Аймақтағы өзен мен каналдарда адамдардың суға кету жағдайы алаңдатып отыр. Бір мезетте екі адамның қаза болу фактілері де орын алған.
Күннің күрт ысуына байланысты суға шомылуға белгіленбеген жерлерде адамдардың суға түсуі көбейген. Бүгінге дейін жазғы суға түсу маусымынан бері қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында облыста 420 рейд өткізіліп, соның барысында 3093 адамға түсіндіру жұмысы жасалып, 3192 жадынама таратылды.
Облыс бойынша 2018 жылы 225 жерге «Суға түсуге болмайды!» тақырыбында ескерту тақтайлары орнатылған болатын. Қазір сол тақтайшадан 157-сі ғана қалған. Өйткені, тұрғындар, әсіресе, жастар осы ескерту тақтайшаларын сындырып, орнатылған жерлерінен алып тастайды. Мысалы, қала бойынша 27 тақтайша орнатылған, биыл соның 11-і ғана қалған. Тақтайшаларға назар аудармастан суға түсіп, суға бату фактілері орын алуда.
Ағымдағы жылдың 18-маусымындағы рейдке «Qyzylorda» және «Қоғам ТВ» телеарнасының журналистері, «Ақмешіт апталығы» газетінің тілшілері, қала әкімшілігінің қызметкерлері, Жергілікті полиция қызметінің мамандары қатысты. Қала төңірегіндегі рейд кезінде «Ягодка», «Пищевик» саяжайлары, «Көксу», «Копэс», «Тасбөгет», «Мерей» аймағы, «Сталин» канал маңы түгел араланды. Осы рейд барысында «Сталин» каналына мас күйінде суға шомылып жүрген 3 азамат судан шығарылып, үйлеріне қайтарылды. Алайда, канал жағасын қайта аралап көру барысында ол азаматтардың канал жағасына мас күйінде қайта келуіне сәйкес оларды полиция қызметкерлері әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Департамент қызметкерлері мен жергілікті атқарушы орган, Полиция департаменті, еріктілермен бірлесіп жүргізген рейдтерде қауіпсіздік ережесін сақтау туралы түсіндіру жұмыстарын жасағанына қарамастан, көпшіліктің оған немқұрайлы қарауы басым болып отыр.
Жергілікті полиция қызметінің қызметкерлерімен бірлесіп жүргізілетін рейдтерде ҚР ӘҚБтК-нің 364-бабының 1-тармағы, 1-тармақшасы бойынша «Ортақ су пайдалану ережесін» бұзған жеке тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тартатындығы туралы ескертеді. Облыс көлемінде суда орын алған қайғылы жағдайларға негізгі себептерге судағы қауіпсіздік ережелерінің өрескел бұзылуы, су айдындарының жабдықталмаған жерлерінде суға түсуі және кәмелет жасқа толмаған балаларды ата-аналардың қараусыз қалдыруы, сонымен қатар абайсыздық салдары да жатады.
Суда шомылудың қауіпсіздік шараларын сақтайық:
– суға тамақтанғаннан кейін бір жарым сағаттан соң ғана шомылуға болады;
– су салқындау болған жағдайда суға түсуге болмайды, себебі судың суықтығынан аяқ-қолдың тырысуы немесе естен айырылу жағдайлары болуы мүмкін;
– өзен немесе көлдерде күн ыстық кезеңде де суда 10-15 минуттан артық шомылуға болмайды;
– суға тек қана рұқсат етілген жерлер мен жағажайларда шомылыңыздар. Егер сіз жабайы табиғи жерлерде шомылуды шешсеңіз, суы таза, тереңдігі 2 м аспайтын, су түбі тегіс немесе топырақты жерді және ағысы жай 0,5 м/с жоғары емес орынды таңдағаныңыз жөн (тексеру үшін суға жаңқа немесе таяқ тастаңыз). Әрқашан су түбін тексеру қажет және шомылып жатқан балаларды қадағалаңыз. Ешқашан шалшық суға түспеңіз;
– белгі қойылған жерден асып жүзуге болмайды, ол болмаған жағдайда жағадан алыс жүзбеу керек;
– тайыз жерге немесе белгісіз тереңдікке секіруге болмайды;
– қайық, айлақ, көпір үстінен және арналмаған жерлерден секіруге болмайды;
– күнге қыздырынғаннан кейін немесе ұзақ жүгіріп келгеннен соң суға секіруге болмайды, себебі естен айырылып қалу немесе жүректің тоқтап қалуы мүмкін. Алдымен сумен шайынып алу керек;
– дауыл немесе толқын болған жағдайда шомылуға болмайды;
– қарсыласыңды суда ұстап тұру ойынымен ойнауға болмайды, себебі жолдасың тұншығып, есін жоғалтуы мүмкін.
Облыстық төтенше
жағдайлар департаменті.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<