Қауіпсіздік ережелері түсіндірілді

336

0

Бүгінде Сырдария өзеніне жоғарыдан секундына 448 текше метр су келіп түсуде. «Керкелмес» су бекетінен 5 шақырым жоғары тұста өзенде сең жүргені байқалады. Кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде су тасқынының алдын алу және дайындық шаралары туралы кеңінен айтылды. Сонымен қатар, алдағы күндері өтетін «Крещение» мерекесіне орай су айдындарындағы қауіпсіздік ережелеріне ерекше назар аударылды.

– Облыс аумағынан өтетін Сырдария өзенінің ұзындығы 1 274 шақырым, ал өзен бойындағы қорғаныс бөгеттерінің жалпы ұзындығы 625,12 шақырымға жетеді. Су тасқыны қаупі бар 29 елді мекенде 70 мыңнан астам тұрғын, 14 мыңға жуық тұрғын үй орналасқан. Осы уақытта ықтимал су тасқыны кезеңінде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін дайындық жұмыстары белсенді жүргізілуде. Атап айтқанда, 53 эвакуациялық жинақтау және 36 қабылдау пункті дайындалды. Қысқы кезеңде 22 орналастыру пункті және 13 учаскеде жылыту пункті жұмыс істеп тұр. Авариялық-құтқару жүмыстарына азаматтық қорғау қызметтерінің күштері мен құралдары да әзір, – деді облыстық ТЖД ТЖ алдын алу басқармасының бастығы Бейбітхан Спанов.

– Бүгінде су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін түсіндіру, балық аулау кезінде және алдағы «Крещение» мерекесінде жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін «Мұз» акциясы ұйымдастырылуда. Науқанда 4 000-нан астам тұрғын, оның ішінде 200-ден астам балықшыға қауіпсіздік ережелері түсіндірілді. Сонымен қатар, облыстық төтенше жағдайлар департаменті су айдындарында қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін күнделікті сағат 14:00-ден 19:00-ге дейін рейдтік-профилактикалық шаралар өткізуде.

Бұл шараларға «МИ-8» және «Еврокоптер» тікұшағы, дрондар, «Марш» және «Трэкол» жоғары өтімді техникалары жұмылдырылған.

Сондай-ақ «Крещение» мерекесі кезінде белгіленбеген және жабдықталмаған жерде шомылуға, құтқару қызметі мен медицина қызметкерлерінің бақылауынсыз суға түсуге тыйым салынған. Мұз үстінен тікелей суға сүңгуге және алкогольдік ішімдік ішіп, мас күйде шомылуға болмайды, – деді облыстық ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының міндетін атқарушы Ғафур Ақмырзаев.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<