Еуропада тұратын Әлібек пен Даниал нағыз қазақы қасиетті бойға жиған ұландар болып ержетіп келеді. Обал мен сауаптың не екенін кішкентайдан білді. Содан болса керек екеуі көшеде жатқан нан, жартылай тістеп тасталған жеміс қалдықтарын жинап, қоқысқа тастап жүретіні бар. Ас қайыру, жұма сайын жеті шелпек пісіріп, аруақтарға құран бағыштау олардың отбасында бұлжымай орындалатын салт-дәстүр. Екеуі француз, орыс мектебіне барса да, үйде тек қазақша сөйлеседі. Қазақы мінезді сақтау «демократия, әр бала ойындағасын еркін білдіруге құқы бар» деп үйрететін Бельгияда әрине оңай емес.
Бірақ олардың анасы Сырдың қызы Нұрсұлу Қасымова емес пе? Мейірім иесі саналатын әйел-ананың парасаты үстем болса, қай жерде де ұлттың ана тілі, болмысы, мінезі жоғалмайды. Біз жеті жылдан бері Еуропада тұратын Бауыржан мен Нұрсұлудың шаңырағына қарап, осындай ой түйдік.
«Qazaqstan» ұлттық арнасының Еуропадағы меншікті тілшісі Нұрсұлу Қасымова Сырдария ауданының Іңкәрдария ауылында дүниеге келген. Қайбір жылдары Нұрсұлудың қызмет бабындағы қайсарлығы оны елге танымал ете түсті. Брюссельде тікелей эфирге шыққан Нұрсұлуға көшедегі әлдекім ерсі қылық танытып, жұмысына кедергі келтірмесі бар ма? Сонда әлгінің қолын сілкіп жіберіп, асып-саспай, сөзінің ретінен жаңылмай хабарды әрі қарай жүргізе берген тілшіге іштей риза болғанбыз. «Жарайсың, қазақ қызы!» дегенбіз сонда.
Мереке қарсаңында біз де «мен үшін ең қымбат марапат – халықтың ықыласы» деп жүретін Нұрсұлуға арнайы хабарластық. Бүгінде Белгияда Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне қызу дайындық жүріп жатыр екен.
– Бельгияда Еуропаның өзге елдеріндегідей қазақтар көп емес. Басымызды біріктіріп отырған «Шаңырақ» ұйымы былтыр қарт құрлықтағы 300-ден астам қандасымызды шақырып, Наурыз мерекесін ұйымдастырған болатын. Сонда сонау Дания, Австрия, Германия, Норвегия елдерінен сексенді алқымдаған әжелеріміз арнайы келіп, бәрімізді қуантты. Еуропадағы қандастармен қауышуға ел қазақтары да асығып жетті. Құрқол келмей, жібек орамал, күміс сырға, үкілі домбыраларын арқалап, шеттегі қазақтарға сый-сияпат үлестірді. Тіпті, қазақ телевизиясының ардагері Гүлмәрия Барманбекова апамыз туған жердің бір уыс топырағын Еуропа қазақтарына тарту етті. Биыл да Наурыз Еуропаның бірнеше елінде тойлануы тиіс болатын. Бірақ, коронавирусқа байланысты Еуропадағы қазақтар қауымдастығының басшылары мерекені отбасында тойлаумен шектелу туралы шешім қабылдапты. Дегенмен, еліміздің Бельгиядағы елшілігі биыл 22-наурызда Брюссельдегі «Bozar» өнер орталығында ұлық мерекені бес мемлекетпен бірігіп тойламақ, – деді ол.
Әрине, әр қазақ баласы намысты, әр қазақ қызы Нұрсұлудай болса, шетелде де ұлттың ұлық мерекесі тойлана береді. Айтпақшы, қызметтегі іскер әйелдердің көбіне үй шаруасына епті бола бермейтіні бар. Бірақ анасы Зейнегүл Молдахметқызы 8 жастан-ақ «қазандағы май қызғанша, етті турап үлгеруің керек, ет қуырылып жатқанда, картопты тазартып үлгерсең, сонда бесапап, пысық келін боласың» деп үйдің де, түздің де шаруасына икемді болуға баулыды. «Сондықтан бірнеше күндік іссапарға бара жатсам да, ұлдарыма манты, самсасына дейін пісіріп, тоңазытқышқа салып, дайындап кетемін. Жартылай дайын өнім сатып алмаймыз» дейді ол. Бұл – ел мен елді жалғап, әлем жаңалығынан хабардар еткен тілші Нұрсұлудың отбасындағы бейнесі.
2013 жылы қызмет бабымен Бельгия астанасы Брюссельге қоныс аударған Сыр елінің қызы дәстүрге беріктігі, жұмысқа жауаптылығы, тәрбиесімен барша қазақ қыздарына үлгі болса керек. Сөз соңында, Нұрсұлудан «Сіз үшін 8-наурыздағы ең жақсы сыйлық қандай?» деген дәстүрлі сауаламызды қойдық. Сонда «қызғалдақ және балаларымның өз қолдарымен жасаған сыйлықтары – ең қымбат сый. Мен үшін сыйлықтың бағасы емес, шын жүректен тарту етілгені маңызды» деді ол. Әлемі әдемі, жаны мейірімге толы қазақ қызының осылай жауап қатары бесенеден белгілі емес пе?!
Айдана ЖҰМАДИНОВА.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<