Құрылтай

Қазақстанда шомылу маусымы басталғалы 68 адам суға кеткен

7

0

Фото: Pexels

Қазақстанда шомылу маусымы басталғалы 68 адам суға батып көз жұмды. Оның ішінде 24-і – бала. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің Төтенше жағдайларды жою департаментінің бас маманы Саян Тоқымбаев ведомствода өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Министрлік мәліметінше, қайғылы оқиғалардың 90 пайыздан астамы шомылуға тыйым салынған әрі арнайы жабдықталмаған су айдындарында тіркелген.

Суға бату деректері ең көп Маңғыстау және Алматы облыстарында тіркелді – әр өңірде 9 адамнан көз жұмған. Сондай-ақ Түркістан, Ақмола және Қостанай облыстарының әрқайсысында 5 адамнан суға кеткен.

Саян Тоқымбаевтың айтуынша, қайғылы жағдайлардың негізгі себебі – азаматтардың судағы қауіпсіздік талаптарын сақтамауы және қауіпті аймақтарды елемеуі. Әсіресе балаларды қараусыз қалдыру оқиғалары алаңдаушылық туғызады.

Осыған байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі профилактикалық жұмыстарды күшейткен. Жыл басынан бері еліміз бойынша 24 мыңға жуық бала жүзуді үйренді. Сонымен қатар тұрғындарға 166 мыңға жуық жадынама мен ақпараттық парақша таратылып, су айдындарының маңына 1403 қауіпсіздік белгісі орнатылған.

Ведомствоның мәліметінше, шомылу маусымы басталғалы бері судағы қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін 1,5 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 412-бабына сәйкес, мұндай құқық бұзушылық үшін 7 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл қарастырылған.

Министрлік өкілінің айтуынша, рейд барысында құқық бұзушылықтар бейнетіркегіштер арқылы тіркеліп, кейін әкімшілік хаттамалар рәсімделеді. Бұл тәжірибе қайталанатын құқық бұзушылықтардың азаюына оң әсерін тигізіп отыр.

Сондай-ақ ТЖМ түнгі уақытта суға түсуге тыйым салынғанын еске салды.

Қазіргі таңда су айдындарындағы жағдайды бақылауға ұшқышсыз ұшу аппараттары да тартылған. Биылғы шомылу маусымы басталғалы құтқарушылар 90 адамның, оның ішінде 23 баланың өмірін аман алып қалған.

Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарды суға тек рұқсат етілген және арнайы жабдықталған орындарда түсуге, балаларды қараусыз қалдырмауға, алкогольдік ішімдік ішкен күйде суға түспеуге және судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырды.