Азаматтықтың жарқын жолы

751

0

Дін саласында қызмет етіп жүрген соң өткен күндерге ой жүгіртіп, бірер ауыз естелік қозғап кеткенді жөн көрдім. Өткен жылдың соңында облыстың бас имамы ауысты. Бес жылдан аса уақыт Сыр руханиятына абыройлы қызмет еткен өңірдің тумасы, білім-біліктілігі ұштасқан Болатбек қажы Ұласқанұлы – қазір алып шаһар Алматы қаласы Бостандық аудандық  «Байкен» мешітінің бас имамы. Қуандық, тілектес болдық.

«Жақсының жақсылығын айт» дейді ғой халқымыз. Осы жылдарда облыс имамы қызметін атқарған Болатбек қажы Ұласқанұлы көптеген сауапты істердің ұйытқысы болды. Сырым Датұлы бабамыз: «Азамат жетім болмайды, халықтан болса панасы, халық жетім болмайды басшысы болса данасы» деген екен. Оның дін жолында атқарған жұмысының бір парасына тоқталып өтейін. Ең әуелі ойыма Бас мүфти сапары орала кетті. ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Сыр өңіріне алты рет арнайы жұмыс сапарымен келіп, көптеген игі шаралардың куәсі болған екен.

Аймақта бұрын-соңды болмаған тұңғыш рет республикалық Құран жарысы өтті. Елдің түкпір-түкпірінен Құран көтерген жас қарилар келді. Осы жарысқа сапарлап келген Бас мүфти Наурызбай қажы хазрет ауқымды шараларға қатысты. Әр сапарында облыс басшысымен кездесіп, өңірдегі діни ахуалды талқылап, дін қызметкерлеріне қолдау жасады. Бас мүфти «Белкөл» кентінде әуелден өзі іргесін қалаған медресенің лентасын қиып, ақ батасын берді. Бұл медресе қазір Марал ишан бабамыздың атында. Бұл да болса бас имам қызметіне үлкен жауапкершілік танытқан Болатбек қажы Ұласқанұлының беделі, абыройы деп білемін.

«Азаны бар ел азбайды» деген қанатты сөз бар. Мешіт бар жерде береке, имандылық, ізгілік, жақсылық болады. Шүкір, өңір имандылық ордасынан кенде емес. Болатбек қажы Ұласқанұлының бастамасымен өңірде 24 жаңа мешіт салынса, 23 мешіттің ғимараты қайта жөнделіп, жаңартылды. Облыс төңірегінде мешіт саны өсіп, бүгінгі күні 190-ға жетті. Бұл да – Сыр руханияты үшін үлкен жетістік. Бұрынырақта Сыр өңірін ахун-ишандар елі деп көп айтатынбыз. Өкінішке қарай, ешбір медресе болмағаны қынжылтатын еді. Қазір, шүкір айтамыз. Қызылорда қаласы және Арал, Қазалы, Шиелі, Жаңақорған аудандарында бірінен соң бірі медреселер ашылды. Қала, аудан, сонау шалғай ауылдағы имамдардың да тұрмыс жағдайын жақсарту мақсатында жергілікті әкімдік пен жанашыр азаматтардың көмегімен бюджеттен тыс жолдар арқылы айлықпен қамтамасыз ету жұмыстары ұйымдастырылды. «Бір кісі қазған құдықтан мың кісі су ішеді» демекші, қажекеңнің жасаған қамқорлық игілігін Сыр өңірінің дін қызметкерлері әлі де көріп келеді.

