Мамандардың ұсыныс-пікірлері маңызды

387

0

Қазақстандағы қазіргі Су кодексі 20 жыл бұрын, яғни 2003 жылы қабылданған. Осы уақыт ішінде құжатқа 70-тен аса өзгерту енгізілді. Құжат уақыт талаптарына сай келмейді. Себебі онда су ресурстары экономикалық пайда көру тұрғысынан қарастырылады, ал су қауіпсіздігі мен оны үнемдеу мәселесі көтерілмеген.

Былтыр Мемлекет басшысы су ресурстарының тапшылығын азайтуға септігін тигізетін, климаттың өзгеруі мен шекаралас мемлекеттердің саясатын ескеруге мүмкіндік жасай алатын жаңа Су кодексін дайындауды тапсырды. Кодекс жобасы Парламентке 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында жіберілуі керек еді, алайда құжат әлі талқылануда.

Өңіріміздің экономикалық және экологиялық жағдайы, халқының тыныс-тіршілігі су мәселесімен тікелей байланысты. Сондықтан жұртшылық пен ғылыми қауымдастықтың, сала мамандарының қатысуы маңызды. Ашық талқылаудағы жаңа кодекске қатысты барлық азамат ұсыныс айта алады.

Сыр өңіріндегі сапары аясында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Руслан Рүстемов «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалына барып, сала мамандарымен кездесті. Айта кетсек, Руслан Рүстемов – Сенат жанындағы әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі. Сондай-ақ, депутат бірнеше рет Үкімет сағаттарында, мемлекеттік телеарналарда Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау, су қорғау аймақтары, гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі мәселелерін көтеруде.

Жиынға су, экология, ауыл шаруашылығы мамандары және сала ардагерлері қатысты. Кездесу барысында сенатор бұған дейін аудандарды аралап, су қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруға қатысты кездесулер өткізгенін айтып, нақты ұсыныстар аясында орталық атқарушы органдармен бірлескен жұмыстарды қолға алатынын жеткізді.

– Жалпы, еліміздің оңтүстігіндегі бес облыстағы аяқсуға қажеттіліктің 30 пайызы Сыр өңіріне тиесілі. Солай бола тұра, осы оңтүстік өңірлердегі су шығынының 50 пайыздан астамы облысымызға тиесілі екен. Елдегі су қорының 40 пайызы трансшекаралық өзендерден келеді. Көрші елдерде суға деген қажеттілік күн санап өсуде. Сондықтан еліміз, оның ішінде өңіріміз үшін суды үнемді әрі тиімді пайдалану мәселесі өте өзекті, – деді Р.Рүстемов.

Депутат елдегі су мәселесін шешуге жұртшылықтың қатысуын маңызды қадам деп санайтынын атап өтті. Алдағы уақытта Парламент депутаттары су ресурстарын басқаруды жетілдіру, саланың ғылыми әлеуетін арттыру, судың құнын оның негізгі құнына сәйкестендіру, оны үнемді және тиімді пайдалану мен тасымалдауды ынталандыру бағытында тиісті заңнамалық жұмыстар жүргізеді.

Жиында «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы «Қызылордасушар» өндірістік учаскесінің басшысы Жорабек Нұрымбетов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев, мекеменің ардагерлер бастауыш ұйымының төрағасы Бегеш Жақып, ауыл шаруашылығы саласының мамандары, шаруашылық басшылары өз пікірлерін ортаға салды. Су заңнамасындағы түпкі тұжырымдама өзгеруі, су құндылық екеніне баса мән берілуі керегін айтты.

Су заңнамасындағы жаңа нормалар жеке тұлғалардың, фермерлер мен кәсіпорындардың тиімді су тұтынуын, сондай-ақ кәсіпорындарда және тұрғын үй-коммуналдық салада суды үнемдеуді ынталандыруы тиіс. Дегенмен, сала мамандары заңнамалық тұрғыда да қайшылықтар бар екенін, бұл мәселеге жаңа кодексте мән берілуі керегін жеткізді.

Сондай-ақ, жиында суды пайдалану тиімділігін арттыру, суға сұранысты басқару үшін оны бөлу, есепке алу процестерін цифрландыру және автоматтандыру жөніндегі жұмысты жандандыру, бұдан басқа су үнемдеуді ынталандыратын тарифтерді енгізу керегі айтылды. Судың көп бөлігі ауыл шаруашылығы саласына жұмсалатыны белгілі. Салада нормадан тыс су жоғалтуды азайту бойынша да тиісті шаралар қолға алынбақ.

Жиын соңында Руслан Рүстемов халық талқысына ұсынылған Су кодексінің жаңа жобасына қоғамдық ұйымдар мен білікті мамандардың әлі де жаңа идеялар мен ұсыныстар айтуға мүмкіндігі бар екенін айтты.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<