«AVE ADIKUS» арнасының блогері баспанасыз отбасыға пәтер сыйлады

753

0

Қызылордалық танымал блогер Әділет Әшірбек жуырда апаттық жағдайға байланысты баспанасыз қалған отбасыға Қызылорда қаласынан 3 бөлмелі пәтерді сыйға тартты.

Әділет Әшірбектің айтуынша, бастапқыда отбасы қала шетіндегі Титов мөлтек ауданында 2 бөлмелі пәтерде тұрып келген. Пәтер 2020 жылдың желтоқсан айында апаттық жағдайда деп танылған соң барар жері болмаған. Пәтер жалдауға да мүмкіндігі жетпеген. Отбасын асырау үшін отағасы мен ұлы бірнеше жұмыста еңбек етіп жүр. Сондықтан оларға мемлекет тарапынан көмек берілмеген.

«Менің әлеуметтік желідегі парақшама азаматтардан көптеген хаттар келіп түседі. Солардың ішінде осы отбасы көмек қолын созуды өтінген болатын. Команда болып аз уақыттың ішінде халықтың, жас кәсіпкер Мағжан Ералиевтің қолдауымен 4 миллион 300 мың теңге қаражат жиналып, отбасыға 3 бөлмелі пәтер сатып алып бердік», – деді “AVE ADIKUS” арнасының блогері Әділет Әшірбек.

“AVE ADIKUS” арнасынан видео жолдау шыққан кезден бастап интернет кеңістігінде қызу талқыланды. Әркім бұл отбасыға өз мүмкіндігінше көмек беріп, қаражат аударып жатты. Осылайша, кәсіпкер, белсенді жастармен бірге барып Аймурзаевтар әулетінің басты арманын орындады. Енді Аймурзаевтар отбасы 3-бөлмелі пәтерде тұрып жатыр.   

«Басында пәтер сыйлады деп айтқанда сенбедім. Бізге уақытша үміт сыйлағысы келеді деп ойладым. Қолымызға кілтті табыстағанда қуанышымда шек болмады. Бәрінен бұрын балаларымыз мәз. Өйткені олар мұндай жайлылықта тұрып көрген жоқ. Ұйымдастырушылардың, белсенді жастардың, халықтың арқасы. Олар болмаса, біз қайда күнелтетінімізді білмеймін», – деді отағасы Берік.

Белгілі блогер Әділет Әшірбек алдағы уақытта да осындай игі істерді жалғастырып, мұқтаж азаматтарға көмек қолын созатынын айтты.

Отбасы мүшелерінің қуанышты сәтін ютуб арнадағы https://youtu.be/fbpNPw85Ddo сілтемесі арқылы көруге болады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<