МӘМС: кім қанша төлейді?

948

0

Фото: ашық дереккөз

Былтырғы қыркүйекте МӘМС-ке  жарна төлеудің жаңа тетігі енгізілді. Оны сақтандырылған мәртебесі бар, сондай- ақ, жүйеге ешқашан төлем жасамаған немесе оны жүйесіз жасаған барлық дербес төлеушілер пайдалана алады.

Мәселен,  бүгінгі  күнге  дейін медициналық сақтандыруға ешқашан жарна төлемеген немесе жүйелі түрде төлемеген, соның салдарынан сақтандыру мәртебесінен айырылған дербес төлеушілерге оны қалпына келтіру үшін өткізіп алған айлар үшін, тіпті өткен жылға да жарна төлеу қажет болды. Енді оларда балама әдіс бар. Ол – алдағы 12 ай үшін төлем жасау және өткен кезеңді төлемей, сақтандырылған мәртебесін алу.

– Өңірдің шамамен 135 мың тұрғыны медициналық сақтандыру жүйесінен тыс қалып отыр. Бұл олардың жоспарлы және жоғары технологиялық медициналық көмек алуын, аурудың алдын алуға және медициналық диагностикалауға қол жеткізуді қиындатады. Президент сақтандырылмаған азаматтарды МӘМС жүйесіне тарту бойынша шұғыл шаралар қабылдау қажеттілігі туралы бірнеше рет айтқан. Біз жаңа төлем механизмі бұған ықпал етеді деп ойлаймыз, – дейді ӘМСҚ облыстық филиалының директоры Бақыт Исмаханбетов.

Төлемдердің болуы және бір жылға мәртебе беру туралы ақпаратты сақтандыру мәртебесін тексеретін тәсілдермен алуға болады. Төлемдер мен мәртебе туралы ресми құжат мемлекеттік қызметтер арқылы eGov.kz электрондық үкімет порталында қолжетімді.

– Мәселен, «егер мен МӘМС-ке ешқашан жарна төлемеген болсам,  сәйкесінше мәртебе де жоқ. Осы мүмкіндікті пайдаланып, алдағы 12 айға төлем жасай  аламын ба, әлде алдыңғы төленбеген кезеңді өтеуім керек пе?»  деген сұрақ туындауы мүмкін. Бұл орайда айтарым,  аталған норма осы сияқты төлеушілерге жүйеге ауыртпалықсыз кіруге көмектесуді мақсат етеді, яғни, тұрғын сақтандыру мәртебесін ағымдағы айға және алдағы 12 айға жарна төлеу арқылы  ала алады. Айта кету керек, тұрғын төлемді 12 айға бірден жасай алмайды, өйткені жүйе әр ай үшін төлемді бөлек оқиды. Жарна төлеу кезінде қателіктер жіберілмегеніне көз жеткізу керек. Әйтпесе, төлем жүйеге кірмейді және  мәртебе берілмейді. Енгізілген ЖСН, төлем кезеңінің және төлем енгізілетін жылдың дұрыстығын қайта тексеріңіз. Егер бір айда қате жіберілсе немесе екі рет төленсе, қате төленген төлемді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына өтініш жазу арқылы қайтаруға болады. МӘМС жарналарын екінші деңгейдегі кез келген банк, банктердің мобильді қосымшалары, жылдам төлем терминалдары және «Қазпошта» филиалдары арқылы төлеуге болады, – деп атап өтті филиал директоры.

«2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңға сәйкес биыл ең төменгі жалақы мөлшері 70 мың теңгені құрады. Алдағы жылы МӘМС үшін аударымдар мен жарналардың сомасы қандай болмақ? Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалының мәліметіне сүйенсек, жұмыс берушілер қызметкерлері үшін  жалақының 3% мөлшерінде, яғни, 10 ЕТЖ артық емес немесе 21 000 теңге төлейді.  Қызметкерлер, оның ішінде АҚС шарты бойынша жұмыс істейтіндер  табысының 2%-ын, яғни,  10 ЕТЖ артық емес немесе 14 000 теңге төлейді. Жеке кәсіпкерлер  (ЖК) ЕТЖ-ның 1,4 еселенген мөлшерінің 5%-ын немесе 4 900 теңге, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар немесе БЖТ төлеушілер республикалық және облыстық маңызы бар қалалардың тұрғындары үшін БЖТ көлемі 1 АЕК құрайды, яғни 3 450 теңге. Қалған елді мекендердің тұрғындары үшін БЖТ көлемі 0,5 АЕК құрайды, яғни, 1 725 теңге төлейді. Дербес төлеушілер  үшін де жарна сомасы  биыл өзгеріп,  3 500 теңгені (1 МЗП-дан 5%) құрады.

Жеңілдік санатындағы 1 адамға жарна мөлшері мемлекет жарналарын есептеу объектісінің 1,8% -ын құрайды.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<