2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілген өзгерістерге сәйкес «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетін дамыту тұжырымдамасы бекітілді. Аталған тұжырымдамаға сәйкес елді мекендердің санитарлық тазалығын сақтау, абаттандыру қағидаларын орындау және қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау – әрбір азаматтың заңмен белгіленген міндеті.
Осыған байланысты аудан әкімі Айтбай Жандарбековтың тапсырмасына сәйкес аудан аумағында санитарлық тазалық талаптарының сақталуына тұрақты түрде мониторинг және бақылау жұмыстары жүргізілуде.
Мониторинг барысында көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары мен оған іргелес аумақтарының санитарлық жағдайы тексерілуде. Сондай-ақ, ортақ пайдаланылатын аумақтарға заңсыз орналастырылған вагондар, темір контейнерлер, шаруашылық мақсатындағы сарайлар және өзге де рұқсатсыз орнатылған құрылыстарды заң талаптарына сәйкес ретке келтіру жұмыстары жүргізілуде.
Тексеру барысында тұрғындарға қолданыстағы заң талаптары түсіндіріліп, аумақтарды таза ұстау, заңсыз нысандарды өз еркімен алып тастау жөнінде тиісті ескертулер берілуде.
Еске саламыз, әрбір тұрғын өз үйінің ауласын және оған іргелес аумақты таза ұстауға, ретсіз өскен шөптерді уақтылы орып, қоқыс пен тұрмыстық қалдықтарды белгіленбеген орындарға тастамауға міндетті.
Заң талаптарын бұзған жағдайда Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген. Құқық бұзушылықтың сипатына қарай азаматтарға 130 мың теңгеге дейін әкімшілік айыппұл салынуы мүмкін.
Тазалық – ортақ жауапкершілік. Әрбір тұрғын заң талаптарын сақтап, туған өлкеміздің тазалығы мен көркеюіне өз үлесін қосады деп сенеміз.
Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі






