«Ауыл аманаты»: Игілік һәм ендігі міндет

420

0

Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың қатысуымен «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру және кәсіпкерлікті дамыту мәселелері талқыланған мәжіліс өтті. Жиынға Парламент Сенатының депутаттары Руслан Рүстемов, Наурызбай Байқадамов, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков, Үкімет аппаратының қызметкерлері қатысты.

Сондай-ақ Алматы, Түркістан, Батыс Қазақстан облыстарының кәсіпкерлері тәжірибе алмасу үшін арнайы келді. Мәжіліске «AMANAT» партиясы облыстық филиалы, облыстық басқарма, департамент, инспекция басшылары, қала, аудан әкімдері мен ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, экономика және қаржы, жұмыспен қамту мекемелерінің басшылары, ауылдық округ және кент әкімдері қатысты.

Жиында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев саладағы негізгі мәселелердің шешілуі жолында осындай жиындардың маңызын атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы 2022 жылғы қараша айында Қазақстан Республикасы Президенті лауазымына кіріскеннен кейін «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлыққа қол қойды. Жарлық бойынша елімізде «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы, «Ауыл – ел бесігі», «Ауыл аманаты», «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламалары сәтті жүзеге асуда. Президентіміздің тапсырмасымен ауыл тұрғындарының табысын, тұрмыс сапасын арттыру, кәсіпкерлікті дамыту бағытында Сыр өңірінде де ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Биыл кәсіпкерлікті қаржылай қолдауға әртүрлі көздерден 34,5 миллиард теңге қарастырылған болса, оның ішінде Бірыңғай кешенді бағдарлама аясында субсидия және кепілдіктер беру үшін 9 миллиард теңге бөлінді. Мемлекеттік гранттар беруге 73 миллион 100 мың теңге қаралды. Биылғы 6 айда облыстағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 64 478 болды. Жыл соңына дейін 3 мыңға жуық жобаны қаржыландыру көзделген. Кәсіпкерлер санының өсуі жастар және «Ауыл аманаты» жобасы аясында алынған микрокредиттер есебінен қамтамасыз етілді. Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды, – деді облыс әкімі.

«Ауыл аманаты» жобасының басты мақсаты – ауыл халқының әл-ауқатын жақсарту және әлеуметтік мәселелерін шешу. Жылдық 2,5 пайызбен берілетін жеңілдетілген несие азаматтарға идеяларын жүзеге асыруға, өз ісін ашуға және ауылдағы жұмыссыздықты азайтуға мүмкіндік берді. Аймаққа өткен жылы республикалық бюджеттен жобаны қаржыландыруға 3 млрд теңге бөлінсе, биыл 4,6 млрд теңге қаржы қаралуда. Барлығы 411 жоба несиелендіріліп, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына айрықша үлес қосты.

Іс-шарада Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков былтыр республика бойынша «Ауыл аманаты» жобасын іске асыруға бюджеттен 100 млрд теңге қаржы бөлініп, 17 мың шағын несие берілгенін жеткізді. Сондай-ақ ол министрлік «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша микрокредиттеудің ақпараттық жүйесі әзірленгенін айтты. Жүйе несие алуға электронды өтінім беруге мүмкіндік береді, бұл ауыл тұрғындары үшін бағдарламаның қолжетімділігін арттырады. Қазіргі уақытта жүйе облыстағы «Байқоңыр» ӘКК-мен бірлесіп пысықталып, биыл осы ақпараттық жүйе арқылы өтінімдер қабылданатын болады.

Мәжілісте облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев жобаның өңірде жүзеге асырылу барысын баяндады. Бағдарлама аясында былтыр 3 млрд теңге бөлініп, 106 елді мекеннен 406 жоба қаржыландырылған. Несие қаражатының 10 пайызы егіншілік, 28 пайызы мал шаруашылығына, 13 пайызы ауыл шаруашылығы техникасын жаңғыртуға, 40 пайызы жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдарының өндірісі мен қызмет көрсету салаларына бағытталған.

Облыста азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 37 жылыжай кешені, 21 ет және сүт, 41 кондитер және нан өндірістері ашылды. Айта кету керек, жоба аясында құрылған кооперативтерден барлығы 32 мың тонна ет өндірілсе, «Барлыбай и К» кооперативі 10 тонна томат өнімдерін шығарды.

– Бағдарламаны іске асыру нәтижесінде 33 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылды. 710 жаңа жұмыс орны ашылып, арнайы әлеуметтік көмек алушы саны 65 адамға қысқарды, – деді Ардақ Зебешев.

