Ел жаңалықтары

369

0

Жаңа 5 мың теңгелік банкнота

Сақ стиліндегі жаңа дизайндағы номиналы 5 000 теңгелік банкнота айналымға шықты. Бұл туралы Ұлттық банктің баспасөз қызметі мәлім етті.

Жаңа серияның алғашқы банкнотасы 2023 жылы 25 желтоқсанда айналымға шыққан. Ол қазақы ою-өрнектің бастау негізі саналатын және көшпенділердің бірегей мәдениетінен бастап бүгінгі Қазақстанға дейінгі ел мұрасын бейнелейтін «Сақ стилі» элементтеріне негізделген.

Инфляция деңгейі тағы төмендей ме?

Қаржы мамандары қаңтар айының қорытындысы бойынша инфляцияның төмендейтінін болжап отыр. Бұл ретте, экономикалық зерттеулер институты Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені кезекті төмендету туралы шешіміне қатысты сараптамалық пікірін ұсынды.

2023 жылдың желтоқсанында болжанғандай, жылдық инфляция 9,8 пайызға дейін төмендеген еді. Қаңтар айында инфляция 9,7 пайызға дейін төмендейді деген болжам бар. Негізгі себептердің бірі ретінде Үкімет пен Ұлттық Банк қабылдайтын шаралар аталады. Сарапшылар әлемдік экономиканың өсу қарқыны мен энергия бағасының төмендеуіне баса назар аудару керек екенін алға тартып отыр. Себебі, мұның бәрі 2023 жылы тауарлар мен қызметтерге, соның ішінде шикізатқа деген сұраныстың төмендеуіне әсер еткен болатын.

Қазақстан көмірін экспорттау  6,5 есеге артты

Қазақстан көмірін алыстағы мемлекеттерге экспорттау көлемі артты. Бұл туралы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі баспасөз қызметінен мәлім болды. Өндірілген көмірдің 26-28 пайызы экспортталуда.

Кейінгі бес жылда экспорттық әлеуеттің прогрессивті сипатта екені көрініп тұр. ҚР Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша алыс шетелдерге тас көмір мен лигнит экспорты 6,5 есе, 1,3 млн-нан 8,5 млн тоннаға дейін ұлғайды. Ең алдымен, бұл жағдай Еуропа одағының Ресей Федерациясына қатысты қабылдаған санкциялық шараларына, олардың қазақстандық көмірге деген сұранысының артуына және оның құнының өсуіне байланысты.

Университетте 4 жыл оқу тым ұзақ

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек елордада өткен форумда жоғары білім нарығындағы жаңа трендтердің дәстүрлі оқу форматын өзгерте бастағанын айтты.

«Біздің қатып қалған 4 жылдық, 3 жылдық, 5-6 жылдық оқыту циклдарымыз ұзақ. Еңбек нарығы оларды күте алмайды. Оған қысқа уақытта неғұрлым көп адамды жаңа дағдыларға үйрететін құралдар қажет. Бұған дейін біліктілік арттыру трендте болса, енді кез келген қызметкердің негізгі білім базасын қысқа мерзімде заман талабына сай дағдылармен ауыстыру трендте болады» деді Саясат Нұрбек.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<