Жайық өзенінің деңгейі Индербор кентінде шекті деңгейден 114 сантиметрге асып кетті

293

0

Фото: Атырау облысының жедел штабы

Атырау облысында Жайық өзенінің суы әлі көтеріліп жатыр. Бүгін су арнасының деңгейі Индербор кентінде шекті деңгейден 114 сантиметрге асып кетті.

Атырау облысының жедел штабы Жайық өзеніндегі су деңгейінің бүгін, 8 мамырда таңертеңгі сағат 08:00-дегі мәліметін ұсынды.

«Жайық өзеніндегі су деңгейінің бір тәулікте Индер ауданының орталығы – Индербор кентінде + 37 сантиметрге көтерілді. Бүгінгі су деңгейі – 959 см. Бұл шекті деңгейден +114 сантиметрге көп», -деп хабарлады облыстық жедел штабтан.

Сондай-ақ, Махамбет ауданында өзен арнасы кеше таңертеңнен бері +15 сантиметрге ұлғайған. Бүгін таңертеңгі сағат 08:00-де Жайықтың суы Махамбет ауылының тұсында 893 сантиметрге жетті. Мұнда шекті деңгей – 850 см.

Ал, Атырау қаласындағы гидробекетте су деңгейі 515 сантиметрді көрсетіп тұр. Шаһар аумағындағы қауіпті шек 550 см деңгейінде белгіленген.

Бүгін Жайық өзенінің суы мұнайлы шаһар маңындағы Жаңаталап ауылында 368, Еркінқала елді мекенінде 328 сантиметрді құрады.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Жайық өзеніндегі су деңгейі Индер ауданында 900 сантиметрге жеткенін хабарлаған едік.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<