Ер еңбегімен озады

587

0

Қазалыға сапар барысында кәсіпкерлік нысандарын аралауға мүмкіндік туды. Әуелі аз-маз дерек. Жалпы, ауданда шағын және орта кәсіпкерлік бойынша 5 мыңнан аса нысан тіркелген. Биыл 11 кәсіпкер өз жұмысын бастаса, 100-ден аса жобаға мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсетіліпті.

− Қазалы ауданының тұрғындары кәсіпкерлікке барынша бейім. Кейінгі  жылдары ауыл шаруашылығынан бөлек өнім өндіру саласы да өз деңгейінде дамып келеді. Мәселен, биыл «Қызылорда» өңірлік инвестиция орталығынан 13 жоба қолдау тапса, оның басым бөлігі өндіріске бағытталған. Одан бөлек, биыл 12 нысан іске қосылса, жыл аяғына дейін тағы да 7 кәсіпкерге толықпақ, − дейді аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің жетекші маманы Арыстанбек Сермағанбетұлы.

Айтпақшы, аудан орталығынан бөлек ауылдардың да дамуына мән берілуде. Ол үшін ауылға қажетті кәсіп түрі мен қызығушылығы бар азаматтар анықталып, соған орай,  ауыл әкіміне тапсырма берілген.

Мемлекет қолдауымен 6 пайыздық несие алып, өндірісін өркендетіп отырған азаматтың бірі – Талғат Ембергенов. Қазір ол арнайы ғимарат тұрғызып, ағаш өнімдерін шығаруда. 5 адам жұмыспен қамтылған бұл нысанда ағаш баспалдақтар, түрлі жиһаз жасалады. Кәсіпкер өз өніміне тапсырысты онлайн қабылдап, жүйелі жұмыс істеуде. Қазіргі таңда оның цехынан шыққан ағаш бұйымдар Арал мен Қызылорда арасындағы аумақта саудалануда. Кәсібін кеңейту үшін «Қазалы ағаш бұйымдары» жеке кәсіп иесі мемлекеттік грантқа өтінім берген. Бұл жобасы қолдау тапса мұнда ерекше білімді қажет ететін балаларға арналған ойыншықтар жасалмақ.

Ал темір-бетон бұйымдарын шығаратын Ұлан Меңдібаев өз кәсібін 2020 жылы бастап, бүгінде 3 адамды жұмыспен қамтып отыр. Бұл кәсіп иесінің өніміне аудан тұрғындарының сұранысы көп. Үйлердің кәріз жүйесіне арналған бетон сақиналары мен қақпағы жасалып, аудан тұрғындарына сатылады.

− 2013 жылдан бері сантехникалық жұмыстармен айналыстым. Уақыт өте келе, кәріз жүйесіне темір-бетон сақиналарын орналастыратындар көбейді. Алайда ауданда ондай өнімді табу оңай емес еді. 2020 жылы осы кәсіпті зерттеп, тиімділігі болғандықтан өнім шығаруды жоспарладық. Сұраныс көп, мамыр мен маусым айында өнім көптеп сатылады. Биыл өңірлік инвестиция орталығынан 4 млн теңге несиеге жаңадан құрылғы сатып алдық. Алғашқыда құрастырылмалы қалыппен жұмыс істесек, бүгінде өндіріс автоматтандырылған. Шикізатты, яғни, цементті Шиеліден, щебеньді Жаңақорғаннан келісім-шарт бойынша алдыртамыз, – дейді «Ақжігіт» жеке кәсібінің иесі.

Алғашқы жылы 200 дана өнім дайындаса, өткен жылы сұранысқа сай 459 өнім саудаланған. Ал биылғы жартыжылдыққа бұл өндіріс орнынан 700-ге жуық өнім дайындалып сатылған.

Байқағанымыздай, бүгінде ауданда мемлекет берген мүмкіндікті тиімді пайдаланып, кәсіпкерлік көкжиегін кеңейткендер жетерлік. Бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды жүргізілсе, алдағы жылдары аудан әлеуеті әлдене бермек.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

Қазалы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<