Қармақшы ауданы «Ақжар» ауылының аты аңызға айналған азаматы, соғыс және еңбек ардагері Тиышбай Ешмұратов ұрпақтары әке рухына арнап ас беріп, ақындар айтысын өткізді.
Сәрсенбай жырау атындағы мәдениет үйінде өткен айтысты жыраудың ұрпағы Майра Сәрсенбаева арнау жырмен ашты.
Жетісу өңірінен келген ақындармен – Кенжебай Жүсіпов, Айдос Рахметов, Қайрат Күлекешов секілді Сыр бойының белгілі айтыскерлері және қармақшылық жас ақын Берік Аққалиев сөз сайысына түсті.
Ақындар еңбек майталманының асқақ тұлғасын сөз кестесіне салып, өзара әзіл-қағытпамен де көрерменнің көңілін көтере білді. Сондай-ақ, сөзгерлер айтыстың негізгі шарты – суырыпсалмалық өнерлері арқылы өз деңгейлерін танытты. Аяқасты айтылған сұрақ-жауаптан адамның да, заманның да болмысын ашуға ұмтылған ұтымды тіркестер туып жатты.
«Анаңа қызмет қыл аманында,
Пейіштің кілті жатқан табанында» (Айтуған Жетебай, Талдықорған)
немесе:
«Жастардың болғанымен
бәрі мерген,
Дәл көздейді деуші еді кәрі мерген» (Аяулым Жұмабекқызы, Алматы), – дейтін ақын сөздері жұртты серпілтіп отырды.
Айтыстың ақтық сынына екі жұп шығып, арындарының шапқан сайын ашыла түсетінін дәлелдеді. Тақырыпты жан-жақты ашып, әділ бағасын алды.
Айтысқа мәшһүр жырау Қасарбек Кәрібаев, танымал ақындар – Алтай Үсенов, Дүйсенбек Аяшұлы, ардагер-ұстаз Бихан Дүйсенова және облыстық «Сыр бойы» газеті бас редакторының орынбасары, белгілі журналист Гүлжазира Жалғасова қазылық етті. Қорытындысында 500 мың теңгелік бас бәйгені алматылық Аяулым Жұмабекқызына әулеттің анасы Тұрсынай әже тапсырды. Бірінші орынның сыйлығын қызылордалық А.Рахметов, екінші орынды шиелілік К.Жүсіпов алды. Үшінші орын Алматы облысынан келген А.Ибрагимге берілді.
Құрқол қайтқан ешкім жоқ. Орынға ілікпегендер де ақшалай сыйлыққа ілікті. Ең бастысы, ақындар белгілі тұлғаның елге үлгі болған бейнесін өлеңмен өре білді. Айтысты ақын Көптілеу Қосбармақов жүргізді.
Биыл топырақ жасымен 110 жасқа толған Тиышбай атамыз – осы ел мен жердің түлеп-толысуына күш-жігерін сарқа жұмсаған саңлақ есім. 1948-1950 жылдары «Ақбел» атты колхозда басқарма төрағасы болып, колхоздар ірілендірілгенде «Сталин» колхозын, онан соң Чапаев атындағы колхоздың төрағасы болып қызмет еткен. Қиын кезеңде үш бірдей колхозды басқарып, соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіруге ерен еңбек сіңірген.
Кеңестік дәуірдің жоғарғы марапаттары – «Құрмет белгісі», «Ленин» ордендерін омырауға таққан.
Т.Ешмұратов басқарған колхоздардың ізімен құрылған «Ақжар» шаруашылығы бүгінде баяғы берекесінен айырылмай, озаттар қатарынан орын алып келеді. Ерлан Бисенбаев басшылық жасап отырған «Ақжар» биыл күріштің әр гектарынан 63 центнерден өнім алып, табыс тайқазанын тасытты.
Міне, осы деректер ақындар жырына арқау болды.
Осылайша, туған жері өзінің тұғырлы тұлғаларын кейінгі буынның жадына түсіріп, жақсы қасиеттерін өнеге қылды.
Асқа жиылған жұрт Тиышбай ұрпақтарының, оның ұлдары Бақытжан мен Рахымжанның сауапты ісіне алғыс жаудырып, дұғаға қол жайды.
«СБ» ақпарат.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<