Биыл бағдарлама шеңберінде облыста тіректі кооперация қағидасы бойынша жұмыстар жалғасады, яғни былтыр қаржы алып, бүгінде тиімді жұмыс жасап жатқан кәсіпорындар жанынан жаңа кәсіпорындар ашуға көңіл бөлінеді. Биыл 27 кооператив құру үшін 767 млн теңге қаржы бағытталып отыр. Шамамен әр кооперативке 30 млн теңге қаралған. Нәтижесінде өнеркәсіпте 3, егін шаруашылығында 4, мал шаруашылығында 20 жаңа кооперативтер құрылуы тиіс.

Жиында Шиелі ауданының әкімі Нұржан Ахатов баяндама жасап, «Ауыл аманаты» жобасы аясында қолдау тапқан жобаларға тоқталды. Былтыр ауданда шағын және орта бизнесті мемлекеттік бағдарламалар аясында қаржыландыру мақсатында 452 жобаға 5 млрд 263 млн теңгені құрайтын шағын несие және грант қаражаты бөлініп, 920 жаңа жұмыс орны ашылған.

– Былтыр «Ауыл аманаты» бойынша ауданға 548,1 миллион теңге қаражат бөлінді. Нәтижесінде 75 жоба қаржыландырылып, 100 жаңа жұмыс орны ашылды. Қолдау тапқан жобалар арқасында ауыл тұрғындарының әл-ауқаты жақсарып, сонымен қатар іске асқан жобалардағы ашылған жұмыс орындары арқылы ауыл тұрғындары тұрақты жұмыспен қамтылды, – деді Нұржан Ахатов.

Аудан әкімі қызанақ пастасын, бірнеше салат түрін өндіретін, қуаттылығы тәулігіне 2 тонналық «Барлыбай и К» АӨК цехын мысалға келтірді. Бүгінде цехты шикізатпен қамтамасыз ету үшін кооперативке бірқатар ауылдық округтердің диқандарын тарту жоспарлануда. Бұдан бөлек, биыл «Ауыл аманаты» бойынша кооперативтің қызанақ өнімдерін тасымалдауға арналған жәшік шығару жобасы ұсынылуда.

Сондай-ақ ауданда «Шиелі Құс еті» кооперативінің бройлер тауықтарын өсіретін автоматтандырылған цехы іске қосылған. Цех 4,5 мың бас балапанды 45 күнде 2,5-3,2 кг салмақта өсіріп, таза тауық етін жергілікті азық-түлік дүкендерінде 15-20% төмен бағамен сатуда. Жоба аясында биыл арнайы құстарға арналған құрама жем шығаратын жаңа кооператив құру жоспарлануда.

Мәжілісте ауыл халқын несиелендірумен қатар, өнім өңдеу, экспорттау бойынша озық тәжірибелер де айтылды. Жиынға Алматы облысынан арнайы келген «Дәулет Бекет» ЖШС бас директоры Сыдық Дәулетов «Ауыл аманаты» аясында кәсіп бастап, мал шаруашылығымен айналысамын деген жастар болса, тәжірибемен бөлісуге дайын екенін жеткізді.

«Дәулет Бекет» түйе шаруашылығы 2001 жылы ашылған. Содан бергі 23 жыл ішінде бір түйеден мал саны 5 мың басқа дейін жеткен шаруашылықтың тәжірибесі мол. Бүгінде тәулігіне 10 тонна түйе сүтін сауып, оны құрғақ сүтке айналдырып, өнімінің 80 пайызын Қытай халық республикасына экспорттап отыр. Шаруашылықтың алдағы жоспарлары да ауқымды. Бірнеше жылда түйе санын 15 мыңға дейін жеткізбек. Шаруашылықта 200 адам жұмыс жасайды.

– Бір ғана түйе сүтінің арқасында «Ақши» ауылын өркендеттік. Сол ауылға не қажет болса, соның барлығын жасадық. Мұқтаж жандарға 12 баспана салып бердік. Қазіргі таңда 20 баспана салып, өз ардагерлерімізге берсек деген ойымыз бар. Бір түйенің сүтімен осындай жетістікке жеттік. Бізде түйе сауу Германия технологиясы бойынша 100 пайыз автоматтандырылған. Зауытымыз да бар. Жұмысын жаңа бастап жатқан шаруалар болса, шаруашылық тәжірибесін көргісі келетіндерге барып-келу жолақысын төлеп, көрсетуге жағдайымыз бар. Барынша қолдау көрсетуге дайынбыз. Сондай-ақ құрғақ сүт өндіру зауытын салуға да тәжірибеміз жетеді. Кейінгі 4 жылда өз өнімімізді экспортқа шығарып отырмыз, – деді Сыдық Дәулетов.

