Еңбек дауы туындамас үшін…

312

0

Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Қызылорда облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің  төрағасы Серік Сермағанбетовтің қатысуымен брифинг өтті. Бірлестік төрағасы І жартыжылдықта атқарған жұмыстар жайын мәлімдеді.

Қазіргі күні облыстың аумақтық кәсіподақтар бір­лес­тігі 11 салалық кәсіподақта 1020 ұжымды біріктірсе, оның  83 проценті мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын мекемелер. Өткен жылы 2 салалық кәсіподақ ұйымы – «Senim» денсаулық сақтау жү­йесі жұмыскерлерінің са­­ла­­­­лық кәсіподағы мен  «YNTYMAQ» орта және кіші биз­нес жұмыскерлерінің қа­зақ­­­­­стандық салалық кәсіп­одағы республикалық қо­ғам­дық бірлестіктерінің об­лыс­­­­тық филиалы құрылып, өз жұмыстарын бастап кеткен. Есепті мерзімде жұмыс кү­шінің саны – 347,9 мың адам­ды құраса, жұмыспен қам­тылғаны – 331,4 мың адам. Жұ­мыссыздық деңгейі 4,8 про­центті көрсетіп отыр. Жұ­мыспен қамтылған халық са­нына шаққанда кәсіподақ мүшелерінің үлесі осы жыл­дың 6 айында 28,4 процентке жеткен. 

– Қазіргі уақытта 6005 мекеме мен кәсіпорынның ұжым­­дық шарттары тір­келу­де. Облыс көлемінде 863 мекемеде төменгі жалақы кө­бейтілді. Түсіндірме жұ­мыс­­тарының нәтижесінде мем­лекеттік бюджеттен қар­жы­лан­дырылмайтын нақты 16 кәсіпорында жалақы өсіру мәселесі құпталып, ұжым­дық шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұл жұмыс онан әрі жалғасын табады. Аймақта кәсіподақ ұйымы бар мекемелер  мен кәсіпорындардағы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша 628 өндіріс­тік кеңес құрылды. Онда 658 техникалық инспектор қо­ғам­дық жұмыс жасайды. Өндірістік кеңес құру жұмысын одан әрі жандандыру мақсатында «Қауіпсіз еңбек» акциясы жарияланды. Акция аясында салалық кәсіподақтар мен әлеуметтік әріптестердің қатысуымен жұмыс тобы аудандарда, елді мекендерде қоғамдық бақылау жүргізетін болады, – деді  Серік Сағитжанұлы.

Құрылғанына бір жыл бол­­ған «Senim» денсау­лық сақ­тау жүйесі жұмыс­кер­лері­нің салалық кәсіподағы да бүгінде түрлі шаралардың  жүзеге асуына ұйтқы болуда. Мәселен, жастар жылына орай 7 маманға қайтарымсыз 500 мың теңгеден бір жолдық көмек көрсетсе, «7-20-25» бағдарламасы ар­қы­лы тұрғын үй алу үшін 2 маманға 1 млн теңгеден, 4 маманға 1 млн 500 мың теңгеден алғашқы жарнапұл төлем­дерін берген. Бұл туралы “Senim” денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің сала­лық кәсіп­одағы облыстық фи­лиалының төрағасы Асылхан Абылайұлы тілге тиек етті.

– Біздің бірлестіктің алдында бірқатар жоспарлар тұр. Соның бірі жуырда екі дәрігеріміз Жапония еліне барып, біліктіліктерін же­тілдіреді. Сонымен қатар, ал­дағы уақытта ұйым мүшесі болып табылатын науқас балалары бар сала қызметкерлері мен орта буын өкілдеріне көмек беруді қолға алмақпыз, – деді ол.

Баяндамашылардың айтуынша, көптеген мекемелерде еңбек шарты жасалмайды, тіпті, жұмыс берушілер кәсіподақ ұйымын құруға қызығушылық танытпайтын көрінеді. Осы ретте, әрбір жұмыскер өз құқығын білсе дейді сала мамандары.

– Кез келген мекеме алдымен еңбек шартын жасауы тиіс, оны жұмысқа тұрып жатқан азамат та талап етуі керек. Өкінішке орай, еңбек шартын жасауға, жұмысшылар құқығын қорғайтын кәсіподақ ұйымын құруға мекеме басшылары селқос қарайды. Бұл дұрыс емес. Егер жұмыс беру­ші мен жұмыскердің ара­­сындағы келісім-шарт то­­лық орындалса, қоғамда ең­бек да­уы туындамас емес еді, – деді қазақстандық сала­лық бі­лім және ғылым қыз­мет­кер­лері кәсіподағының об­лыс­тық төр­айымы Райкүл Байназарова.

Жиын соңында БАҚ өкілдері тарапынан бірқатар сұрақтар қойылып, тұшымды жауаптар алынды.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<