Білім мен денсаулық – басты назарда

289

0

Жуырда облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Бақытжан Сайлыбаевтың төрағалығымен кеңестің кезекті отырысы өтті. Күн тәртібінде екі мәселе – атап айтқанда, азаматтардың денсаулығына байланысты мүгедектігін рәсімдейтін дәрігерлік-консультациялық комиссияның жұмысы, облыс бойынша тұрғындарға медициналық қызмет көрсетудің бүгінгі жайы және ауруханада емделушілер мен емханада есепте тұратын науқастардың тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуі талқыланды. Сондай-ақ, облыс мектептерінің жаңа оқу жылына даярлығы, білім ошақтарының құрылысы мен күрделі жөндеу жұмыстарының барысы, халық тығыз орналасқан шағын аудандарда жаңа мектептер салу мәселелері ортаға салынды.

Бірінші мәселе бойынша облыстық денсаулық сақтау басқар­масының басшысы Жақсылық Әбдусәметов баяндады.

Облыста 790 мың тұрғынға 23 стационарлық, 19 амбулаториялық емханалық ұйым медициналық қызмет көрсетеді. Қаржыландыру көлемі соңғы 6 жылда 39,8 процентке артқан. Нәтижесінде соңғы 3 жылда медициналық ұйымдардың құрал-жабдықтармен жарақтануы 43 процентке артып, 73,2 процентті құраған.

Мемлекеттік-жекеменшік әріп­тестік аясында биыл 9 дәрігерлік амбулатория, жергілікті бюджет есебінен 4 фельдшерлік-акушерлік бекет қолданысқа берілген.

– Осы қыркүйек айында Қазалы ауданаралық ауруханасында ангиограф қондырғысы іске қосылып, Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарының тұрғындарына көмек көрсетілді. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде облыстық медициналық орталығына ангиограф қондырғысы мен компьютерлік томограф(КТ), Байқоңыр қаласындағы филиал мен Жаңақорған аудандық орталық ауруханасына КТ құрылғысын орнату жос­парлануда.  Ал, дәрігер тапшылығын шешу үшін біз өз тарапымыздан соңғы 3 жыл көлемінде 399 жас маманды медициналық мекемелерге тартып, оның 49 процентін бастапқы медициналық санитарлық көмек көрсету ұйымдарына жолдадық. Биыл 62 жас маман жұмысқа тұрса, алдағы айда қосымша 40-қа жуық маман келеді деп күтілуде,– деді басқарма басшысы.

Нәтижесінде қазір медициналық ұйымдардың дәрігерлермен қамтылу көрсеткіші 82 процентке жетті.

Бүгінде мүгедектікті тағайындау мәселесі өзекті екені белгілі. Облыста биылғы 6 айда 30008 мүгедек болса, оның 14149-ы І-ІІ топ, 11345-і ІІІ топ және 4514-ін 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар құрайды.

– Мүгедектікті тағайындау салааралық бағыттағы жұмыстар болып саналады. Атап айтсақ, мүгедектік белгілері бар науқастарды динамикалық бақылау, мүгедектік белгілері анықталса, науқас тіркелген емханадан медициналық-әлеуметтік сараптау комиссиясына жолдау денсаулық сақтау басқармасына қарасты бастапқы медициналық санитариялық көмек көрсету ұйым­дары арқылы жүргізіледі. Мү­гедектік тобын тағайындау еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаменті арқылы жүргізіледі. Облыстағы 19 БМСКК ұйымы дәрігерлік кеңес комиссиясымен қамтылған,– деп атап өтті Ж.Әбдусәметов.

Биыл 6 айда 1197 адамға алғаш рет мүгедектік тағайындалған. 1197 мүгедектің 831-і ересек болса, 366-сы бала. Ересектердің 83,6 проценті еңбекке қабілетті жастағылар.

Мүгедектікке шығудың нозо­логиялық құрылымын саралағанда, бірінші орында қан айналым жүйесі аурулары  болса, екінші орында қатерлі ісік, ал үшінші кезекте, жарақаттар салдарынан алғашқы мүгедектікке шығу басымдылығы анықталса, төртінші орында – көз аурулары.

Ал тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде дәрілік заттармен қамтамасыз ету мақсатында 48 ауру түрі бо­йынша 320 халықаралық атаумен дәрілік препараттарға тапсырыс жасалған. Бүгінде СК «Фармация» ЖШС бірыңғай дистрибьюторы арқылы қыркүйек айына 3,3 млрд теңгеге дәрілік заттар жеткізілген. Сонымен бірге сирек кездесетін 12 ауру түрімен ауыратындарды қосымша дәрі-дәрмекпен, басқа да қажетті медициналық бұйымдармен тегін қамтамасыз ету мақсатында жергілікті бюджеттен  қаржы бөлінген. Нәтижесінде биыл 7 ауру түрі бойынша 81 науқасқа 81468 мың теңгенің дәрі-дәрмегі тегін берілген. 

Осы орайда кеңес мүшелері мүгедектікке шығуда тұрғындар арасында көңілтолмаушылықтардың  жиі орын алатынын алға тартты. Әсіресе, емханадан тиісті дәрігерлік құжаттың дұрыс толтырылмауы салдарынан мүгедектікті тағайындайтын комиссия алдынан кері қайту жағдайының жиі орын алатыны айтылды. Сонымен бірге  мүгедектікті тағайындайтын комиссиялардың әр емхананы бөліп алып, солардан жолданған науқастарды ғана қарауы сыбайластыққа жол беретін, яғни жемқорлық тәуекелдігін арттыратын жағдай екенін алға тартты. Ол бойынша  бірқатар ұсыныс білдірді. Сырқат деңгейі белгілі бола тұрып науқасты жыл сайын комиссиядан өткізудің қисынсыз екенін айтып, көзге көрініп тұрған ауруды әуреге салмай-ақ, бірден ұзақ мерзімге тағайындаудың заңдылығын тал­қы­лады.  Кеңес мүшелерінің сұрақ­тарына еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің облыс бойынша департаментінің маманы Гүлнәр Алтынбасова жан-жақты жауап берді. 

Ал мектептердің жаңа оқу жылына дайындығы, білім ошақтарының құрылысы мен күрделі жөндеу жұмыстары туралы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Бердәулетов баяндады.

Жаңа оқу жылында 293 мектепте оқушылар контингенті былтырмен салыстырғанда 9000-ға көбейіп, 162684 оқушыны құраған. Оның ішінде, 1 сыныпқа келгендер саны 1500-ге артып, 20539 оқушы қабылданған.

– Биыл 1 маусымнан бастап 1 сыныпқа қабылдау процесі авто­маттандырылған жүйеге қосылды. Барлық оқушылар мектептерге толық орналасты. Оқу процесі 1-2 ауысымда жүргізілуде. Сондай-ақ, алдағы 3 жылда оқушылар санының өсуі болжанып отыр. Мәселен, 2020 жылы – 8000 балаға, 2021-2022 жылдары 6000 оқушыға көбеймек. «Саяхат», «СПМК», «Арай-3» жаңа шағын аудандарда мектептердің болмауына байланысты 2000-ға жуық оқушы №2 «Мұрагер», №101, 264 мектептерге қатынап оқуда. Осыған орай, бұл шағын аудандарда салынатын 1200 орындық 3 мектептің жоба-сметалық құжаттары әзірленді, келер жылы құрылыс басталады деп жоспарланып отыр, – деді Б.Бердәулетов.

Бала саны көп мектептер негізінен лицей, гимназия мәртебесінде. Ата-аналар тұрғылықты жеріне қарамастан балаларын осындай білім ұяларына береді. Осыған байланыс­ты биылдан бастап бірқатар мектептерге ІТ-лицей мәртебесі беріліп, информатика, робототехника пәндерін тереңдетіп оқыта бастады.

Жаппасбай батыр көшесі бойынан салынып жатқан 600 орындық жаңа мектептің құрылысы жыл аяғына дейін бітіп, іске қосылады деп жоспарланған. Сонымен бірге, №198, № 261 мектептерге 350 орынға арналған қосымша құрылыстар салынуда, қазан айында пайдалануға берілмек. Наурыз шағын ауданында орналасқан №268 мектепке қосымша 200 орындық  ғимарат салуға жоба-сметалық құжат әзірленіп жатқаны да айтылды.

Жаңа оқу жылында 750 оқушыға арналған 2 жекеменшік мектеп ашылса, сол жағалаудан салынып жатқан 700 орындық бір жеке мектептің құрылысы аяқталып, қарашада іске қосылады деп күтілуде.

Биылғы оқу жылынан бас­тап 4,9,10 сыныптар кестеге сәйкес жаңартылған білім беру маз­мұнына көшірілген. Осы сынып оқушыларына оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерін сатып алуға жергілікті бюджеттен 1,7 млрд теңге бөлінген. Ал биыл 290 мектепке жергілікті бюджеттен 4,3,2 млн теңге бөлініп, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 3 білім ошағын күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған.

Кеңес мүшелері мектептердегі оқушы тығыздығы бойынша облыс көлемінде орын алып отырған ахуалды сынға алды. Алдын ала жасалған зерттеулерінің нәтижесі бойынша анықталған келеңсіздіктерді алға тартты.  Кеңес мүшелері бала тығыздығы мәселесі қалаға ғана тән емес екенін, аудандардағы кейбір мектептерде де бала саны шектен асып кеткенін айтты. Аудандарда апатты жағдайдағы білім ұялары анықталып, арнайы комиссияның шешімімен «апатты» деп жабылған мектеп уақыт өте еш күрделі жөндеу көрмей-ақ, қайта бала оқытып жатыр. Кеңес мүшелері облыс орталығындағы кейбір мектептерде орын алған тығыздық мәселесіне байланысты нақты пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын айтты.

Айнұр БАТТАЛОВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<