуі өткізілді. Сонымен қатар, діни бірлестіктер клубында кездесулер, спорттық ойындар ұйымдастырылды.

Айта кетейік, қазіргі уақытта облыста 7 конфессия өкілдері, олардың қатарында 182 мешіт, 15 шіркеу бар.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<