Жиын барысында ауыл шаруашылығы кооперациясының табысты тәжірибесі де таныстырылды. Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданы «Қоскөл» ауылында «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру шеңберінде тұрғындардың барлығы «Жеңіс Ерхан» кооперативіне бірігіп, өз өндірісін дамытуда. Жиынға арнайы келген ауыл әкімі Әділет Мұсағалиев фермерлер ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді бірлесіп дамытып жатқанын айтты. Ауылда өндірілген сүт және ет өнімдері жергілікті нарықта үлкен сұранысқа ие.

– «Қоскөл» ауылдық округінде 900-ге жуық адам тұрады. Былтыр ауылдан 34 адам жобаға қатысып, барлығы 196 млн теңге қаржы алған. Ауыл халқы 100 пайыз бір кооператике біріккен. Осылай бір кооперативке бірігу ауыл халқы үшін өте тиімді, – дейді ауыл әкімі.

Сондай-ақ Түркістан облысынан келген жеке кәсіпкер Данияр Қалымбетов те өз тәжірибесін бөлісті. Қоғамдық тамақтану саласында 25 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келе жатқан кәсіпкер мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобалары туралы айтты.

– Қазіргі уақытта Түркістан облысында 24 нысан бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Оның 20-сы – мектеп-интернат асханалары, 4-і – әлеуметтік орталықтар. Бүгінгі күнге дейін 500 миллион теңге қайтарымсыз инвестиция салып, мектеп асханаларын жаңғыртудан өткіздік. Жоба оң нәтиже берген соң, Түркістан облысы 500 мектеп бойынша осындай конкурс  жариялап, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 3 миллиард теңге инвестиция тартуды жоспарлап отыр, – деді Данияр Қалымбетов.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің тағы бір артықшылығы – мектеп асханаларына қажет азық-түлік өнімінің 98 пайызы жергілікті тауар өндірушілер арқылы қамтамасыз етілуінде. Мұндай тәжірибе «Ауыл аманаты» аясында өнім өндірушілерді қолдауда өте маңызды. Данияр Қалымбетов Қызылорда облысынан балық, күріш, басқа да жергілікті өнімдер жеткізу бойынша әріптестік орнатуға дайын екенін айтты.

Мәжілісті қорытындылаған ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова бағдарламаны іске асыру бағытында бірқатар ұсыныс айтты.

– Алдағы дүйсенбіде Үкімет басшысы үлкен жиын өткізеді. Жиында әрбір облыс әкіміне азаматтардың табысын арттыру бойынша рейтинг қойылады. Қазір Қызылорда облысында 853 277 адам, 225 мың отбасы тұрады екен. Былтырдан бастап әр отбасының цифрлық картасын енгіздік. Бұл ретте өзін-өзі жұмыспен қамтыған, табысы ресми тіркелмеген азаматтар да бар. Олар туралы деректер нақтыланып, ақпараттық жүйеде көрсетілуі керек. Жыл соңына дейін аймақ басшылығы әрбір отбасының жағдайын жеке қарап, бұл деректерді нақтылауы тиіс. Биыл күнкөріс деңгейінен төмен өмір сүріп жатқандар санын кемінде 5 пайызға азайту қажет, – деді Тамара Дүйсенова.

Сондай-ақ вице-премьер мемлекеттік бағдарламалардың, соның ішінде «Ауыл аманаты» жобасының негізгі мақсаты халықтың табысын арттыру екенін баса айтты. Бұл ретте ауыл халқының табысын арттырудың негізгі үш жолы бар – жаңа кәсіпорындар ашып, азаматтарды жұмыспен қамту, жеке кәсіпкерлікті несиелендіру, әлеуметтік жұмыс орындарына мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен жастарды тарту.

«Ауыл аманаты» жобасының дұрыс жүзеге асырылуы ауыл әкімдерінің жұмысына байланысты. Ауыл әкімі мемлекеттік бағдарламалардың барлығын біліп, мүмкіндіктерін толық пайдалануы тиіс.

Тамара Дүйсенова жоба қатысушыларының әлеуметтік жарна төлемеуі мәселесін де айтты. Былтыр облыста «Ауыл аманаты» бойынша несие алған 406 азаматтың 241-і немесе 59 пайызы ғана әлеуметтік жарна төлеген. Мәселе АШМ деңгейінде де көтеріліп отыр. Себебі, былтыр республика бойынша несие алған 17 мың адамның 4 мыңнан астамы ғана әлеуметтік жарна төлеп отыр.

– Сондықтан ақпараттық жүйелердегі деректерді нақтылап, несиені кім не үшін алғаны, қаржысын қайда жұмсағаны туралы ақпаратты ауыл әкімінен бастап, облыс әкімі, Ауыл шаруашылығы министріне дейін қарап отыруы қажет. Жоба аясында несие алған азаматтардың барлығы күзге дейін жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, әлеуметтік жарналарын төлеуі тиіс, – деді вице-премьер.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<