«Халықтық IPO»:Әрбір қазақстандықтың акционер атануға мүмкіндігі бар

681

0

«Халықтық IPO» – қор нарығының дамуы үшін қолайлы бастама. Қазақстан Президенті ҚасымЖомарт Тоқаев ұлттық компанияларды IPO-ға шығарудың маңыздылығын атап өтті. Мемлекет басшысы өз Жолдауында «Халықтық IPO» бағдарламасы қайта іске қосылғанын мәлімдеді. Осы ретте Президент Үкіметке нысандарды сатуға қоғамдық мониторинг жүргізудің тетіктерін әзірлеуді тапсырды. «Халықтық IPO» бағдарламасын қайта жаңғыртып, акцияларды, ең алдымен, жеке тұлғаларға, яғни, Қазақстан азаматтарына сату керек. Еліміздің әрбір азаматында ұлттық байлықтың бір бөлігін иелену мүмкіндігі болуы қажет», – деді ҚасымЖомарт Тоқаев.

«Халықтық IPO» мемлекетке не үшін қажет? Біріншіден, мемлекет үшін «Халықтық IPO» халықтың ақшасын ел экономикасын дамытуға тартудың бір жолы. Бүгінде азаматтар жинағының басым бөлігі Қазақстанның дамуына тікелей қатысы жоқ банк депозиттерінде. Жағдайды өзгерту үшін азаматтарға балама жол берілуі керек екені анық. Олар ақшаны депозитке салу немесе акцияларға инвестициялау арасында таңдау жасай алуы керек. Бұл ретте қазақстандықтар қаржы құралдарының ерекшеліктерін нақты түсінуі тиіс.

Екіншіден, «Халықтық IPO» маңызды міндетті шешуге – қор нарығын дамытуға көмектеседі. Халықтың бағалы қағаздарды сатып алудағы белсенділігі отандық нарыққа көп ақша әкелетін ірі инвесторларды тартады. Бұл – экономикамыздың негізі.

Үшіншіден, мемлекет ұлттық байлықты ел азаматтары арасында бағдарлама арқылы бөледі. Капиталды арттырудың жаңа қаржылық құралы олардың әл-ауқатының өсуіне, демек, бүкіл мемлекеттің әл-ауқатының өсуіне ықпал етуі керек. Бұл Қазақстан азаматтарына салынған инвестицияның бір түрі деп айтуға болады.

Бұл ретте ел азаматтары IPO-ға қалай инвестиция салу керек? Табыс табудың жолдары қандай? Қазақстан ұлттық компанияларының IPO-сына қалай қатысуға болады? «Самұрық-Қазына» қорының өкілдері осы және өзге де сұрақтар аясында кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру науқанын өткізуде. Сондай кездесулердің бірі А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде өтті.

«Самұрық-Қазына» АҚ мақсаттарының бірі – еліміздің ірі компанияларының IPO-сына қатысуды барлық қазақстандықтар үшін қолжетімді ету. Кездесуде «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының өкілі Дамир Ғабитұлы Үкімет пен Қордың IPO барысындағы жұмысы туралы баяндады.

Сарапшы Қордың жекешелендіру бағдарламасының және портфельдік компаниялардың IPO-ның іске асырылу барысымен, оның ішінде бірінші IPO-кандидаты – «ҚазМұнайГаз» компаниясына қатысты негізгі ақпаратпен таныстырады. 2025 жылға дейін «Самұрық-Қазына» АҚ-ның 8 ірі активі, оның ішінде IPO арқылы бәсекелес ортаға ішінара шығарылады. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ IPO-сы осы жылға жоспарланған.

– Айта кетерлігі, «ҚазМұнайГаз» листингке шыққаннан кейін жария компания мәртебесіне ие болады. Демек, бұрынғыдан да ашық бола түседі. Әртүрлі басқару процестері де ашық болады. Компания «Самұрық-Қазына» мен барлық акционерлерге, оның ішінде жаңадан келген акционерлерге де есеп беріп отырады. Институционалдық және жеке инвесторлардың акцияларын сатып алудың инвестициялық тәуекелдері барын айта кеткен жөн. Олай болатыны түсінікті де. Себебі, макроэкономикалық, геосаяси және басқа да сыртқы факторлар компания акцияларының бағасына теріс әсер етуі мүмкін, – деді Дамир Ғабитұлы.

2012-2020 жылдар аралығында Қордың бірнеше ірі компаниялары қазақстандық қор алаңдарында акциялардың листингін өткізді. «Самұрық-Қазына» портфельдік компанияларының IPO-ның табыстылығы төленген дивидендтердің көлемімен және компаниялардың листингі басталғаннан бастап олардың нарықтық капиталдандыруының ұлғаюымен расталады. Мәселен, «ҚазТрансОйл» компаниясында акциялар құнының өсімі 121%-ды, KEGOC – 281%-ды, «Казатомпром» – 383%-ды құрады.

Жиынға қатысқандар мамандардан «Халықтық IPO» туралы, оның шарттарынан түсінікті тілде мәлімет алды. Акцияларға иелік ету қазақстандықтарға компанияның дамуы мен өсуінен пайда алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, бұл пайдадан жыл сайынғы төлемдер дивидендтер арқылы да, акция бағасының өсуі арқылы да болады.

Халықтық IPO қатысушы компанияларға да тиімді. Айталық, компанияға өндіріс көлемін арттыру үшін қаржы қажет делік. Банктен несие алу тиімсіз, артық пайыз төлеуге және мүлікті ипотекаға алуға тура келеді. Сонымен қатар, банк белгілейтін төлем күнтізбесі бизнесті жүргізуді қиындатады. Мұндай банктік несиенің әлемдік қаржылық тәжірибедегі баламасы – инвестор тарту. «Халықтық IPO» бағдарламасына қатысу үшін ең тұрақты компаниялар іріктеліп алынады. Олардың көпшілігі кірістерін ел ішіндегі қызметі арқылы жасайды. Яғни, әлемдік нарықтағы конъюнктураға тәуелді емес.

Жиынға қатысқан облыс тұрғындары мен жергілікті өндірістік компания қызметкерлері «Самұрық-Қазына» АҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ, «Қазпошта» АҚ, «AIX», «KASE» қазақстандық қор биржаларының және брокерлік-дилерлік ұйым өкілдерінен IPO туралы тікелей ақпарат алды.

Кездесуде «ҚазМұнайГаз» АҚ қаржылық департаментінің аға маманы Нұрдаулет Мұхамедиярұлы, «Astana International Exchange Ltd» сарапшысы Сайран Мұратұлы және «Halyk finance» акционерлік қоғамының сату менеджері Шолпанай Серікқызы баяндама жасады.

Қор өкілдері мен іс-шараның өзге де қатысушылары жекешелендіру бағдарламасының іске асырылу барысымен және портфельдік компаниялардың IPO-сымен таныстырды. Сонымен қатар, бірінші IPO-кандидат – «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы жайында, бағалы қағаздар нарығындағы инвестициялаудың механизмдері мен тәуекелдері туралы негізгі ақпаратпен бөлісті. Кездесу соңында жиналған қауыммен сұрақ-жауап алмасты.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<