М.Жайымбетов: «Жеңілдіктердің саны мен құрылымы пысықталмаған»

217

0

Фото: ашық дереккөз

Биыл еліміз бойынша бюджет тапшылығы қаупі жоғары. Бүгіннің өзінде бюджетті толтыру бойынша көрсеткіштер көңіл көншітпейді. Бұл туралы Мәжіліс депутаты отырысында депутат, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мархабат Жайымбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Еліміздің биылғы шығыны – 24 трлн теңге. Оның 16,5 трлн теңгесі – табысымыз, 3,6 трлн теңге Ұлттық қордан алынады. 4 трлн теңге құнды қағаздарды шығарудан түскен. Яғни, тапшылық 7,5 трлн теңгені құрап отыр.

«Өз кезегінде, уәкілетті органдар «асықпай арбамен қоян аламыз» деп жүргенде, арбамыздың дөңгелегі сына ма деп қатты алаңдаймыз. Сөздің ашығын айтқанда, «бас жарылса бөрік ішінде» деп жүре беретін заман келмеске кеткен. Алдымен квазисектордың таза пайдасын бюджетке беретін уақыт келді. Осы секторға жақсы аналитикалық талдау жасап, дұрыс жолға қойса, қазынамызға  ең кемі 3 трлн теңге түсіруге болады. Бұл – бір. Екіншіден, квазисектордың сатып алу жүйесі мен механизмдерінде  әлі де ашықтық жоқ. Сондай-ақ Ұлттық компанияларға құны 1,6 миллиард теңге болатын чартерлік рейстер неге қажет?» – деп сұрады Мархабат Жайымбетов.

Келесі мәселе – салық жеңілдіктерінің тиімділігін арттыру. Мемлекеттік кірістер Комитетінің деректері бойынша, қолданылған салық жеңілдіктер сомасы 2022 жылы 9,5 трлн теңге болған. Бұл – бюджетке түспеген қаржы.

Басты кемшілік – жеңілдіктердің саны мен құрылымы пысықталмаған және жеңілдіктер белгісіз мерзімге ешқандай мақсатты индикаторларсыз енгізілген.

«Салық кодексіндегі жеңілдіктердің саны – 485. Бұл дегеніміз, едәуір көп. Біз алдымен 30% қысқартсак, шамамен бюджетке 1,3 трлн теңгеге дейін қаражат түсіруге болады. Мұны тереңірек зерделесек, болашақта 50% жеткізуге болады.

Расымен, кейбір салықтық жеңілдік тиімділігін көрсетпей жатыр. Кәсіпкерлер жеңілдік алса да, өнімнің бағасын түсірмей отыр. Мысалы, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сату және импорттау айналымы қосымша құн салықтан (НДС) босатылған. Бірақ осы салықтан босату дәрілер мен медициналық бұйымдардың бағасының түсуіне әсер етпеген. Осы ретте, мемлекет беретін жеңілдік іс жүзінде импорттаушылар мен сатушылардың коммерциялық мүдделеріне ықпал етеді, ал бюджетке кіріс келтірмей отыр», – деді депутат.

Көбіне жеңілдіктердің негізгі алушылары – ірі компаниялар. Ал әлемдік экономика сарапшылар Қазақстандағы салық жеңілдіктері тым жомарт деген баға берген. Дамыған елдерде, салықтық жеңілдіктер инвесторларды тартатын, қызықтыратын аса бір қажетті тармақ болып саналмайды.

Сондықтан салықтық жеңілдіктерге толық ревизия жасап, шетелдік тәжірибені зерттеп, алдымен 30%-дан астамын қысқарту, яғни 150-ге жуық түрін шегеру ұсынылды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<