Мейірім мерекесі

704

0

Мейірім мерекесі Бүгін таң атысымен Амал  мерекесін асыға күткен әрбір отбасы дастарханын жайып, Наурыз көжесін дайындап, табалдырығын аттаған қонағына ұсынады. 14 наурыздан басталған мереке айдың соңына дейін ұласады. Дәл осы күні әр адам өзінен жасы үлкен кісілердің шаңырағына кіріп, амандасып, көріседі, барған үйіне «Бір жасыңызбен!» деп еніп, жаңа жылға аман-есен аяқ басқан жора-жолдас, туған-туысқандарын құттықтайды.

Шығыс күнтізбесі бойын­ша, наурыздың басталуы – хамал (амал) айының 1 жұлдызы. Хамал  – Тоқты шоқжұлдызының ескі парсыша атауы. Күн мен түн теңеліп, амал кірген сәтте Тоқты шоқжұлдызы туады. «Наурыз» сөзі парсының «жаңа күн» дегенінен шыққаны белгілі. Ертеде бұл күнді «Наурыз» емес, «Амал» деген. Бұл қазіргі күнтізбе бойынша 14 наурызға сәйкес келеді. «Көрісудің» екінші атауы «Амал» болуы­ның сыры осында жатса керек. Ал «Көрісу» деп аталып кетуі осы Амал мерекесінде жасалатын басты салт – көптен көрмеген жақын адамдардың кездесіп, көрісуі, өкпе-ренішке байланысты бет көріспей жүрген кісілердің кешірісіп, жүздесуінен туған болса керек.

22 наурызды бүкіл ел болып атап өтіп келе жатқанымызға 30 жылдан асқанмен, Амал мере­кесі  Маңғыстау, Аты­рау облыстарында тегіс, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыс­тарының кей бөлігінде ғана аталады. Сондай-ақ бұл мерекені көршілес Ресейдің Астрахан, Саратов, Орынбор өлкесіндегі қазақтар да, Қара­қалпақстанның қазақтар көп қо­ныстанған өңірлері де тойлайды. Ескі жазбаларға зер салсақ, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлынан «Наурыз – қазақша жыл басы. Бұрынғы кезде әр елде наурыз туғанда мейрам қылып, бас асып, қазан-қазан көже істеп, ауылдан ауылға, үйден үйге жүріп, кәрі, жас, қатын-қалаш бәрі де мәз болып, көрісіп, араласып қалушы еді. Бұл кезде ол ғұрып қазақ арасында қалып бара жатқан секілді… Біреулер наурыз марттың бірінде, екіншілер тоғызында келеді деседі» деген жазба қалған. Шәкәрім Құдайбердіұлының баласы Ахат «он төртінші март күні әкем бүгін – ескіше бірінші март, қазақша Жаңа жыл, Ұлыстың ұлы күні. Бұрынғы аты – Наурыз. Парсы тілінде жаңа күн деген сөз деп айтқаны есімде» депті. Бұл Амалды тек батыс өңіріндегі жұртшылық қана тойламағанын білдіреді.

Амал күні ағайын ара­сындағы ескі өкпе-реніш ке­шіріледі. Араздық ұмытылып, тоңның жібігеніне қуанған жұртшылықтың қуанышы  айна­ланы мейрімге бөлейді.

Бір жасыңыз құтты болсын!

«СБ» ақпарат.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<