Ауылды дамытуда бизнестің жауапкершілігі маңызды

78

0

Премьер-министр Олжас Бектенов Қызылорда облысына жұмыс сапары аясында Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде ауыл тұрғындарының әл-ауқаты мен тұрмыс сапасын жақсарту, АӨК дамыту арқылы экономиканы әртараптандыру, сондай-ақ тұрғындарға сапалы білім беру қызметтерін ұсыну үшін әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын жаңғырту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысымен танысты.

Сырдария ауданы Бесарық ауылында Премьер-министр «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асырудың және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің табысты мысалдарымен танысты. «Абай Дәулет» ЖШС құрған өндірістік алаңда 318,2 млн теңгеге ауыл тұрғындарының 13 бизнес-бастамасы іске асырылуда. Жартылай фабрикаттар, пластикалық ыдыстар, ағаштан жасалған бұйымдар, тоқыма, кондитерлік өнімдер, сабын және басқа да өнімдер өндіретін цехтар ашылды. Олжас Бектенов ауыл тұрғындары шығаратын өнімдер желісімен танысты.

Оң тәжірибені кеңінен тарату үшін облыстың әр ауданында ке­мінде 3-4 ауылда осындай бизнес-инкубаторлар ашу жұмыстары жүргізілуде.

Қызылорда облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясын­да биыл өңдеу өнеркәсібін, мал ша­руашылығы, өсімдік шаруа­шылығы және басқа да келешегі бар салаларда 610 жұмыс орнын ашқан 575 жоба іске асырылды.

«Kaz Fries» зауытында Премьер-министрге АӨК өнімдерін терең өңдеу саласындағы әлеуетті ашу шаралары таныстырылды. Кәсіп­орынның қуаты сағатына 150 килоға дейін қуырылған кар­топ таяқшаларын өндіруге же­те­ді, дайын өнім мұздатылып, іш­кі нарықта сатылады. «Абай-Дәулет» ЖШС директоры Мұрат Сәрсенбаев өсімдік, құс, мал шаруашылықтарымен және құры­лыс өнімдерін шығарумен айна­лысатын көпсалалы компанияның өндірістік қуатын одан әрі кеңейту жоспарлары туралы хабардар етті.

Серіктестік ауылдың дамуына үлкен үлес қосып келе жатқанын атап өткен жөн. 2018 жылдан бері компания бұл мақсаттарға 1,5 млрд теңгеден астам қаржы бөлді. Қаражат 360 орындық мектеп, 120 орындық балабақша және дәрігерлік амбулатория сияқты әлеуметтік нысандарды абаттандыруға, көгалдандыруға, жөндеуге бағытталған. Демеушілік қолдау есебінен осы жылы 150 адамға арналған Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті. Мұнда Президенттің бастамасымен жас­тарды отаншылдық, адам­гершілік рухында тәрбиелеуге бағытталған «Адал адам» тұжырымдамасы іске асырылуда. Балалар үйір­ме­лері ашылып, музыкалық шы­ғармашылық ұжым құрылды. Сонымен қатар «Адал адам» мә­дени орталығында подкаст-сту­дия орнатылған, онда тікелей эфирде ауыл бизнесін дамытудың өзекті мәселелері талқыланады, көрермендерге жергілікті цехтарда өндірілген өнімдер таныстырылады.

Премьер-министр бизнестің ауылдық жерлердегі тұрмыс сапасын жақсартуға қосқан үлесі маңызды екенін атап өтті.

– Ауылды дамыту, нәтижелі жұмыспен қамтуды ынталандыру, сапалы әлеуметтік инфрақұрылым құру – Үкіметтің басым міндет­терінің бірі. Осы бағытта біз кәсіпкерлердің барлық бастамасын қолдаймыз. Егер Қазақстандағы әрбір ауылда осы жерде бизнес ашатындар тарапынан жауапты қолдауға ие болса, халықтың тұр­мыс сапасы да анағұрлым серпінді түрде жақсарады, – деп атап өткен Олжас Бектенов «Бесарық» ауылын дамыту тәжірибесін одан әрі кеңейту қажеттігіне тоқталды.

Қызылордада Премьер-министр бүгінде 200 жұмыс орны ашылған «Жан Арай» ЖШС агроөнеркәсіп кешенінің өндірістік орындарын аралады. Кәсіпорын күріш, құрама жем өндірумен, жемістер мен көкөністерді өңдеу және сақтаумен айналысады. Мұнда қуаты тәулігіне 80 тонна құрама жем өндіруге жететін және тәулігіне 150 тонна күріш өңдей алатын екі зауыт жұмыс істейді. Сонымен қатар сыйымдылығы 1,5 мың тонна болатын көкөніс қоймасы бар, бұл маусымаралық кезеңде әлеуметтік маңызы бар өнімдерге бағаның тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Кешен өнімдері Қазақстанда сатылады және Түркия, Ирак, Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Әзербайжан, Беларусь және бас­қа да алыс-жақын шетелдерге экспортталады.

Олжас Бектенов облыс орта­лығында балаларды қосымша білім­мен қамтуды арттыру бағытында атқарылып жатқан шаралармен танысты. Жеке инвестиция есебінен салынған жаңа Оқушылар сарайы биыл қазан айында пайдалануға берілді. Жобаның құны – 2,4 млрд теңгені құрайды. 350 адамға дейін сыятын әлеуметтік нысан әр­түрлі жастағы оқушылардың жан-жақты дамуына ықпал ететін, гидропоника, робототехника, өнер­кәсіптік дизайн, телестудия сынды басқа да жаңа жабдықтармен қамта­масыз етілген.

Мұнда Премьер-министрге Пре­­зидент жариялаған Жұмысшы мамандықтары жылы шеңберінде Қызылорда облысында кәсіптік-техникалық білім беру және кадрлар даярлау жүйесін трансформациялау бойынша атқарылып жатқан шаралар туралы ақпарат берілді. Өңірде 28 колледж жұмыс іс­тейді, онда бүгінде 20 мыңнан астам студент білім алып жатыр, оның 5 мыңға жуығы жұмысшы мамандықтары бойынша оқиды.

2024-2025 оқу жылында облыс­тың барлық аудандарында 7 оқу-өн­дірістік комбинаты ашылды. Қыс­­қа­­мерзімді кәсіптік оқыту курстары 300-ге жуық адамды қам­­тыды. Алғашқы комбинат 2022 жылы қалалық мектеп-лицей база­сында ашылған. Аспаз, тігінші, графикалық дизайнер және басқа да сұранысқа ие мамандықтар бойынша 164 маман бітірді. Ал­да­ғы уақытта тәжірибені кеңейту жос­парланып отыр.

primeminister.kz

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<