Облыс орталығында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі жалғасуда. Өткен сенбі күнбі Жаңақорған және Сырдария ауданының шаруалары ала жаздай баптаған өнімін қала тұрғындарына ұсынды. Баға әдеттегі нарықтан төмен әрі өнім түрлері сапалы. Жәрмеңкенің басты ерекшелігі де осы.
Бұл жолы Сырдария ауданының тауар өндірушілері 46 көлікке тиелген азық-түлік әкелді. Жанқожа батыр көшесінде ұйымдастырылған жәрмеңкеде нағилықтардың ақ маржаны, Шаған ауылындағы «Қожабек бағының» алмасы, Қалжан ахун ауылының асқабағы мен Бесарықтың көкөнісіне сұраныс жоғары болды. Таңсәріден басталған сауданың көркі сағат санап қызды. Аудан әкімі Мұрат Ергешбаевтың айтуынша, сырдариялықтар биыл 32652 гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастырған. Ал, бүгінгі жәрмеңкеде 18 тонна ақталған күріш, 6 тоннадан астам картоп пен пияз, 5 тонна сәбіз, 19 тонна қауын-қарбыз, 4 тонна бақша дақылдарын, 600 келі ет пен 500 келіден астам балық өнімдерін ұсынды. Олар нарықтан 10-15% төмен бағада сатылуда. Осы жылы ауданға қарасты шаруашылықтар 13 мыңға жуық алқапқа Сыр салысын орналастырса, оның 66 проценті егінді төкпей-шашпай жинаған, 53%-ін бастырып үлгерген. Егін жинау науқанына 963 техника жұмылдырылған.
Жаңақорған ауданының жәрмеңкесіне де ағылған жұртшылықтың қарасы қалың. Тасбөгет кентінде ұйымдастырылған шарада шаруалар еш делдалсыз әкелген өнімін санаулы сағатта өткізді. 60 көлікке тиелген азық-түліктің ішінде ет, сүт өнімдері, көкөніс, бақша дақылдары, жеміс-жидек бар. Әсіресе, тұрғындар Жаңақорғанның брендіне айналған, тау суымен суарылған Жайылманың қарбызын жапатармағай алып жатты. Облыс әкімдігінің «Алқаптан сөреге дейін» пилоттық жобасы бойынша Жаңақорған ауданы осымен төртінші рет облыс орталығында жәрмеңке өткізіп отырғанын да айту керек.
– Биыл егіннің өнімділігі жақсы. Жәрмеңкеге 14 ауылдық округтен 180 тонна өнім әкелінді. Қазір күріштің 70 процентін жинап болдық. 1 қазанға дейін толық орып бітіреміз деген жоспар бар. Күз – жазира даланың дархан дастарханы. Мәуелі мезгілдің мерекесі тарқамасын, – деді аудан әкімі Руслан Рүстемов.
Жәрмеңкеде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бекіткен бағаға сәйкес, жылқы еті 2000 теңгеден, сиыр еті 1750 теңгеден, қой еті 1900 теңгеден, тауық еті 850 теңгеден сатылды. Сонымен қатар бірер ай бұрын бағасы шарықтаған жұмыртқа 25 теңгеден, жуа 85, картоп 150 теңгеден ұсынылды. Бұл ретте зейнеткер Әлима Жансейіт ауылдың иісі аңқыған өнімдерін сағынғанын, бүгін ұзақ уақыттан бері жәрмеңкеге шығып, көңілі көтерілгенін айтты. Бастысы, ол бағаның сапаға сай екеніне риза.
Бұған дейін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі – тұрғындар асыға күтетін үлкен мереке. Сондықтан бағаны негізсіз көтеру жағдайлары орын алмауы керек» деген болатын. Шынында, ауылдағы ағайын бейнетпен өсірген өнімін арзанға алатын алыпсатарлар былай шыға оны қымбатқа саудалайды. Осылайша ортада жүріп пайда табады. Бұған шектеу қоюдың жалғыз жолы – осындай ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін ұйымдастыру. Бұл мәселенің ескерусіз еместігі тұтынушы үшін қолайлы, әрине.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<