Дәуір үні

481

0

Ақпарат құралдарының өкілдеріне деген бұқара халықтың сенімі жылдан-жылға арта түспесе кеми қойған жоқ. Халық қоғамдағы күрмеуі қиын шетін мәселенің түйінін тарқату үшін кейде БАҚ-тың көмегіне жүгінгенді жөн көріп жатады. Бұл баспасөздің төртінші билік деңгейінен түспегендігінің дәлелі болса керек. 

Газет – өзінің жаратылысынан шындықтың айнасы, адамгершілік пен ізгіліктің үл­гісі. Шиелі аудандық «Өскен өңір» газеті де 80 жыл бойына Ахмет Байтұрсыновша айтсақ, «халықтың көзі, құлағы, һәм тілі» болып, аудан тарихымен бірге жасасып, халықтың мұң-мүддесін шешуге, тәрбиелі мә­німен, шығармашылық бағы­тымен үлес қосып келеді.

Ең алғашқы саны 1939 жылы 19 наурызда «Стахановшы»  деген атпен жарық көрген Шиелі аудандық «Өскен өңір» қоғамдық-саяси газетіне биыл 80 жыл толып отыр. 1956 жылы «Коммунизм жолы», ал 1963 жылы «Өскен өңір» атымен шығып келген аудандық газетте киелі Шиелі өңіріндегі жетістіктер мен тарихи сәттер, кемшін тұстары мен келешегі жайында сан түрлі мақалалар жарық көрді. Дәуір айнасына айналған басылымның әр кезеңінде қаламы қарымды, ойы ұшқыр, сөзі өткір тілші­лер қалам тартты.  Бұл басы­лым аудандық, ауылдық ке­ңес­тердің рөлін көтерумен бір­ге бір шоғыр болашақ ақын-жазушыларды бесігінде тербетті, олардың көпшілігі рес­пуб­ликалық ақпарат құ­рал­дарында бүгінгі таңда  абыроймен жемісті еңбек етіп, шы­­ғар­машылық жолдарын жал­­ғас­тыруда.

Шаң басқан архивті ақта­рып, өткен күндерге көз жүгір­тер болсақ, 1967 жылдың 4 мамыр күнгі №54 санында «Өткен жылы редакцияға барлығы 1459 хат түсті. Оның 1322-сі жарияланды. Сол күндері «Өскен өңірге» 62 тілші, 22 автор тұрақты жазып, газет жұмысына атсалысып тұрды» – деген мағлұматты байқаймыз. Ал, енді сараптап көрелік. Жылына 365 күн бар. Оның демалыс және мереке күндерін алып тастар болсақ, шамамен 300 күнде 1459 хат түскен. Ойлана беріңіз, күніне 5-6 хат келіп тұрады. Одан бөлек, 62 тілші мен 22 автор тұрақты түрде мақала жазып, жолдап отырған, яғни, газеттің сол жылдардағы ақпараттарды толық қамтуға мүмкіндігі зор болған. Сонымен қатар, халықтың газетке деген құрметі, белсенділігі, қоршаған ортамызда орын алып жатқан әрбір оқиғаға бейжай қарамайтынын да аңғаруға болады. Сонымен қатар «Өскен өңір» газетінің осыдан 50 жыл бұрынғы яғни, 1969 жылы жарық көрген сандарын ашып қарасаңыз, ауданның айшықты істерімен қатар сыни мақалалар мен репортаждарды жиі кезіктіресіз. Мәселен, С.Құрманаевтың «Ба­лаң ойдың байламы» деген мақаласы жаңағы түскен хаттар төңірегінде өріледі. Мектеп оқушыларының ұстазына берген бағасы, жұмысы жа­йында жазған материалдарының орынсыз екенін, ұстазға баға беру оқушының ой-өресіне сай еместігін саналы оқырманға сыпайы түрде нақтылап жеткізеді. Сондай-ақ, «Дабыл қағамыз, сергек қараңыз» айдарымен тұралап тұрған мәселелердің түйінін тарқатқан өткір мақалаларды аңғаруға болады. Халық пен билік арасындағы тығыз қарым-қатынас, ашық диалог сол кездің өзінде өте жақсы дамығандығын «Қар­жы халық игілігне жұм­са­­лады» тақырыбындағы қар­жы бөлімінің жыл бойына атқарар жұмысын жариялаған ақпараттан аңғаруға болады. Бұл бұқараның мемлекет қаржысының қайда қалай жұмсалатынынан хабардар бо­­луымен қатар, сыбайлас жем­­қорлықтың жолын кесуге арнал­ған таптырмас мүмкіндік сы­ңайлы.

Газет арқылы адам күн са­йын басқа жандармен пікір алысады, өзін толғандырып жүрген сұрақтарына жауап табады, әр нәрседен хабардар болып, өзіне бағалы деген дүниені тауып, белгілі қорытынды жасайды. Өзінің 80 жылында «Өскен өңір» газеті ұлт ұясы атанған Шиелі өңірінің жылнамасын жасап, өзіндік бағыт-бағдары, бет-бейнесі бар басылым ретінде елге танылды. Өзге де басылымдар сияқты талай кезеңді бастан өткерді. Қай қоғамда болса да ол өз оқырмандарына қалтқысыз қызмет етіп келеді.

