Кесел кең жайылып кетпесін

657

0

Әлемде коронавирус қаупі түпкілікті жоғалып кеткен жоқ. Ойлап қарасақ, пандемия деген сөздің өзінің қазақша мағынасы «барлық адамға тиесілі» дегенді білдіреді. Пандемия — аурудың жаһандық ауқымда таралуы. Сондықтан өте үлкен сақтық керек.

Соңғы кезде Қызылорда қаласы бойынша дерттің бірнеше мәліметтері алдымыздан шықты. «Сары аймаққа» кірдік деп жатыр. Бірақ, мұны атқарылып жатқан шаралардың жүйесінен көре алмаймыз. Жергілікті билік мүмкін болған барлық жағдайды атқарып отыр. Ендеше, барлығымыз қарапайым қағиданы бұзбай, шектеу тәртібінің шегінде ғана тірлік еткен абзал. Бұл – қазіргі кезеңдегі ең керекті шарт.

Ал, енді осы жанкешті еңбекті бағаламай, тәртіпті белден басып, шектеу ережелеріне бағынбай жүрген қисық-қыңырлар да бар. «Қисық арба жол бұзар, қыңыр адам ел бұзар» дейді халқымыз. Дәл осы күні өзіңе жақсылық жасау арқылы өзгеге де жақсылық жасаудың маңызы артып тұр. Талап пен тәртіпке мойынсұнуды біз жеке бастың шектеуі емес, кеселдің кең жайылып кетпеуіне қосып жатқан үлесім деп білуіміз керек.

Бүгінгі таңда әлемдік ақпар коронавирустан көз жұмғандар саны 3 миллионға жуықтады деп отыр. Жер бетіндегі жеті миллиард адамның бірі өзіміз екенімізді, олардан жұмысымыз бөлек болғанмен, тынысымыз ортақ екенін естен шығармауымыз қажет. Егер терең ойлап қарасақ, осы күндердегі жеке іс-қимылымызбен келешек ұрпаққа қызмет етіп жатқанымызды сезінер едік.

Бастан өткеріп отырған кезеңнің сипатын санамен ұғатын көпшілік қауым мұны бұра тартатындарға барынша түсіндіре білейік.

Базарбай Атабаев,

Медицина саласының ардагері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<