Өнімдер 13 елге экспортталды

267

0

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереев ҚР Президенті Жолдауынан туындайтын салаға қатысты міндеттер мен алдағы жоспарлар туралы баяндады.

Басқарма басшысы статис­тикалық мәліметтерге тоқталып өтті.  Облыс бойынша өнеркәсіп саласында биылғы жылдың 10 айында 722,7 млн теңгенің өнімі шығарылған. Өңдеу өнеркәсібі саласында өндірілген өнім көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,4% жоғарылап, 106 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Есепті кезеңде құны 646 млн теңгені құрайтын 5 кәсіпорын іске қосылып, 177 жұмыс орны құрылды.

Р.Сұлтангереев Мемлекет басшы­сының Жолдауынан туын­дайтын міндеттердің басым бөлігі  шикізаттық емес секторды дамытуға және тікелей шетел инвес­­тициясын тартуға қатысты екенін жеткізді. Аймақта индустрия­ландыру бағдарламасының екінші бесжылдығы аясында жалпы құны 568 млрд теңгеден асатын 28 жоба іске асырылуда. Бүгінгі күнге дейін оның 7-і іске қосылған.

Қазір тампонажды цемент зауыты 6 түрлі өнім шығаруда. Көршілес облыстарға 320 мың тоннадан астам цемент өткізілсе, 26,4 мың тонна Өзбекстан Республикасына экспортталған. Ал «Арал тұз» АҚ екі бірдей испан цехын іске қосу нәтижесінде өнімнің 75 процентін экспортқа шығаруға қол жеткізді. Бұдан бөлек, британдық инвесторлармен бірлесіп, жүзеге асырылып жатқан «Баласауысқандық» ванадий кен орнынан 10 айда 203 тонна өнім экспортталды.

Жалпы алғанда индустриялық жобалар өнімдері 13 елге шы­ға­рылуда. Индустриялық карта жобалары бойынша өндірілген өнім көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңі­мен салыстырғанда 20,7%-ке өсіп, экспортталған өнім көлемі 24,7%-ке ұлғайған. Бағдарлама аясында жыл соңына дейін 3 жобаны іске қосу жоспарлануда.

Инвестиция тарту тетігін жетіл­діру мақсатында биыл жоспар­ланған 2 іс-шара өткізілді. Ал инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңес   2016 жылдан бас­тап жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ, инвесторларға сүйемелдеу жұмыстарын жүргізетін фронт-офистер қызметінің республика бойынша ережесі бекітіліп, Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы базасында фронт-офис құрылды. Өңірге инвестиция тарту мақсатында «Байқоңыр» еркін экономикалық аймағын (ЕЭА) құру бойынша жұмыстар атқарылуда. Оған қоса 23 роуд-шоу және IV Халықаралық интернет-форум ұйымдастырылып, ынтымақтастық туралы екіжақты меморандумдарға қол қойылған. Жыл басынан бері облыста Ресей, Қытай, Корея, Тәжікстан, Өзбекстан және тағы басқа елдерден делегациялар болып қайтты.   Басқарма басшысы осы орайда жыл соңына қарай ХІ «Байқоңыр инвест» инвестициялық форумын ұйымдастыру жоспарланып отырғанын хабарлады.

Брифингте, сонымен қатар, индустриялық аймақтарға қатысты мәліметтер де айтылды. Өңірде 6 индустриялық аймақ құрылған. Қазіргі таңда 210 гектар жер игеріліп, онда жалпы құны 193 млрд теңгені құрайтын 47 жоба орналас­тырылса, оның 21-і іске қосылған. Жыл соңына дейін тағы 11 жоба орналастыру жоспарда бар. Биыл құны 166 млн теңгені құрайтын 5 жоба іске қосылып, 26 адам жұмыспен қамтылды. Барлық индустриялық аймақтардың инфрақұрылымына бюджеттен 6,7 млрд теңге жұмсалса, тікелей тартылған инвестиция 78,7 млрд теңгені құраған.

Мұнан бөлек, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде жалпы құны 8,7 млрд теңге болатын 104 жоба бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Оның ішінде құны 2,3 млрд теңгені құрайтын 32-сі мақұлданды. Құны 5,9 млрд теңге болатын 25 жоба бо­йынша өтінімдер банктерде қаралып жатса, 47 жоба бойынша құжаттар жинақталуда.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<