Берлинде өткен тұсаукесер

3353

0

Қыстың алғашқы күнінде Берлин қаласында неміс-қазақ қоғамының кезекті отырысы болды. Онда Берлиннің «Wostok» баспасы шығарған «Мұстафа Шоқай: «Ұлт бостандығы – ұлттық рухтың жемісі» атты  неміс тіліндегі кітаптың тұсаукесері өтті. Кітапта Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Мұстафа Шоқай ғылыми орталығынан алынған материалдар негізінде Түркістанның азаттығы үшін күрескен  қайраткер туралы мол мағлұматтар қамтылған. Сондай-ақ жинаққа Бақыт Садықованың  «Мұстафа Шоқай» және Мария Шоқайдың «Менің Мұстафам» атты еңбектері енген.

Отырысты неміс-қазақ қоғамының төрағасы Томас Хельм ашты.  Бұдан кейін осы іс-шараға арнайы шақырылған Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті Мұстафа Шоқай ғылыми орталығының ғылыми жетекшісі, саяси ғылымдар докторы, профессор Ә.Бәкір мен Астана қаласы №51 мектеп-гимназиядағы Мұстафа Шоқай музейінің меңгерушісі С.Сексембаева,  штаттан тыс тілші, доктор Биргит Брауэр және аудармашы, «Wostok»  баспасының қызметкері Бритта Волленвебер сөз сөйлеп, баяндама жасады.

Мұстафа Шоқай «Түркістан ұлттық бірлігі» ұйымын басқарып,   Украина, Кавказ, Еділ, Орал елдері эмигранттарын біріктірген «Прометей» ұйымына қатыса отырып, Түркістан аймағы мен түркі жұртының азаттығы, тәуелсіздігі үшін күресті. Ол Ыстамбұл, Париж, Берлин, Варшава, т.б. қалаларда жасаған баяндамалары мен түрлі басылымда жарияланған мақалаларында патшалық Ресейдің, соның саяси жалғасындай болған кеңестік биліктің түркі халықтарына жасаған озбыр саясатын барынша сынады. Тәуелсіздікке жетудің жолдары мен амалдарын саралаған сұңғыла стратег, тамаша тактик кеңестік жүйенің тым күшті екенін, сондықтан Түркістан ұлттық ұйымының бір міндеті басқа халықтардың ұлттық орталықтарымен тығыз байланыс жасау мәселесін жан-жақты қарастырған болатын.

Профессор Ә.Бәкір «Әлемге танылған тұлға» тақырыбындағы баяндамасында Мұстафа Шоқайдың өмір жолына тоқталып, оның адами болмысы мен қайраткерлігін тілге тиек етті.

– Мұстафа Шоқай Ресейді орыстардың Отаны ретінде емес, патшалық билік пен кеңестік жүйенің орталығы болғаны, ұлттық саясаттың әділетсіздігі үшін  сынады. Сондай-ақ «Мен халыққа қарсы емеспін, халықты басқарып отырған басшыларға қарсы сөзбен күресудемін» немесе «Біз барлық халықты құрметтеуге тиіспіз. Мемлекет үшін бір халықтың өзге халықтан айырмасы жоқ. Географиялық жағдайымыз да Ресеймен достық және бейбіт қатынаста болуымызды талап етеді» деп жазды. Ол «ұлттық тәуелсіздік», «ұлттық мемлекет» ұғымдарын халқымыздың ауызбірлігімен тұтастықта қарады. Мұстафа Шоқай 1920-1930 жылдары негізінен орыс, француз, ағылшын, неміс, поляк және түрік-шағатай тілдерінде жазылған 150-дей мақаласында Англия, АҚШ, Аустрия, Германия, Италия, Жапония, Қытай, Польша, Палестина, Франция, Чехославакия, Шығыс Түркістан, т.б. елдердің сыртқы саясатына, жалпы халықаралық өмірдің өзекті мәселелеріне саяси сараптама жасады, – деді ғалым.

Астаналықтар Мұстафа Шоқайдың мәңгілік мекені – мұсылмандар бейітінде болып, гүл шоқтарын қойып, тиісті рәсімдерін жасады.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<