Ғылым және ғарыш

364

0

Планеталардың жаңа серігі табылды

Карнеги университетінің ғалымы Скотт Шеппард, Гавай университетінен Дэвид Толен, Солтүстік Аризона университетінен Чад Трухильо бастаған астрономдар тобы Нептунның екі, Уранның бір жаңа серігі ашылғанын хабарлады. Сөйтіп, Уранның серіктерінің саны 28-ге, Нептундікі 16-ға жетті.

Негізі S/2023 U1 серігін алғаш рет 2023 жылдың 4 қарашасында Магеллан телескоптары байқаған, кейін ол Субару телескопы мен басқа да құрылғылар түсірген суреттерден табылды. Ұзындығы 8 шақырым болатын серік Уранды 680 күнде бір айналады. Жақында S/2023 U1 Шекспир пьесаларындағы кейіпкерлердің бірінің атын иеленуі тиіс.

Нептунның S/2002 N5 пен S/2021 N1 серіктерін Магеллан мен Субару телескоптары 2021 жылдың қыркүйегінде тапты. Олардың бірін Gemini мен VLT телескоптары бақылаған. S/2002 N5-тің ұзындығы 23 шақырым, орбиталық периоды 9 жыл, ал S/2021 N1-дікі 14 шақырым, периоды 27 жыл. Бұларға көне грек мифологиясындағы нереидалардың есімі қойылады.

Жаңа серіктер созыңқы әрі көлбеу орбитамен айналады, бұл — Уран мен Нептун оларды өзіне тартып алғанының айғағы. Мұзды алыптарды сыртқы айлардың динамикалық топтары айналып жүр деп болжанады. Жаңа серіктердің орбитасы Уран мен Нептунның бұрыннан белгілі айларына ұқсайды.

Жапон зымыраны сәтті ұшты

Биыл 17 ақпанда Жапониядағы Танэгасима ғарыш орталығынан H3 зымыраны екінші рет ұшырылды. Ол Жерді бақылайтын 40 сантиметрлік телескопты, Canon CE-SAT-1E жерсерігін, инфрақызыл сенсорлы TIRSAT 3U-кубсаты мен VEP-4 жерсерігінің 3 тонналық массагабариттік макетін көтеріп шықты. Старттан 16,5 минуттан соң, зымыранның 2-сатысы 674 шақырым биіктікке жетіп, жерсеріктерді орбитаға шығарды. Ал қалдықтары мен макеті атмосферада жанып кетті.

Екі сатылы H3 машинасы қазір қолданыстағы HII-A және H-IIB зымырандарын алмастыруы тиіс. Жалпы, H3 1-сатыдағы LE-9 қозғалтқыштары, қапталдағы қатты отын жағатын SRB-3 үдеткіштері, жүктеме қақпағының өлшеміне қарай жалпы төрт конфигурацияда құрастырылуы мүмкін. Олардың ең қуаттысы геоөтпелі орбитаға 6,5 тонна жүк шығара алады. Зымыранның биіктігі 63 метр, диаметрі 5,2 метр, старттағы массасы 574 тонна.

Жапон әуе-ғарыш зерттеулері агенттігі мен Mitsubishi Heavy Industries компаниясы 10 жыл даярлаған зымыранның бюджеті 1,9 млрд долларды құраған. Оның былтыр 7 наурыздағы алғашқы старты сәтсіз өткен. Бірінші саты мен үдеткіштер жақсы жұмыс істегенімен, екінші сатыдағы сутегі-оттегі қозғалтқышы тұтанбай қалған еді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<