Мектеп пен зауыт жұмыс сапасы жіті бақылауда

872

0

Сейсенбіде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда қаласындағы  бірқатар нысандарды аралады.

Биыл өңірде қазынадан қаралған 2,1 млрд теңгеге 6 мектепте күрделі жөңдеу жүргізілуде. Солардың бірі – облыс орталығындағы Ы.Алтынсарин атындағы №10 мектеп-лицейі. Білім ордасы 1985 жылы пайдалануға берілген. Сол уақыттан бері алғаш рет күрделі жөндеу жасалып отыр. Мұнда 1734 бала оқиды. Жаңа оқу жылында бірінші сынып табалдырығын 175 бала аттайды.

Жергілікті «SCS Инжиниринг» ЖШС мамандары білім ордасының шатырын толықтай ауыстырып, ғимараттың сыртқы бөлігін қаптау, пластикалық тереземен ауыстыру, есіктер мен линолеумді жаңартуды қолға алған. Сондай-ақ, мектептің спорттық алаңы да қайта жасануда. Күрделі жөндеу жұмыстары жаңа оқу жылына дейін толықтай аяқталады деп күтілуде.

Облыс әкімі білім ордасының оқу процесіне әзірлігін бақылады. Жыл сайын апатты мектептерді жойып, жаңа мектептер желісін көбейтуге басымдық берілетінін айтты.

– Оқушылардың қуанышына ештеңе жетпейді. Бұл мектептің жөндеуіне қомақты қаржы бөлінген. Сондықтан жұмыс өте сапалы әрі уақытылы орындалуы тиіс. Айта кету керек, оқу жылына білім беру нысандарының дайындығы Мемлекет және Үкімет басшысының тікелей назарында. Демографиялық өсімнің нәтижесінде қалада ықшам аудандар көбейіп, мектептерде орын тапшылығы туындағаны жасырын емес. Бұл ретте апатты жағдайдағы  4 мектептің екеуінің ғимаратын жаңа оқу жылында табыстаймыз. Тоқабай ауылындағы  бір апатты мектеп мәселесін жеке инвестор арқылы шештік. Жерлесіміз, меценат азамат өз қаражаты есебінен 550 млн теңгені құрайтын 100 орындық мектеп құрылысын бастады. Мұнан өзге, Қазалы ауданындағы тағы бір мектептің жоба-сметалық құжаттары әзірленуде, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, облыста оқушыларға үш ауысымда білім беретін мектептер бар. Аталған мәселені шешуде тиісті жұмыстар жасалуда. Жалпы, қазіргі жағдайда жаңа мектеп салу өте қымбатқа түседі. Мәселен, 600 балаға арналған білім ордасын салуға 2-3 млрд теңге жұмсалады. Тағы бір мәселе, қала орталығынан оған лайықталған жерді табу қиын. Сондықтан   орын тапшылығын жою үшін 4 мектептің жанынан қосымша ғимарат салуға шешім қабылданды.

– Қазіргі таңда 600 және 375 орындық 2 мектептің жоба-сметалық құжаттары жасалып, оған мердігер компаниялар бекітілуде. Ал, қалған 2 білім ұясының жоба-сметалық құжаттамасы әзірленуде,– деді облыс әкімі.

Өңір басшысы «Балалар жылына» тарту ретінде демеушілер есебінен өңірде 80 спорттық ойын алаңы салынатынын жеткізді, яғни Қызылорда қаласында 1 млрд теңгеге 50-ге тарта, аудандарда 600 млн теңгеге 30-дан астам спорттық-ойын алаңы бой көтереді. Мұнан бөлек, демеушілердің қолдауымен аймақта 45 млрд теңгеге 391 жоба әзірленді. Алғашқы кезекте ауызсу, электр жарығы, жол сапасы мен елді мекендерді газдандыруға баса мән беріледі. Бұл жобалар келесі жылдан бастап іске асырылады.

Облыс әкімі мұнан кейін алдағы уақытта аймақтағы ірі өндіріс орны болатын шыны зауытына барды. Өткен жылдың желтоқсан айында зауыттың күйдіру пеші техникалық іске қосылған еді. Дегенмен, пешті қосу-реттеу барысында ақаулар анықталған. Қазір қажетті күйдіру қондырғысы жеткізілді.

Облыс басшысының тапсырмасы негізінде зауытты іске қосу үшін биылғы жылдың 25 шілдесінде арнайы штаб құрылған. Мақсат – зауытты іске қосу кезінде туындаған мәселелерді шұғыл түрде шешу.

Әкімдік өз құзыреті шегінде инженерлік инфрақұрылымды жеткізіп беруге жауапты. Осы ретте зауытқа қажетті электр қуаты, байланыс желісі, автокөлік жолы, су және кәріз жүйелері толықтай шешілді. Оған қоса сыртқы теміржол тұйығы құрылысы аяқталды. Ендігі кезекте екінші тарап техникалық және авторлық бақылау өкілдерінің берген ескертуін жою жұмысын жеделдетуі керек. Себебі, газ келгеннен кейін, пешті қайта іске қосып, жағу үшін қабылдау актісін рәсімдеп, бітіруі қажет.

Облыс әкімі сала мамандарымен пікірлесіп, зауытты іске қосу үшін қажетті шараларды жедел қабылдау керек екендігін жеткізді.

– Шынын айтқанда, зауытты іске қосу процесі тым ұзап кетті. Бар мүмкіндікті пайдаланып, зауытты іске қосуымыз қажет. Бұған дейін уәде көп берілгенімен, нәтиже болмады. Халық асыға күтіп отыр. Сондықтан қалайда өндірісті іске қосуға тиіспіз. Аптасына екі рет штаб өткізіп, өзекті мәселелерді талқылау қажет. Бәрі де менің тікелей бақылауымда болады, – деді Н.Нәлібаев.

Айта кетейік, жоспар бойынша шыны зауытының алғашқы өнімі қазан айында шығарылмақ.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<