Соңғы қоңырау: ел мектептерінде оқу жылы аяқталды

4

0

Биыл оқу жылын 3,9 миллионнан астам оқушы аяқтады. Оның ішінде 215 мыңнан астамы – 11-сынып түлектері.

– Оқу жылының қорытындысы бойынша 9-сыныпты үздік аяқтауға үміткерлер саны 31 мыңнан астам. Ал 11-сыныпты үздік аяқтауға 18 мың оқушы үміткер. Бүгінде еліміздің білім беру ұйымдарында 420 мыңнан астам педагог еңбек етіп жатыр, – деп аталып өткен Оқу-ағарту министрлігі мәліметінде.

Оқу жылының аяқталуына орай 25 мамыр күні еліміздің барлық мектептерінде «Білімім — Отаныма!» тақырыбында бірыңғай сынып сағаты өткізіледі. Сынып сағаттарында оқу жылы қорытындыланып, оқушылардың жетістіктері мен жарқын сәттері еске алынады. Сондай-ақ «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының негізгі құндылықтарына, білім мен ғылымға құрметті арттыруға, инновациялық ойлауды дамытуға Халықтық Конституцияда айқындалған басты стратегиялық бағыт ретінде ерекше назар аударылады. Оқушыларға жазғы каникул кезінде оқуға ұсынылатын әдебиеттер мен көруге ұсынылатын фильмдер тізімі таныстырылады.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 217 заманауи мектеп пайдалануға берілді. Оның 84-і ауылдық елді мекендерде орналасқан. Қазіргі таңда бұл мектептерде 220 мыңнан астам оқушы білім алып, 16 мыңға жуық педагог жұмыс істеп жатыр.

Мектеп бітіру кешін мейрамханада өткізуге тыйым салынды

— Оқу-ағарту министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен бұйрығы мен қаулысына сәйкес мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында салтанатты іс-шараларды мейрамханаларда, дәмханаларда, банкет залдарында, демалыс базаларында және табиғат аясында өткізуге тыйым салынады.

Ата-аналардан, заңды өкілдерден және білім алушылардан салтанатты іс-шараларға байланысты ақша жинауға, сыйлықтар мен өзге де материалдық құндылықтар талап етуге жол берілмейді. Ал аттестаттар мен дипломдарды салтанатты табыстау рәсімдері тек білім беру ұйымдарының қабырғасында ұйымдастырылады, — деп аталып өткен министрлік хабарламасында.

Бірлескен бұйрық білім алушылар арасында мектеп бітіру іс-шараларын өткізу кезіндегі қауіпсіздік пен қоғамдық құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, сондай-ақ білім беру ұйымдарында «Заң мен тәртіп» идеологиясын нығайтуды көздейді.

Астана қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Маржан Қайырбаеваның сөзіне қарағанда, Оқу-ағарту министрлігінің талабына сәйкес, мектеп бітіру кештері мен аттестат табыстау рәсімдері тек мектепте ұйымдастырылуы тиіс. Осыған байланысты мейрамханаларда, кафелерде және өзге де ойын-сауық орындарында салтанатты шара өткізуге рұқсат берілмейді.

— Бұл талаптар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен бірге құқық бұзу мен жазатайым жағдайлардың алдын алып, ата-аналарға түсетін артық шығынды азайту көзделген, — деді ол.

Сондай-ақ мектеп бітіру кештері кезінде дастарқан жаюға, көлік шеруін ұйымдастыруға, аниматорлар мен мерекелік агенттіктерді тартуға тыйым салынады. Мұғалімдер мен мектеп әкімшілігіне сыйлық алу үшін ата-аналардан ақша жинауға да жол берілмейді.

Білім басқармасы әлеуметтік теңдікті сақтау және оқушылар арасында артық бәсекелестікке жол бермеу үшін түлектерге мектеп үлгісіндегі киім киюді ұсынды.

Қорытынды емтихан мерзімі

2025–2026 оқу жылындағы қорытынды аттестацияны өткізу тәртібі бекітілді. 9-сынып оқушылары үшін қорытынды емтихандар 2026 жылғы 29 мамыр мен 11 маусым аралығында өтеді. Олар міндетті пәндер бойынша төрт жазбаша емтихан тапсырады.

Ал 11-сынып түлектеріне арналған мемлекеттік емтихандар 2026 жылғы 2 маусым мен 15 маусым аралығында өтеді. Оқушылар бес емтихан тапсырады, оның бірі ауызша форматта өткізіледі.

Негізгі және жалпы орта білім туралы аттестаттарды тапсыру салтанаты білім беру ұйымдарында 2026 жылғы 17–18 маусым аралығында өтеді.

Аттестат тапсыру іс-шарасы мектеп басшысының бұйрығы негізінде, ата-аналар комитетімен келісу арқылы мектеп ғимаратында өткізіледі.

ҰБТ форматы өзгеріссіз қалды

Сәуір айында 2026 жылғы негізгі ҰБТ-ға өтініштер қабылдау аяқталды. Тестілеу 10 мамырда басталып, 10 шілдеге дейін жалғасады. Талапкерлер негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең үздік нәтижемен грант конкурсына қатыса алады,

– Өтініш беру кезінде талапкерлер тестілеу күнін, уақытын және пунктін өздері таңдады. ҰБТ-ның бірінші күні бүкіл еліміз бойынша 926 адам, оның ішінде елордада 359 талапкер тестілеуден өтеді. Жалпы ҰБТ 45 тестілеу пунктінде ұйымдастырылған. Бірнеше жыл қатарынан ең көп таңдалған бейіндік пәндер комбинациясы «Математика-Физика» болып қалып отыр – оны түлектердің 17,9%-ы таңдады. Бұл талапкерлердің инженерлер, мұғалімдер, энергетиктер, құрылысшылар және басқа да техникалық мамандықтарға деген ұмтылысын көрсетеді. Танымалдығы бойынша келесі комбинациялар: болашақ медиктерге бағытталған «Биология-Химия» комбинациясы (14,5%) және шығармашылық бағытқа қызығушылық танытқан талапкерлерді тартатын «Шығармашылық емтихан» комбинациясы (12,4%), – деді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Нұрсейіт Байжанов.

2026 жылы ұлттық бірыңғай тестілеудің форматы өзгеріссіз қалады. Талапкерлер үш міндетті және таңдауы бойынша екі бейіндік пәнді тапсырады. ҰБТ тапсырмаларының жалпы саны – 120. Оның ішінде «Қазақстан тарихы» пәні бойынша 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» пәндерінен 10 тапсырмадан, сондай-ақ екі бейіндік пәннің әрқайсысынан 40 тапсырмадан беріледі. ҰБТ бойынша ең жоғары балл 140 балды құрайды.

Тестілеу уақыты – 4 сағат (240 минут). Бұл ретте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталатынын айта кету керек.

Емтихан кезінде тестілеу бағдарламасында калькулятор, химиялық элементтердің периодтық жүйесі және тұздардың ерігіштік кестесі қолжетімді болады. Сонымен қатар талапкерлерге ыңғайлы болу үшін кестелердің қағаз нұсқалары да беріледі.

Минималды шекті балдар өзгеріссіз қалды. Ұлттық жоғары оқу орындарына түсу шекті балы – 65 балл, басқа ЖОО-на 50 балл, «Педагогикалық ғылымдар» білім беру саласы бойынша – 75 балл, «Денсаулық сақтау» білім беру саласы бойынша – 70 балл, «Құқық» даярлау бағыты бойынша – 75 балл.