Күріш – өңірдің суармалы егіншілігіндегі негізгі дақыл. Аймақта ауа райының ерекшеліктеріне және өзен бойы шөгінді топырақтың тұздылығына байланысты күрішті суарудың суға тұрақты бастыру әдісі қолданылады, яғни тұқым себілген соң сумен атыз топырағы бетін бастырып, күріш пісіп жетілгенше су деңгейі реттеліп отырады. Сондықтан, күріштің өсуі мен дамуының шектеуші факторы су емес, күн сәулесі мен қорек режимі болып табылады. Алайда, күріш сорттарының өсімдік тіршілігі факторларына талабы, олардың морфологиялық, физиологиялық ерекшеліктеріне қарай өзгеше болады.
Көрші Ресей елінде 2018 жылы қолдануға рұқсат етілген 58 күріш сортының 32-сі Бүкілресейлік күріш ғылыми-зерттеу институтында шығарылған. Олардың ішінен суға тұрақты бастырып өсіруге «Атлант», «Лидер», «Олимп», «Регуль», «Фаворит» және «Янтарь» сорттары ғана жарайды. Бұл сорттардың өсімдіктері өскіндер алу кезінде су қабатынан тез өсіп шығу қабілетімен ерекшеленеді және жеткілікті тығыз сабақтар қалыптастырады.
Күріштің «Лидер» және «Янтарь» сорттары облыста кеңінен таралды. Өткізілген сынақтардан соң, бұл сорттар 2008 жылы Қазақстан Республикасында пайдалануға рұқсат етілетін селекция жетістіктерінің Мемлекеттік тізіліміне енгізілген. 2012 жылы «Лидер» сорты облыста 10 мың гектардан аса, ал «Янтарь» сорты 18,5 мың гектарға егілген. Кейінгі жылдары олардың, әсіресе «Лидер» сортының егіс көлемі ұлғайып келеді. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша 2017 жылы егілген 89,1 мың гектар күріш егісінің 51,5 пайызы, яғни, 45,9 мың гектарға «Лидер» сорты егілсе, 2018 жылы барлық егіс көлемінің 64 пайызы, 2019 жылы 88 мың гектардай күріш алқабының 75 пайызы немесе 65,5 мың гектары, «Лидер» сорты болып, оның өнімділігі гектарына 63 центнерді құраған.
Облыстың құрғақ ауа-райы жағдайында және азот тыңайтқышының қолайлы мөлшерінде бұл сорт пирикуляриоз ауруына ұшырамайды.
«Лидер» сорты Краснодар өлкесінде 1999 жылы шығарылған, өнімділік әлеуеті гектарына 100-110 центнер, өніп-өсу дәуірінің ұзақтығы 120-125 күн. Қазіргі кезде «Кубаньда» аз көлемде, гербицид қолдануға болмайтын санитарлық аймақтарда өсіріледі. Шаруашылықтарда «Лидер» өнімділігі гектарына 65-70 центнер болғанда, сортты өсіруде еш мәселе туындамаған, кейін Кубаньда қабылданған, өскіндерді топырақты ылғалдап алу қарқынды технологиясын қолданғанда сорт егісі тығыз болып, пирикуляриоздың шашақбастық формасымен залалдану фактілері кездескен. Кейінгі жылдары экспортқа бағытталған күріш жармасының сапасына жоғары талаптар қойылуына байланысты, Ресейде де жоғары сұрыпты жарма өндірілетін «Лидер» сортына қызығушылық бар.
Краснодар өлкесінде жыл сайын «Лидер» сортының бірегей тұқымдарын 8-10 тонна шамасында Бүкілресейлік күріш ғылыми-зерттеу институтында, элита тұқымдары Славян ауданының «Привольное» агрофирмасында және Қырым ауданы «Вороная О.А.» ЖК шаруашылықтарында 250-300 тоннадай өндіріледі. Бұл мекемелерде тұқымды күріштің қызылдәнді формаларынан толық ажырататын лазерлік фотосепараторларлы тұқым тазалағыш кешендер бар.
Сыр бойының күріш өсіруші кәсіпкерлері «Лидер» сортының элиталық тұқымдарын Ресейдің Краснодар өлкесінен сатып алып, жергілікті жерде көбейтіп, пайдаланып жүр.
