Ауыспалы егістегі жаңа дақылдар

356

0

Егіншілік пен мал өсіру – бір-бірімен тығыз байланысты және бірін-бірі толықтырып отыратын ауыл шаруашылығының ең ірі салалары.

 Егіншіліктің бас­ты мақсаты – жерді тиімді пайдаланып, ауыл шаруашылығы дақылдарынан жыл сайын тұрақты, сапалы, мол өнім алуды қамтамасыз ету. Бір дақылды жылма-жыл себе берсе, оның өнімі бірте-бірте төмендей беретінін ғылым да, тәжірибе де көрсетіп отыр. Ауыспалы егісте әр дақылды орналастырғанда ол дақыл жоғары өнім беретіндей ету керек. Орналас­тыра білу үлкен нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Жаңа мал азықтық жоғары өнім­ді, тұзға төзімді дақыл ретінде африкалық тарының сор­т үлгілеріне экологиялық сорт сынау жүргізіліп келеді. Нәти­жесінде аймақтың қатал табиғатына бейім сорттар ірік­теліп, бұл жұмыстар әрі қарай жалғасуда.

Африкалық тары – астық тұқымдастарына жататын бір­жыл­дық азық-түліктік және мал ­азықтық дақыл. Дәндерінен азықтық жарма және ұн өн­діріледі, дән қалдықтары жем, жасыл массасы малға көк азық, сүрлем,  шөп ретінде пайдаланылады. Бұл өсімдік жылу және жарықсүйгіштігімен, қуаң­шылыққа және топырақ тұзды­лығына төзімділігімен ерек­ше­ленеді, жаз бойы 2-3 рет орып алуға болады.

Африкалық тары өсімдігі жоғары температура мен ылғал жетіспеушілікті жақсы көтереді, жасыл масса, сүрлем және шөптен мол өнім береді, басқа дәнді дақылдарға қарағанда аурулар мен зиянкестерден аз зардап шегеді.

Қызылорда облысының кү­ріш егісі жүйесінің тұзданған топырақтарында 2011 жылдан бастап жоғарыда айтылған зерт­теулер және ерекшеленген сорттармен агротехникалық тә­жіри­белер жасалуда. Зерт­теу нәтижесінде облыс фер­мерлеріне аймақ үшін жаңа перспективалық мал азықтық дақыл ретінде африкалық тары­ның жергілікті жердің та­биғи-климаттық жағдайына бейім­делген жоғары өнімді сорттары егуге ұсынылған. Зерттеулер көрсеткендей, бұл дақылдың топырақ тұздылығына және қуаң­шылыққа төзімді екені дәлел­денген. Үздік сорттар екі орымда 42,4-50,5 т/га дейін көк балауса өнім берген. Афри­калық тарының жасыл балау­сасы – сүт бағытындағы ірі қара малына өте қажетті азық. Сондықтан олар шаруа қожалықтары мен ірі сүт өн­діруші құрылымдарды, жалпы мал өсіруші кәсіпкерлерді қы­зықтыруы мүмкін. Сол себепті африкалық тарының тұ­қым шаруашылығымен айналысып, қажетті мөлшерде тұ­қым өндіруді жолға қойып, күріш ауыспалы егістерінің тұзданған топырақтарында әр­тарап­тандыру дақылы ретінде өсіру мал шаруашылығында мал азығының берік қорын жасауға мүмкіндік береді деп есептеймін.

Нұралы НҰРҒАЛИЕВ,

Қорқыт ата атындағы ҚМУ аға оқытушысы,

философия докторы (PhD).

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<