Қасиетті мерекенің шапағаты

658

0

Қасиетті мерекенің шапағаты Қазалы ауданындағы Ү.Түктібаев ауылында елдің басын біріктіріп, рухани тұрғыда байытқан шара ұйымдастырылды. Бұған дейін де игі бастамалардың басы-қасында жүретін қожа Орынбет ишан мешітінің имамы Ғабдулла қажы Ниятуллаұлы осы жолғы басқосуды қасиетті Мәуліт мерекесіне орай өткізді.

«Мәуліт – мереке, өсиет-өнеге» атты аудандық жыршы-термешілер фестиваліне Қазалы ауданының өнерпаздарымен қатар, көршілес Қармақшы ауданынан да жыршы-термешілер қатысты.

Халықты имандылыққа шақы­ратын шарада аудан әкімі Мұрат Ергешбаев сөз сөйледі.

– Жыршы-термешілер – қазақ ауыз әдебиетінің озық үлгілерін халық арасында белсене насихаттап жүрген өнерпаздар. Осындай өнегелі жандардың өнерін өскелең ұрпаққа дәріптеп, насихаттау – біздің парызымыз. Бұл – асылды ардақтаудың, жыршы-термешілерді бағалаудың үлгісі, ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі. Сондықтан бүгінгі шарада өнер көрсеткен өзіндік мақамы бар жыршы-термешілерге алғыс айтамыз, – деді ол.

Аудан әкімі қармақшылық Руслан Өтегеновке арнайы сыйлық  тапсырды. Фестивальда аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекпанов жұртшылықты құттықтап, шараның мән-маңызына тоқталды.

Фестивальда Жәнібек Құтма­ханов, Гүлбану Досанова, Жанболат Өмірзақ, Едіге Айдаров, Базар­бай Нұрым, Сәкен Боранқұлов, Ақан Ербозов, Олжабай Балма­ғамбетов, Руслан Өтегенов өнер көрсетті. Олар Қарасақал Ерім­бет­тің, Тұрмағамбеттің, Бай­назар Өтеповтің, Жеткербай Ма­хамбетовтің, Досқал Сәрсен­бай­ұлының, Төлеу Қосановтың иманды­лыққа, бірлікке, елдікке шақыратын жыр-термелерін орындады.

– Бұл айда пайғамбарымызға сансыз салауат айтылады. Жақында Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының бас мүфтиі «Рухани жеті қазық» атты бағдарламасын бекітіп берді. Тұғырнама мұсыл­ман­ның тұлабойында табылуы тиіс негізгі жеті көркем сипатты қамтиды. Атап айтқанда, имандылық, отаншыл болу, білім алу, бірлікке болысу, еңбекқорлық, мәдениетті болу және әділдік принципін ұстану. Бұл – адам баласының кісілік келбетін, көркем мінезін қалыптастыруға негіз болатын жеті рухани қазық. Бүгінгі шарада жыршылар алдымен діни тақырыптағы, екінші өсиет-өнегеге толы нақыл термелерді айтты. Осылайша ғибратты, мағыналы басқосу болды, – деді Ғабдулла Ниятуллаұлы. 

Асылында жыр-терменің тың­дарманы жыршыны қолдап отырса,  екінші тынысы ашылады емес пе? Ауыл клубына жиналған қауым ескіден қалған есті сөздің қадірін білетіндіктен, әр өнерпазға қошемет көрсетті. Тереңнен маржан сүзген термешілердің өнеріне қол шапалақтап, ықылас білдірді.   

Фестиваль соңында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әліби Әбиев, аудандық «Жан­қожа батыр» мешітінің найб имамы Бақтияр Саламатов қатысу­шы­лардың барлығына да диплом мен ақшалай сыйлық табыс етті. Айта кетейік,  қасиетті айдағы игі­лікті істің демеушісі, бұған дейін де өткізілген шараларға қолдау көр­сетіп келе жатқан Қызылорда қаласының тұрғыны Жетес Нағымадинұлы.

Аудан орталығынан шалғайлау орналасқан батыр атындағы ауылда сол күні «Катюша» сауда орталығы ашылды. Кәсіпкер Рая Жасақбай көп жылдан бері ауыл тұрғындарын күнделікті тұтынатын тауарлармен қамтамасыз етіп келеді. Жаңа сауда орталығы ірі қалалардағы заманауи супермаркеттердің үлгісімен салынған.

«СБ» ақпарат.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<