Мемлекеттік қызметшінің алты қағидасы

284

0

Мемлекеттік қызметшінің күнделікті өмірі оның кәсіби қызметімен тығыз байланысты. Рухани мәдениет пен білім, алған тәрбие адамның тұлғалық болмысын құрап, нәтижесінде оның іс-әрекетіне ықпал етеді. Данышпан ойшыл Әбу Насыр әл Фараби ар-ожданға жүгінген қоғамда заңдарға жүгінуге қажеттілік азаяды дегенге саятын тағылымды ой қалдырған. Ар-ождан бақылауын күшейту  қазіргі қоғамдағы әр адамның тұлғалық болмысын жетілдіру бойынша саналы жаңғыруының басты шарты болуы керек.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында «Әлемді шынымен өзгерткің келсе, өзгерісті қарапайым нәрседен баста» деп бекер айтылмаған, яғни, отбасыңда береке болуын ойла, жұмыс орныңды, үй-жайыңды, аулаңды ретке келтір, қоғамдық орында әдеп сақта» дегені өте өзекті мәселе.

Мемлекеттік қызметші азаматтардың мүддесін бәрінен жоғары қоюы тиіс және жүктелген міндеттемелерді адал орындауы – басты талап. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілер қызметтік қарым-қатынас кезінде әріптестерінің ар-намысы мен абыройына кір келтіретін жеке және кәсіптік қасиеттерін талқылаудан аулақ болғаны жөн. Ал, басшылар қарамағындағы қызметшілермен қарым-қатынас кезінде меритократия қағидаттарын сақтауды қамтамасыз етуге, кадр мәселелерін шешу кезінде туыстық, жерлестік және жеке басына берілгендік белгілері бойынша артықшылық көрсетпеуге тиіс.

Сондықтан мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінің басты міндеттерінің бірі – қызметкердің мінез-құлқының және өзге адамдармен қарым-қатынасының оңды болуы шарт. Мұнымен қоса сыбайлас жемқорлықтың және қызметтік әдеп нормаларын бұзушылықтардан, мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтарды болдырмаудың   алдын алуы қажет.

Қызметтік әдеп адал ниеттілік, адалдық, әділдік, ашықтық, сыпайылық және клиентке бағдарлану деген алты қағидатқа негізделеді.

Қызметтен тыс кезде де өзінің адалдығына, ар-ұятына, әдептілігіне қатысты жұрттың күмәнін тудырмауға міндетті. Оның парасаттылық және адалдық сияқты тәртіптік әдеп стандарттарын сақтай отырып, өз ұйымының беделін түсірмеуі қажет екенін көрсететін әрекеттері, қылықтары және жүрісі мемлекеттік қызметші деген атаққа кір келтірмеуі, үлгілі мінез-құлқы  ізеттілік пен адалдықтың маңызды көрінісі болып саналады. Кодекс талаптарын сақтап, оны мүлтіксіз орындау – әрбір қызметкердің қоғамдағы жауапкершілігі мен міндеті.

Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп стандарттарының бірі – қызметтік міндеттерін орындауға байланысты жағдайларды қоспағанда, ойын мекемесіне барудан тартыну.

Құмар ойындарға шамадан тыс әуестік мемлекеттік қызметшілерді басқа заңсыз табыс көздерін іздеуге итермелеуі мүмкін. Өкінішке орай, бұндай фактілер де бар.

Ойшыл, ақын С.Сарайи:

«Ақыл кіріп, қырықта әдеп білмесе –

«Адам» емес, болар еді кім десе» деп бекер айтпаған болуы керек.

Әуелден ата-бабаларымыз ар-абыройды баға жетпес құндылыққа балаған. «Пайда ойлама, ар ойла!», «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрсемен озады. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақшылық…» деп ұлы Абай айтып кеткендей, адам үшін ар-ождан – бәрінен қымбат, бәрінен биік. Асыл сөздерді әрбір мемлекеттік қызметші көкейіне құйып, өмірлік ұстанымына айналдыруға тиіс.

М.ШӘКІРБАЕВ,

облыс әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<