Тайлақ батырдың 333 жылдығы: Елдік пен ерлік ұлықталды

9

0

Бүгін қазақтың даңқты қолбасшысы, жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте ерлігімен танылған Тайлақ Мәтіұлының 333 жылдығына арналған тағылымды шара ауқымды деңгейде ұйымдастырылды.

Қасиетті Қармақшы жерінде еліміздің тарихында өзіндік орны бар батыр бабамыздың есімін ұлықтауға арналған тағылымды шараның ашылу салтанаты «Руханият» орталығының алдында өтті.

Аудан әкімінің тапсырмасымен өткен шара барысында Тайлақ батырдың ел мен жердің азаттығы жолындағы ерлігі мен кейінгі ұрпаққа қалдырған өнегесі қойылым арқылы кеңінен дәріптелді.

Іс-шарада аудан әкімінің орынбасары Диас Молдабаев құттықтау сөз сөйлеп:

«Тайлақ батырдың ғұмыр жолы – бүгінгі ұрпақ үшін Отанын сүюдің, туған жерді қорғаудың үлгісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев та тарихи тұлғаларымызды ұлықтап, мәдени мұрамызды дәріптеуге айрықша мән беріп келеді. Бүгінгі шараның Қармақшыда алғаш рет ұйымдастырылып отырғаны да үлкен маңызға ие деп есептеймін. Бабаларымыздың ерлігі – біздің рухани тірегіміз. Біз олардың аманатына адал болып, ел бірлігін сақтап, қасиетті Қармақшының абыройын асқақтатуға тиіспіз. Киелі Қармақшымыз тек гүлдене берсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын», – деп игі шараны ұйымдастыруға атсалысқан барша ел азаматтарына алғысын білдірді.

Шара аясында өз алтын қолтаңбасын қалдырған батырдың есімін ұлықтау мақсатында бірқатар азаматтарға арнайы медальдар мен аудан әкімінің «Алғыс хаты» табысталды.

Тайлақ батырдың 333 жылдығы: Елдік пен ерлік ұлықталды

Сонымен қатар ауданның «Құрметті» азаматы, құрылыс саласының ардагері Қаршыға Есдәулетов және бірқатар зиялы қауым өкілдері пікірлерін білдіріп, ізгі лебізін жеткізді.

Тарих пен тағылым тоғысқан шараның көркін жыршы-жыраулардың орындауындағы жыр-термелер аша түсті. Сондай-ақ аудан өнерпаздары патриоттық бағыттағы әндерді орындап, жиналған қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Ашылу салтанатынан кейін «Руханият» орталығының мәжіліс залында батырдың өмірі мен ерлік жолына арналған тарихи-танымдық конференциямен жалғасты.

Айта кетсек Тайлақ Мәтіұлы – XVIII ғасырдағы жоңғар шапқыншылығына қарсы ұлт-азаттық күресте ерекше ерлік көрсеткен, Кіші жүз жасақтарының әйгілі сардары, Әбілқайыр ханның сенімді серігі әрі ақылшы-кеңесшісі болған тарихи тұлға. Сондай-ақ Ордабасы құрылтайы, Бұланты және Аңырақай шайқастарында қазақ жасақтарының жеңіске жетуіне елеулі үлес қосқан қолбасшылардың бірі.

Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі