«Ислам діні Араб түбегінде дүниеге келіп, Азияда гүлдеді» деген бекер айтыла салған сөз емес. Алланың тарапынан бүкіл адамзатқа түсірілген асыл дінімізді діңгектеп, қасиетті кәләмді жер бетіне дәріптеген адамзаттың алтын тәжі, пайғамбарлардың имамы болған Мұхаммед Мұстафа с.ғ.у-ның (Алла, оны рақымына бөлесін) мына пәниден өткеніне де қаншама ғасырлар өтті.
Қасиетті пайғамбарымыздың үмметтеріне өсиет еткен сөздері мүлтіксіз орындалып та келеді. Алайда, соңғы он бес-жиырма жылда уақабиттер, құраниттер,сәләфиттер секілді неше түрлі «ит»-тер пайда болды. Бастапқы кездегі біздің жас мемлекетіміздегі солқылдақ заңды барынша пайдаланғаны кез-келген саналы пендеге түсінікті жайт. Кезінде ұлты үшін пұшайман болып, қандастарының қамын жеп, артына «Қара местей» қазына тастап кеткен Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «Діні бар да, ұлты жоқ, сақалы бар да, мұрты жоқ, елдің түбіне сол жетер» деп, ұрпақтарын өзге ағымның жетегінде кетуден сақтандырған еді.
Пайғамбарымыздың хадисінде «Шынында менің үмметтерім адасушылықта бірікпейді, егер келіспеушілікті көрсеңдер көпшілікпен бір болыңдар» деген, адасқан топты Алла кешірсін дейміз. Атам Қазақ «Сақалын бастырмағанның елі – кәпір, тырнағын алмағанның өзі – кәпір» дегенді еріккеннен айтқан жоқ. Біздің қолданысымызда ықылым заманнан «Әлмисақтан мұсылманмын» деген сөз бар, бұл Адам атаның Аллаға ант берген күні. Сонда біз қай кезден мұсылманбыз? Иманды жүрекке жасырған жаратушы, кеуде соғып, айқайлағанды болмаса басқа жұрттан ерекшеленгенді қаламаса керекті.
Әлемнің қорқынышына айналған тағы бір термин «Террорист», бұл да – сол жат ағымның момын мұсылманды айдай әлемге жеккөрінішті жексұрын етудің амалдарының бірі. Облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени продюсерлік орталығы бұл індеттің сақтану жолдары, оны болдырмау мақсатында өткен жылы біршама әрекеттер жасады. Атап айтар болсақ, ішкі саясат басқармасына қарасты дін мәселелерін зерттеу орталығынан арнайы мамандары шақырып, бірнеше мәрте дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды. Діни мәселелер жөнінде орталықтың бөлім басшысы Дәрібаев Жеңісбек, мамандар Шахан Бағлан, Кеңесбеков Қожахметтер «Иманға бет бұрсаңыз, имамнан ақыл сұра», «Егемен елдің діни сенім еркіндігі», «Діни сенім негізі мейрімділікте» тағы да басқа тақырыптарда лекциялар оқып, бейне роликтер көрсетті. Әрбір шара соңынан «Тәртіпті елдің татулығы тұрақты», «Жат ағым желіде жетектемесін», «Дін мен дәстүр үндестігі», «Туысың теріс ағым тұзағына түспесін» тақырыптарына жасалған әдістемелік нұсқаулықтар таратылып отырды.
«Діннің негізі – мәдениет» десек, облыстық халық шығармашылығын дамыту орталығы оқылған әрбір лекция мен көрсетілген бейне роликтерді бүкіл ынтасымен қабылдады. Қазір жалпы халық дін жөнінде әжептәуір сауаттанып қалды, ендігі міндет – азғантай қазақтың бірлігін бұзып алмай, Асан қайғы айтқан «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» күнге жақындағанын сезіну ғана.
Берік Саймағанбетов,
Облыстық халық шығармашылығын дамыту бөлімінің маманы.
Облыстық халық шығармашылығын дамыту бөлімінің маманы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<