Краснодарлық әріптестердің айтуынша, Сыр бойы күріш өндірушілерінің сорттық элиталық тұқымдарына сұранысы 60-80 пайыз ғана қанағаттандырылады екен. Оған себеп тапсырыс пен келісім-шарттың алдын-ала берілмеуі және тұқымдық материалға тапсырыстың аз мөлшерде болуына байланысты өндірушілер тарапынан көңіл аз бөлінуі.
Күріш өсімдігі топырақтан азот, фосфор және калий элементтерімен қатар көп мөлшерде кремний элементін сіңіреді, сол себепті дақылды кремнефил деп атайды. Күріш бір гектар танаптан өніп-өсу дәуірі бойына бір тоннадай кремний пайдаланады.
Биохимиктердің зерттеулері кремнийдің өсімдіктің өткізуші түтіктері мен жапырақ алаңдарында жинақталып, өсімдіктің жығылуға және өсімдік ауруларына, дәннің қойма зиянкестері мен ауруларына төзімділігін арттыратынын көрсеткен.
Күріш өсімдігінің құрамындағы кремний мөлшері мен аурудың даму қарқындылығы арасында тығыз байланыс бар екендігі анықталған. «Лидер» сортының өскіндерінде 6,16 пайыз, гүл қабықшаларында 19,9 пайыз кремний болғандықтан, аурудың даму қарқындылығы 25 пайыздан төмен. Яғни, «Лидер» сорты өсімдіктері кремнийді көп мөлшерде сіңіріп, пирикуляриозға жоғары төзімділік көрсетеді.
Краснодар өлкесінде «Лидер» суға тұрақты бастыру арқылы өскін алатын, гербицидсіз технологияға арнап шығарылған. Сорттың өсімдіктері су қабаты астында өте қарқынды өсіп, жылдам су бетіне шығады. «Лидер» сорты тұқымдарының өну жылдамдығы мен өскіндердің су бетіне шығу жылдамдығы арасындағы тығыз коррелятивтік байланыс бар екені белгілі болған. Сирек агроценоздардың өзі түптену есебінен тығыз, өнімді егісті қамтамасыз етеді. Қоректену деңгейінің орта дәрежесінде «Лидер» сортының дән өнімділігі мен жанама шашақбастардың дән массасы арасында жоғары коррелятивтік байланыс бар екені анықталған. Яғни, өсімдікте 2-3 өнімді сабақ болуы тиіс. Мұндай жағдайда «Лидер» сорты өсімдігі қуатты тамыр жүйесін қалыптастырып, қоректік заттардың қажетті мөлшерін, оның ішінде кремний де бар, сіңіруді қамтамсыз етеді.
«Лидер» сорты өсімдігінің қалыпты өсуі мен дамуы үшін қарқынды типті сорттарға қарағанда, азот тыңайтқышы 40 пайызға аз қажет болады. Жоғары дән өнімін қалыптастыру және пирикуляриозға далалық төзімділігін қамтамасыз ету үшін «Лидер» сорты өсімдіктері қалыпты тығыздықта, өзінің жақсы дамыған тамыр жүйесі арқылы топырақтан қоректік элементтердің қажетті мөлшерін алуға қабілетті. Бұл сортпен жүргізілген зерттеулер күріш өсімдігінің тығыздығы бір шаршы метрде 240-250 дана өсімдік және өнімді түптену коэффициенті 2-3 болғанда жоғары өнім алынатыны және пирикуляриоз ауруына шалдықпайтыны белгілі болған. Оның себебі, жақсы түптеген өсімдіктерде қуатты тамыр жүйесі қалыптасып, гүл қабықшаларындағы кремний мөлшері жоғарылап, өсімдік пирикуляриоз ауруына ұшырамайды. Сол себепті тұқымның далалық шығымдылығын ескере отырып, тұқым себу мөлшерін азайту ұсынылады.
Қорыта айтқанда, «Лидер» сортының тұқым себу мөлшерін азайту есебінен өсімдікті жақсы түптету арқылы пирикуляриоз ауруына шалдықтырмай, сорттың өнімділік әлеуетін барынша тиімді пайдаланып, өнімділігі мен өнім сапасын арттыруға мүмкіндік бар.
И.ТАУТЕНОВ,
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда
университетінің профессоры, а.ш.ғ.д.
С.БЕКЖАНОВ,
аға оқытушы, PhD
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<