Еңбек дауы туындаса…

578

0

Кейінгі кездері жұмыскерлердің жалақы мөлшерін көбейтуді талап етуі ұжымдық дау туындауының негізгі бір себебі болып отыр. Бұл әлеуметтік ахуал тұрақтылығының бұзылуына әкеп соғуы мүмкін.

Осы орайда, облыс әкімдігі еңбек жанжалдарын уақытылы болжау және жол бермеу бойынша мониторингтік топ құрып, топ  анықтаған резонансты жағдай туындатуы мүмкін кәсіпорындар туралы ақпараттар ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанындағы ахуалдық орталыққа хабарлануда. Облыстағы еңбек ұжымдарында туындаған даулы мәселелер үшжақты әлеуметтік әріптестік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі комиссия мәжілістерінде қаралып, олардың оңтайлы шешілуіне ықпал етіледі.

Жыл басынан бері облыстың үш ірі мұнай компаниясында жұмыскерлердің жалақы мөлшерін көбейтуді талап етуіне байланысты наразылықтар болды. Мәселелер жергілікті уәкілетті мемлекеттік органдардың қатысуымен жұмыс беруші мен жұмыскерлер арасында жүргізілген келіссөздер аясында қаралып, нәтижесінде оңтайлы шешімдер қабылданып, әлеуметтік ахуал тұрақтанды.

Жұмыскерлер тарапынан табысты арттыруға қатысты мәселелер жиі туындауына байланысты ұжымдық еңбек дауларының шешу жолдары жөнінде еңбек заңнамасының талаптарын түсіндіріп өтейін.

 Ұжымдық еңбек дауы дегеніміз – жұмыскерлер мен жұмыс беруші арасындағы еңбек жағдайларын белгілеу мен өзгертуге, әлеуметтік-еңбек қатынастарының мәселелері бойынша ұжымдық шарттарды (келісімдерді) өзгертуге және орындауға байланысты (жалақыны қоса алғанда) реттелмеген келіспеушіліктер. Дау жұмыскерлердің талаптары туралы жұмыс берушіні жазбаша хабардар еткен күннен бастап туындаған деп есептеледі. Жұмыс беруші жұмыскерлердің қойған талаптарын алған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей қарауға және оларды шешу үшін шаралар қабылдауға, көрсетілген мерзімде шешу мүмкін болмаған кезде, туындаған келіспеушіліктерді одан әрі қарау үшін өз өкілдерін көрсете отырып, өздерінің шешімдері мен ұсыныстарын жұмыскерлерге жазбаша түрде жеткізуге міндетті.

Жұмыскерлердің талаптары жалпы жиналыста қалыптастырылады және бекітіледі. Жиналысқа ұйым жұмыскерлерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, заңды деп танылады. Оның шешімі қатысушылардың кемінде үштен екісі қолдап дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі. Жиналыс өткізу мүмкін болмаса,  жұмыскерлердің өкілді органының өзі ұсынған талаптарын қолдауға жұмыскерлердің кемінде үштен екісінің қолтаңбасын жинап, өз шешімін бекітуге құқығы бар.

Көрсетілген талаптарды әртүрлі жұмыс берушілердің жұмыскерлері қойған жағдайда, бұл талаптарды кәсіптік одақтардың салалық немесе аумақтық бірлестіктері не жұмыскерлер уәкілеттік берген өзге де жеке және заңды тұлғалар ұсынуы мүмкін. Жұмыс беруші жұмыскерлердің талаптар қою жөнінде жиналыс өткізуіне кедергі келтірмеуі тиіс. Талаптарды шешу мүмкін болмаған кезде, олар татуластыру рәсімдері тәртібімен қаралады. Тараптар ұжымдық еңбек дауын қараудың кез келген сатысында делдалға жүгіне алады. Делдалдық рәсім татуластыру комиссиясындағы, еңбек төрелігіндегі татуластыру рәсімдеріне қарағанда дербес болып табылады және солармен қатар жүргізілуі мүмкін.

Ұжымдық еңбек даулары мынадай реттілікпен шешіледі: жұмыс беруші (жұмыс берушілер бірлестігі) шешу мүмкін болмаған жағдайда татуластыру комиссиясы, онда келісімге қол жеткізілмеген кезде еңбек төрелігі, ол реттемеген мәселелер бойынша  соттар қарайды.

Татуластыру комиссиясы – жұмыс берушi мен жұмыскерлер өкілдерінің тең санынан тепе-теңдік негізде тараптардың бірлескен шешімімен құрылған орган. Татуластыру комиссиясында келiсiмге қол жеткiзiлмеген кезде оның жұмысы тоқтатылады, дауды шешу үшін еңбек төрелігі құрылады.

Еңбек төрелігін ұжымдық еңбек дауының тараптары татуластыру комиссиясының жұмысы тоқтатылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде құрады. Оның мүшелерінің саны, дербес құрамы, еңбек дауын қарау тәртібі тараптардың келісімімен тепе-теңдік негізде айқындалады. Еңбек төрелігі кемінде бес адамнан тұруға тиіс. Құрамына мемлекеттік еңбек инспекторы кіреді. Еңбек төрелігінің шешімі ол құрылған күннен бастап жеті жұмыс күнінен кешіктірілмей төрелік мүшелерінің қарапайым көпшілік даусымен қабылданады.

Татуластыру комиссиясы және Еңбек төрелігінің жұмысы туралы толығырақ ҚР Еңбек кодексінің 165, 166-баптарында баяндалған. Комиссия мүшелері ұжымдық еңбек дауын шешу жөніндегі келіссөздерге қатысқан уақытта жалақысы сақтала отырып, жұмысынан босатылады.

Жұмыскерлердің, олардың бірлестіктерінің ұжымдық еңбек дауын шешуге қатысатын өкілдері дауды шешу кезеңінде тәртіптік жазаға тартылмайды, басқа жұмысқа ауыстырылмайды немесе солардың өкілдік етуіне уәкілеттік берген органның алдын ала келісімінсіз жұмыс берушінің бастамасы бойынша олармен еңбек шарты бұзылмайды.

Ұжымдық еңбек дауының тараптары қол жеткiзген келiсiмдер жазбаша нысанда ресiмделедi. Тараптар арасында даудың шешілуі туралы келісімге қол жеткізу, егер ереуіл жарияланған болса, оның тоқтатылуына алып келеді. Тараптар еңбек дауының бейбіт, тиімді шешілуіне мүдделі болуы тиіс.

ҚР Еңбек кодексінің 176-бабында ереуілді заңсыз деп тану туралы бірнеше негіздер көрсетілген. Ереуілді заңсыз деп тану туралы шешімді сот Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қабылдайды. Заңсыз ереуілге қатысудың заңмен белгіленген жауапкершілігі болады.

Бауыржан Шаменов,

облыстық бақылау жөніндегі  басқармасының басшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<