Елбасы өмірінің жарқын беттері

393

0

Нұр-Сұлтан қаласындағы «Назарбаев орталығында» Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, «Қазақстанның құрметті журналисі», белгілі пуб­лицист-жазушы, жерлесіміз  Айтбай Сәулебектің шығармашылық кеші өтті. Мәдени іс-шараны Қазақстан Респуб­ликасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы ұйымдастырды.

Халықтың мәдениеті мен руханиятын терең қастерлеген Айтбай Сәулебектің қаламынан туған «Елбасының алтын бесігі», «Құрыш тұлға» іспетті қос тілді туындылардың бірқатары тұсауы кесілген сәттен-ақ кітапхана қорына қабылданып, әлі күнге дейін іс-шаралар аясында кеңінен қолданылып келеді. Бұл туындылар 2017 жылы іске қосылған «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрме жобамыздың аясында Алматы, Түркістан, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Жамбыл облыс­тарының тұрғындарына жол тартып үлгерді», – деді Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов.

Жазушының кешіне ҚР Тұңғыш Президентінің Қарағанды политехникалық инс­титутындағы курстастары мен металлургия комбинатындағы әріптестері – Төлеутай Сүлейменов, Қуаныш Омашев, Тоқтархан Ысқақов, Айтбайдың  ұстазы, көп жыл ­Ш.Есенов атындағы мектеп-гимназияны басқарған Пернебек Ахметов, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, академик, химия ғылымдарының докторы, Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің (Н.Назарбаев оқыған білім ордасы – А.С.) бұрынғы ректоры Арыстан Ғазалиев, Қарағанды облысы Ұлытау ауданының бұрынғы әкімі, қоғам қайраткері Серік Тілеубаев және М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті мен Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің студенттері, сондай-ақ  кітапхана қыз­меткерлері қатысты.

Елбасының достары А.Сәулебектің тұңғыш Президенттің өмірін зерттеп, әсіресе, металлургия саласындағы кезеңін жан-жақты түрде, шынайы көрсеткендігіне ырзашылықтарын білдірсе, ұстазы П.Ахметов Тартоғай ауылынан шыққан шәкіртінің сескенбестен тарихи ауыр міндетті атқарғандығын, соның арқасында беделі артқандығын көзімен көріп, көңілімен сезінгендігін мақтаныш тұтатындығын тілге тиек етті. Академик А.Ғазалиев Айтбай Асанұлының Қарағандыда 30 жылдан астам еңбек етіп, қоғамға жат қылықтарды баспасөз беттерінде әшкерелеп, батыл журналист ретінде танылғандығын айтса, еңбек ардагері Серік Тілеубайұлы «ондаған кітаптың авторы, оның екеуі Тұңғыш Президенттің 39 жыл өмірін зерттеуге арнаған А.Сәулебектің шығармашылығын бағалайтын кез келді» деп пікір білдірді.

Кездесуде сөз алған Айтбай Асанұлы Елбасытану тақырыбын Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды басқарғаннан бастап қолға алмағандығын түсіндірді. Мұның мәнісі мынада екен: Айтбай Сәулебек 1983 жылдан бастап Қарағанды металлургия комбинатында еңбек еткен металлургтардың өмірі мен еңбек жолдары туралы зерттеуді қолға алады. Оның 1984 жылы «Орталық Қазақстан» газетінде «От жүректі жігіттер», ал «Жас Алаш» газетінде  1992 жылдың 1-ші желтоқсанында «Біздің Нұраға» атты журналистік зерттеулері жарияланады. Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақ КСР Орталық Комитетінде, кейін Қазақ КСР Министрлер кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарып жүрген кездері жас журналист оның металлургия саласындағы елеулі еңбегі жайындағы деректерді жинастырады. Болашақ Елбасының Теміртаудағы достары Назарбаевты ауыздарынан тастамайды. Сұлтанның Қазақстан Магниткасында өткізген жалынды жастық шағын жыр ғып айтады, өздерінің онымен әріптес, жақын жолдас болғандығын зор мақтаныш сезіммен жеткізеді.

Бұдан шығатын қорытынды: Айтбай Сәулебек басқалар тәрізді, Нұрсұлтан Әбішұлы Президент орынтағына отыр­ған соң ғана оның өмірі туралы кітап жазған қаламгер емес. Елбасы туралы деректерді әртүрлі басылымдардан көшіріп алмаған, керісінше тынбай ізденістің арқасында тыңғылықты түрде журналистік зерттеу жүргізген. Қазақстандағы мұрағаттар өз алдына, Елбасы оқыған Украи­наның Днепродзержинск қаласында, Мәскеу мен Омбыда, Үшқоңырда, Теміртау мен Қарағандыда бірнеше мәрте іссапарда болып, куәгерлердің айтқан әңгімелерін таспаға түсіріп отырған. Тарихи суреттерді жинастыруды да ұмытпаған.

Екінші факт: А.Сәулебек Тұңғыш Президент сыйлығы мен «Құрмет» орденін алғашқы кітабын шығармай тұрып иеленген. Үшінші факт сол: зерттеуші журналист Нұрсұлтан Әбішұлын Елбасы ретінде дәріптеп отырған жоқ, бар болғаны оның 39 жыл өмірін зерттеген. Атап айтар болсақ: балалық шағы, Украинадағы бір жарым жыл, Теміртаудағы 17 және Қарағанды обкомындағы 2 жылы суреттеледі Айтбай Сәулебектің кітабында.

Жазушының Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің Теміртау мен Қарағандыда өткізген 19 жыл өміріне арналған «Құрыш тұлға» атты тарихи-деректі кітабы (2017 ж), ал орыс тіліндегі «Старт Елбасы» атты нұсқасы (2019 ж)  Түркияда басылды. Әрқайсысының көлемі – 40 баспа табақ.

Мазмұнды кеште Елбасы кітапханасының басшылығы Айтбай Сәулебектің оннан астам кітабы мен «Сыр бойы», «Егемен Қазақстан», «Айқын», «Литер», т.б. басылымдарда автор туралы жарық көрген мақалалардан құрастырылған көрме ұйымдастырды, кітаптардағы тарихи суреттерді слайд түрінде көрсетті.

Жамбыл және Батыс Қазақстан облыстарынан келген студенттер кеш қонағына көкейлерінде жүрген өзекті сұрақтарын қойып, тиісті жауап алысты. Автор өткір сауал қойған жастарға өзінің «Махаб­бат – жалғыз» атты жыр жинағын сыйлады.

Мәдени шара соңында студент жастар өз өнерлерін танытты. Әсем әндер шыр­қалды. Қонақтар Назарбаев орталығындағы экспозициялар мен жәдігерлерді қызықтады.

***

Жерлесіміздің осындай же­тістікке жетіп, ойлы оқырман бағалаған қаламгерге айналуын қызылордалық әріптес­тері де мақтаныш тұтады. Осы ретте Айтбай Сәулебекті жақында ғана «Шиелі ауданының Құрметті азаматы» атағын алуымен шын жүректен құттықтап, шығармашылық шал­қар шабыт, мол табыс тілейміз.

 

Д.Айболатұлы.

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<