Білім: Жүктемені азайту қалай жүйеленбек ?

809

0

Жаңа оқу жылы жақындап қалды. Биыл білім беру саласында қандай жаңалықтар орын алады?  Ұстаздар мен оқушыларды нендей өзгерістер күтіп тұр? Сонымен…

Біріншіден, келесі оқу жылы 1 қыркүйекте басталып, 31 мамырда аяқталады. 2022-2023 оқу жылының ұзақтығы 1-сыныптар үшін 35 оқу аптасын құраса, 2-11 сынып аралығындағылар 36 апта оқиды. Жаздың бірінші күнінен бастап оқушылар дәстүрлі демалыстарына шығады.

ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтың сөзінше, бұл бір жағынан оқушылардың оқу жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, бірнеше кешенді проблеманы шешеді. Бүгінгі таңда 1,5 млн бала 5 күндік оқу форматына көшеді, демек осыншама бала үшін қосымша 36 демалыс күні пайда болады. Қабылданған шешімнің арқасында аталған 100 мектеп екі ауысымда оқуын жалғастырады. Қазіргі кезде елімізде 1,5 миллионнан астам бала түстен кейін оқиды. Енді оқу жүктемесінің азаюына байланысты кабинеттер босатылып, екінші ауысымда оқып жатқан 300 мыңнан астам бала бірінші ауысымға көшеді. Бұл да ата-аналар үшін өте маңызды. Жалпы 3,6 млн баланың оқу жүктемесі азаймақ. 

  Ата-аналар қуана қабылдаған жаңалықтың бірі – биыл қазақ тілінде білім алатын бірінші сынып оқушылары «Әліппе» мен «Ана тілін» ғана оқиды. Ал орыс тілін екінші сыныптан, ағылшын тілін үшінші сыныптан бастап меңгереді. 5-11 сыныпта оқитындарға «Жаһандық құзыреттер» курсы енгізіледі.

Жаңа оқу жылында оқушылар тасымалдауға 515 жаңа автобус алынады. Аз қамтылған отбасылар мектепке қажетті киім-кешек пен кеңсе тауарларын өздері сатып алу үшін 37 мың теңге көлемінде ақшалай қаражат алады. Мұндай көмек 470 мыңнан астам балаға көрсетіледі.

Мектеп формасына қойылатын талаптар өзгеріссіз қалады. Өткен жылдағыдай заңнамалық нормалар қолданылады, яғни, оқушылар бұрын сатып алған немесе дайындаған формамен мектепке еркін келе алады.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<