Айтыс – ауыз әдебиетінде ежелден қалыптасқан сөз сайысы, жыр жарысы.
Қоғамда болып жатқан түрлі өзгерістер, саяси-экономикалық, әлеуметтік, тұрмыстық жағдайлар ақындар айтысында көрініс тауып, тыңдаушыға жетіп отырды.
Бұл ұлттық өнерді қазір де жалғастырып келе жатқан жас буын өкілдері баршылық. Бұл ретте Сыр елі – жыр елінің орны бір төбе. Сонау есте жоқ ескі заманнан бастау алатын өнердің алтын тіні осы өңірден өрілген емес пе? Сол дәстүр сабақтастығы бүгінге дейін жетіп, қазір де ұлттық діңгегіміздің өзегіндей өміршеңдігін көрсете білді. Осынау құндылықтарды жастардың бойына сіңіру – ұлтымыздың, халқымыздың болашағы үшін аса маңызды. Тарихын терең тану, өнері мен мәдениетін дамыту кез келген ел үшін тұғырлы тұрақтылығы мен қалыптасқан негізін айқындай түсу үшін қажет. Өйткені, өткенін ұмытқандардың болашағы да бұлыңғырлана түсері айдан анық. Мұны Елбасы өзінің “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” мақаласына өзек етті.
Бүгінде елде айтысты жаңғырту ісінің басында тұрған Жүрсін Ерманды танымайтын жан жоқ шығар. Ол салған сара жолмен талай талант елге танылды. Жалпы жұптасып айтысу жәй ғана шоу немесе сөз сайыстыру емес. Бұл жерде ел өміріндегі кейбір күрделі мәселелер көтеріліп, кемшін тұстар да өлеңге өрілетіні сөзсіз. Сонымен қатар елге елеулі тұлғаларымыздың ерен еңбегі мен қазақ халқының бай тарихы, бүгінгі жетістіктері де мақтанышпен жырға қосылады. Ал оны нағыз шеберлікпен жеткізу әр айтыскер ақынның білімі мен талантына байланысты. Осы ретте Сыр елінің де айтыс өнеріндегі шоқ жұлдыздарын атап өту – осы өңірдің перзенті ретінде маған парыз. Сонау Манап Көкеновтің ізін жалғаған Әбілқайыр Сыздықов, Мұхтар Ниязов, Нұрмат Мансұров, Иранғайып Күзембаев, Мейірбек Сұлтанхан секілді көп бәйгенің алдын бермей жүрген жүйріктер екені мәлім және біз олармен мақтанамыз.
Осы ретте бір деректі атап өткім келеді. Жуырда қызылордалық археолог Әзілхан Тәжікеев әлемдегі ең көне домбыраның Сыр елінен табылғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Сыр өңіріндегі Жетіасар қалашығынан табылған біздің заманымыздағы IV ғасырға жататын ең көне баба домбыра Мәскеудегі Шығыс музейінің архивінде сақтаулы тұр. Ғалымдар Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы тапсырмаға орай шетел архивтерімен байланысты нығайту арқылы табылған құнды мұраны қазақтың қоссаз домбырасы деген болжам жасап отыр. Кезінде орыс ғалымдары белгісіз ағаш бұйым ретінде сақтап қойған жәдігерді фотоға түсіріп, сұлбасын қағазға салып көрген мамандар енді сол көне аспаптың түпнұсқасы негізінде көшірмесін жасауды көзделді. Жалпы аталған музей қорында 1973 жылы Қызылорда өңіріндегі Жетіасар қалашықтарында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген Хорезм экспедициясы тапқан мыңдаған жәдігер бар екен. Айтыстың негізгі аспабы саналатын көне домбыраның Сыр бойынан табылуы да ұлттың асыл қазынасы саналатын өнердің біздің өңірден бастау алғанын дәлелдесе керек.
Айтыс – біздің ұлттық құндылығымыз, осы қасиетті сақтап қалу үшін өткенді саралап, бүгінді бағалап отыру – басты мақсат. Болашақ ұстаз ретінде, келер ұрпақ, жас буынға асыл мұраларды жеткізу жолында қызмет етпекпін.
Құндыз БАЙДУЛДА,
М.Мәметова атындағы жоғары
педагогикалық колледждің
3-курс студенті.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<