Барлық ірі оқиғалар, дүбір­лі жиындар, басқа да түрлі мәселелер газет бетінен әркез көрініс тауып жатады. Өмірлік мәселелерді қамтып, оқырманның сұранысын қана­ғаттандыру бағытында редакция ұжымы тыным таппай жұмыс жасап келеді. Жыл басынан бері аудандық газетте қырыққа жуық сын, ұсынысқа негізделген мақалалар жария­ланды. Бұл – дерек газеттің әрбір екінші нөмері қоғамдағы кезіккен өзекті проблеманы айналып өтпей, мәселе етіп көтеріп, атқарушы билікке ұсыныспен шығып отырады деген сөз. Елдің, жердің, халықтың, жұрттың жоғын жоқтап, түгесілгенін түгендеуге атсалысып, кемшілік көрсе, теріп жазбай тура жазып, тер төгіп еңбек етіп келеді.  

Редакция кейде атаулы ме­рекелік күндерде арда­герлерін ардақтап, өткенін өшірмей түрлі мәдени-спорттық, қоғам­дық-көпшілік шаралар ұйым­дастырып отырады. Газет кө­терер тақырыптардың да аясы өте кең. Ол қоғамдық саяси-әлеуметтік мәселелермен қа­тар, білім, өнер, мәдениетке де ерекше назар аударады. Оқырмандарға ой саларлықтай түрлі айдарлары да айшықты. Ең бастысы, журналистердің жазған мақалалары оқырман көңілінен шығуда. Өйткені, 80 жылдық тарихтан сыр шер­тетін басылымның бүгінгі қыз­меткерлері редакцияда бұрын шығармашылық еңбек еткен үлкендердің көрсеткен жолынан жаңылған емес.

«Өскен өңір» – Тәуелсіздік жылдарынан кейінгі кезеңде де өз оқырманының тілегімен үндескен басылым. Оның таралымы жылдан-жылға кеңейіп, қазіргі кездегі саны бес мыңнан асып жығылады. Аудан жұртшылығы іздеп жүріп оқитындай басылымға айналды. Редакцияның жүрегі болып табылатын шығармашылық ұжым жасарған. Ұжым мүше­лері әркез ауызбірлікте, ұйым­шылдықта болып газеттің беделін биіктетуге бар күш-жігерлерін жұмсайды. Оның ішінде шығармашылық ұжым­ның шабытын шыңдап, бағыт-бағдар беретін редактордың орынбасары Елдос Жүсіп, га­зеттің әр бетін түрлі дизайндармен әрлеп, сапалы шығуын қамтамасыз ететін жауапты хатшы Ерұлан Даткенов, қос бөлімді басшылығына алған Гүлхан Яхияева мен Гүлнәр Дүйсебаева, ізденімпаз тілші Маржан Құрманғалиева, дизайнер Саламат Әбдрахманов, жарияланған мақалаларда бір­де-бір қате болмауын, тыныс белгілерінің дұрыс қойылуын қадағалап отыратын корректор Фариза Кенжешова, газетті фотолармен көркемдеп отыратын фототілші Бақытжан Бәйімбеттің де еңбегін жоғары бағалау қажет. Сондай-ақ, ұжымда бас маман 30 жылдай тәжірибесі бар Күләш Мырзаева, менеджер Дастан Құдабаев, баспасөз маманы Абылайхан Сақтағановтың да газеттің өсіп-өркендеуіне қосар өзіндік үлестері бар. Ұжымның әр ісі­не ұйымшылдықпен атсалыса­тын техқызметкерлер Сәуле Алда­жұманова мен Елтай Айып та тә­жірибесі мол жандар.

Аудандық газет жайлы айт­қанда, оның серіктес, ен­шілес мекемесі – баспахана туралы еске алған ләзім. Оның өзі де бір дәстүр – тағылымы мол, редакциямен егіз ұжым. Бейнеті көп, алайда, абыройлы осы салада баспахана ісін алғашқы ұйымдастырушы Болдыбек Төлешов болса, оны өркендетіп, ісін алға апарған Тәжік Жолтаев, Төлеш Ахметов, Тұрсынбай Ахметов, Нағима Бәйменова, Өміртай Қалиевтің еңбектерін атауға болады. Жеті қат жер астынан кен өндіріп, Шиеліде мыңғыртып мал өсіріп, ақ маржанымен Алашқа мақтан болған еңбек майталмандарын шабытқа то­лы шығармашылығына арқау еткен, іскер де қажырлы, даңқ­ты аға ұрпақ дәстүрлерін жалғастырушы бүгінгі ұрпақ­тың шыңдалуы мен сомдалуына елеулі үлес қосып келген ел басылымының 80 жылдық шежіресі осындай.    

Атақты ағылшын жазушысы Марк Твен «Дүниенің бұрыш-бұрышына жарық беретін екі-ақ күш бар. Оның бірі аспандағы – күн, екіншісі жердегі – газет», деген екен. Әрине, бұл салыстыру тым асыра сілтегендік болып кө­рінгенімен, онда айна-қатесіз шындық бар екені талассыз. Мұның өзі баспасөз қызметкері көтерер жүктің деңгейін танытады. Жергілікті газет өміршеңдігін толық дәлелдеп берді. Туған жері тірек, туған жұрты жүрек болып соғып тұрған заманда газеттің тынысы түгесіліп, өрісі тарылмақ емес. Олай болса, «Өскен өңір» бізге дейін өмірге келген болса, бізден кейін де өмір сүре бермек. «Газеттің өзі бір күндік, сөзі – мың күндік» деген нақыл бар халық арасында. Міне, сол, соңында мың күндік мақалалар қалдырып, талай асудан асып, толайым биіктерді бағындырған қария газет «Өскен өңір» 80 жасқа толып отыр. Жаңалықтың жаршысына алдағы уақытта да абырой-мәртебең арта берсін демекпіз.

Нұрболат ПІРІМБЕТ,

«Өскен өңір» газетінің 

бас редакторы. 

Шиелі ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<