Атақоныс ажарланып келеді

330

0

Жыл соңына таяу облыстағы ең үздік ауылдар анықталды. «Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз» деген еді бір ғасыр бұрын Бейімбет Майлин. Расымен, шаруасынан шашау шықпай, жаңа заман көшіне ілескен ауыл құтты мекен ғана емес, бүтін бір елдің асыраушысы. Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақовтың қатысуымен өткен «Үлгілі ауыл» байқауында топ жарған елді мекендерде ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс атқарылған. Айта кетейік, тіректі елді мекендер бойынша І орынды Қармақшы ауданындағы ІІІ Интернационал ауылы иеленді. Ал, елді мекендер бойынша Жалағаш ауданындағы Таң көш бастап тұр.

Ауыл дегенде, бірінші еске түсетін мәселе ауызсу мен жол сапасы болса, Таңда мұның екеуі де шешімін тауып келеді. Шағын елді мекенде осыдан 2-3 жыл бұрын ауызсу жағдайы алаңдататын, бүгінде Жаңақоныс елді мекеніндегі су жүйесіне жаңғырту жұ­мыстары жүргізіліп, мәселенің түйіні тарқады. Соңғы жылдары мың екі жүзден аса адам тұратын ауылда жұмыс орындарының саны көбейген. Ауыл шаруашылығы саласы, оның ішінде күріш өсіруге бейімделген ауылда, «Таң ЛТД» ЖШС 3,5 гектар жерге алма бақ екті. Ел мерейін асырған бірқатар спорт саңлақтары бір кездері ауылдың қарадомалақ баласы болғаны белгілі. Бірақ, ол кез тұрмақ, қазіргі уақытта да ауылдарда спорт кешені бола бермейді. Таң ауылында бұл жай да ескерілген. Мұнда «Таң ЛТД» мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 100 орындық спорт кешені ашылып, балалар қалауына қарай таэквандо, дзюдо секцияларына қатыса алады. Сондай-ақ, ауылда «Агролидер Таң» ЖШС ет өнімдерін қайта өңдеу цехын ашқан. Цех тәулігіне 800 кг, жылына 120 мың тонна ет өнімін өңдейді. Соңғы уақытта кәсіпкерлер қатары да артып, өткен жылы да, биыл да 29 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Ауыл әкімі Әліби Қодарұлы Таңдағы көркейту-көгалдандыру жұмыстары да қарқынды екенін баса айтты.  Биыл ауылда 4000-ға жуық көшет отырғызылған.

Ал, тіректі елді мекендер бойынша топ жарған ІІІ Интернационалдағы абаттандыру жұмыстары ауылдың ажарын ашып, сәнін кіргізген. Бұл іске «Достық жер» ЖШС 80 млн қаржы бөліпті. Серіктестік ауылдағы орталық алаңға, Жастар аллеясына жөндеу жұмыстарын жүргізіп, балаларға арналған ойын алаңын салған. Сондай-ақ, кез келген ауыл тұрғынының бой сергітуіне ыңғайлы спорт жаттығу құралдары орнатылған.  Айталық, ауылда 11 көше болса, 5 көше мемлекет қаржысы арқылы, қалған 5 көшені «Достық Жер» ЖШС, 1 көшені «Болашақ» шаруа қожалығы жарықтандырған.

–    Келер жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 3-4 көшені асфальттауды жоспарлап отырмыз. «Достық жер» ЖШС-мен бірлесіп орталық алаң маңынан қызмет көрсету орталығын салмақпыз. Оның ішінде әлеуметтік дүкен, шаш­тараз, тіс емханасы, монша сынды нысандар орна­ласатын болады. Бүгінде алаң маңындағы 1 гектар жер­ді тегістеп, дайындап қойдық, – деді ауыл әкімі Әсет Тұр­маханұлы.

Айта кету керек, елді мекен маңынан өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізінің бойында орналасқан «Ақсарай» кешенінде 25 адам жұмыс істейді. Ауыл тумасы Али Рагибов басқаратын бұл кешендегі қызметкерлердің барлығы дерлік ауыл тұрғындары.

Қызылорда облысы соңғы жылдары кәсіпкерлікті дамы­тудың үш жылдығын жариялағаны белгілі. Бұл орайда, кәсіп бастасам деген бастамасы батыл жандардың қатары қалың. Айталық, Луиза Турсунова мемлекеттік бағдарлама аясында 3 млн теңге несие алып, наубайхана ашқан.

Ал, ауызсу мәселесі екі-үш жыл бұрын шешімін тауыпты. 1928 жылы іргесі қаланып, бір қолдың саласындай бірігіп, тату-тәтті өмір кешетін, сан түрлі ұлттың басын қосқан ауыл республикаға танымал болатын. Екі жарым мыңға жуық халқы бар, 11 ұлт өкілі қоныс тепкен ауылдың қазір де тірлігі түзу, бірлігі бекем.

Айдана ЖҰМАДИНОВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<