Өңірдегі әйелдер жамағатына да қамқорлығын аяған емес. 2019 жылы облыстық «Ақмешіт Сырдария» орталық мешітінен «Шебер әйел» қолөнер орталығын ашты. Демеушілер көмегімен өндірістік тігін машиналарын орнатып, жұмыссыз отырған қыз-келіншектерге арналған ақысыз тігін курсы өз жұмысын бастады. Киім пішу, тігу сынды шеберліктің сан саласын меңгергендер осы курстан өтіп, сертификат алды. Тігіннің қыр-сырын білу қыз бала үшін ең керекті дүниенің бірі әрі кәсіп көзінің нағыз бастауы деуге болады. Сонымен қатар, асыл дінімізді халыққа оңынан насихаттап әрі жат ағымдардың ықпалы мен қаупінен жас ұрпақты сақтау мақсатында Болатбек қажы Ұласқанұлы орталық мешіттен «Tanym media» студиясын ашып, білікті дін қызметкерлерінің танымдық подкасттарын, уағыз-насихаттарын ғаламтор арқылы әлеуметке жеткізе білді.

Қайырымдылық бағытында атқарған жұмыстары да қаншама?! Әсіресе ол өңірде үйі жоқтан күйі кеткен мұқтаж жандарға «Зекет» қоры арқылы баспана әперіп, қуанған сәттеріне талай куә болды. Қайырымдылық шараларды тәртіпке келтірді. Бұрындары Құрбан айт күндері қаладағы мешіт аулаларында құрбан шалынатын. Көп жағдайда тазалық жағы санитарлық талаптарға сай келе бермейтін. Міне, осының барлығын ескеріп, жұмыс барысын бір қалыпқа түсіріп, тәртіппен ретін келтірді.

«Адал болмай азаматпын демегін» деген екен батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы. Сол секілді азаматтың азаматтығын айтуымыз керек. Мәрттік екінің бірінің қолынан келе де бермес. Қажекеңнің азаматтығы – өзіне аманат етіп берілген қызметті мерзімінде тапсыруы. Ол бір сөзінде әзіл-шыны аралас: «Креслоның шетіне отыр, тұрып кету өзіңе жеңіл болады» деген еді. Қазақтың: «Тақ пен табыттың иесі болмайды» деген қағидасын осы бір сөзбен жеткізсе керек. Өз еркімен сұранып, қызметін абыроймен, ризашылығымен табыстады.

Айтпақшы, Болатбек қажы Ұласқанұлы өз атына берілген су жаңа көлікті мешіттің игілігіне, қызметіне деп табыстап кетті. Тағы бір үлгілі ісі есіме түсіп отыр. Құрмет тұтатын бір азамат қала маңынан, әдемі орыннан өзіне 10 соттық жер сыйлайды. Азаматтығы демей не дерсің?! Сол сыйға берілген жердің құжатын облыстың діни ахуалына тынымсыз еңбек етіп келе жатқан бір қызметкерге өзінің атынан сый етіп беріп жібереді. Әріптесіміз мұндай төтеннен келген сыйды көріп қуанып, ойламаған жерден олжалы болып қалады. Мұндай азаматтығын сырттай естіп, өзінен сұрағанымда әріптестің еңбегін елеп, үй салсын деп сыйға бергенін айтты. «Сол жерге өзіме үй салсам да болар еді немесе үйі жоқ өзімнің туған бауырларым бар, соларға-ақ берсем де ешкім ештеңе демес еді. Бірақ асыл дінге қызмет етіп жүрген жас отбасыға бергенді жөн санадым, үй көтеріп, отбасымен қуанышта болса, сол менің қуанышым» деген сөзін естігенде азаматтық ісіне шаттандым.

«Жүзі жылыдан түңілме» дейді халқымыз. Қажекеңнің халық көңілінен шығып, елдің алғысына бөленуі көркем мәмілесі мен кішіпейілдік қарым-қатынасының жемісі деп білемін. Осындайда Әлихан Бөкейхан атамыздың «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген ұлы сөзі ойға оралады екен. Азаматтың артында игі іс қалса, ел ешқашан ұмытпайды.

Қайырбек ОТЫЗБАЕВ,

облыстық «Ақмешіт Сырдария»

орталық мешітінің наиб имамы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<