Өмірлік құндылықтар қайнары

353

0

Корея сапарынан кейінгі ой

Мамыр айының 22-25 аралығында облыс делегациясының құрамында Оңтүстік Корея мемлекетінде болып қайттық. Біз туралы шығарған ақпараттарға әртүрлі пікірлер жазылды. Алғашқы күндері Кореяның озық аты бар университтерінде болдық. Кейбір пікір білдірушілер ғылым, білім түсінікті ғой, дегенмен өндіріс, жұмыс орындары туралы ойды алдыға салды. Негізгі мақсат – сырт елдердің технологияларын игеру, елге тарту, қаржы салдыру екені белгілі. Алайда әр елдің өзіндік ұстанымы, саясаты, көзқарасы бар. Біз қандай елге бардық, бізді не жақындастырады, не байланыстырады, ұқсастығымыз қайсы, айырмашылығымыз қаншалықты, нені аламыз, неден тартынамыз дегендей сұрақтардың болатыны рас. Осыған сәйкес Корея мемлекетінің тез дамуының тарихы да тағылымды.

Жалпы Корея экономикасы 1960-1980 жылдары либералдық даму моделі арқылы экспоненциалды даму кезеңінен өтті. Экспоненциалды өсу – бұл экспоненталық функцияның қисығын жасай отырып, уақыт өткен сайын өсулерді көрсететін мәліметтер үлгісі.

Корея экономикалық өрлеу жолына түсер кезде елдің жағдайы өте ауыр болған. ХХ ғасырдың алғашқы жартысында Жапонияның отары болды. Жапония соғыста ұтылғаннан кейін бір ай ішінде 38 паралель бойымен Корея екі ықпал ету аймағына бөлінді. Солтүстігі орыстардың, оңтүстігі америкалықтардың бақылауында өмір сүрді. Өзара қырғи-қабақтық саясаттың арты қарулы қақтығысқа ұласты. 1950-1953 жылдары елді терең күйзеліске түсірген азамат соғысы болды. Оңтүстік Кореяның экономикалық саясаты мен басқару жүйесінің негізін 1948 жылы президент болып сайланған Ли Сын Ман қалыптастырды. Ол және оның ізбасары генерал Пак Чон Хи тарихта авторитарлық басқарушы ретінде белгілі. Алайда екеуі де жеке меншікке басымдық берген нарықтық қатынастарды қолдады.

Соғыстан кейінгі уақытта Корея АҚШ-тың берген қайтарымсыз несиесіне өмір сүрген. 1954-1959 жылдары АҚШ 1,5 млрд доллар көлемінде субсидиялар мен несиелер берген. Бұл ақшаның көп бөлігі америкадан азық-түлік, тұрмыстық заттарға жұмсалып азғантай бөлігі ғана өндірістік инфрақұрылымдарға бағытталған.

Корея түбегі – пайдалы қазбаға кедей өңір. Таулы жерлердің көптігі ауыл шаруашылығының тез дамуына үлкен кедергі келтірген. Өзін-өзі азық-түлікпен қамтамасыз ете алмайтын. 1950 жылдардың соңында елдегі саяси дағдарыс жағдайында билікті әскерилер қолдарына алады.

Елді ұзақ басқарған Пак Чон Хи экономиканы дамытуға қол жеткізу үшін ең табысты компанияларға несие және субсидиялармен молынан көмектесті. Ол біріншіден, елдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы өте қаталдықпен күрес жүргізді.

Екіншіден, мемлекеттік аппарат пен құқық қорғау органдарын адал, таза, жауапкершілігі мол адамдардан құрған. Бұл жұмыстарды іске асыру үшін демократия қағидаларымен сәйкес келе бермейтін әдістерді де пайдаланған. Содан кейін барша экономиканың прогресивті дамуы байқалған.

Генерал Пак басымдықты бесжылдық жоспарлы экономикаға берген. Бесжылдық жоспардың орындалуын «Ұлттық қайта құрудың жоғары кеңесінің» қатал бақылауында ұстаған. Кеңес негізінен әскерилер мен ғалым-мамандардан құралады. Сараптаушылардың пікірі бойынша қатал орталықтандырылған жоспар арқылы Корея әлемдік экономикадағы бәсекелестікке жауап беретіндей жолға түсе алған. Тарихқа тереңірек үңілсеңіз, жүз немесе жүз елу жыл бұрынғы ең бай және ең кедей елдердің тізімінде бүгінгіден айтарлықтай айырма жоқ. Тізімнің жоғары және төменгі жағында шамамен тағы да сол елдер тұрды. Кедей мемлекеттер қатарынан байлар қатарына енген тек Сингапур мен Оңтүстік Корея ғана.

Ал сол мезетте Оңтүстік Кореяда экономикалық институттар инвестиция мен сауданы ынталандырумен болды. Оңтүстік Корея көшбасшылары білім алуға ақша аямады және сауаттылық пен жалпы білімнің жоғары деңгейіне қол жеткізді. оңтүстіккореялық компаниялар тез дұрыс бағыт алды және салыстырмалы түрде, білімді, жұмыс күші мен мемлекетті инвестициялауды, индустрияландыруды, технология тарту мен экспорттауды ынталандыруды үйлестіруге негізделген бизнестің өзіндік моделін жасады. Оңтүстік Корея жылдам тағы бір азиялық «экономикалық ғажайыпқа» – әлемдегі ең қарқынды дамып келе жатқан экономиканың біріне айналды.

«Оңтүстік Корея. Зерттеу» жұмысы авторлары Севада және Шоудың мәліметінше, жан басына шаққандағы жылдық табыс 1962 жылы 87$-дан 2017 жылы Оңтүстік Кореяда жан басына шаққандағы табыс 29743 $ болды.

Корея республикасының жасөспірімдері керемет білім, тәрбие алады. Корея елі бүгінде, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалатын қаржы бойынша әлемде бірінші орында. Медицинаға қаржы бөлуден екінші орында.

Біз барған бірнеше оқу орындарының жұмысы өмірге барынша жақын ұйымдастырылған. Өз өндірістері бар. Мысалы, Сеул ұлттық университетінің жанындағы «Бундан» госпиталі Ресейде ең ақылды госпиталь салуда. Онда еш қағаз болмайды. Барлығы ІТ жүйесімен жұмыс жасайтын болады. Әрбір студент 20-30 жылдан кейін де жұмыс жасай алатындай бағытта білім береді. 2050 жылдарғы жағдайға бейімделуде. Әркім өз денінің сау, білімінің қолданбалы болуына бар күшін салады. Денсаулығыңа қарамасаң, емделуге қаржың жетпеуі мүмкін. Жақсы білім алмасаң, далада қалуың ықтимал. Біліміңнің таяздығын, денсаулығыңды күтпегеніңді мемлекетке міндетсіне алмайсың. Ал білімді және дені сау азаматтарды ынталандыру оларды өздері таңдаған мамандығы бойынша табысты жұмыс істеуге және жетістікке жетуге итермелейді. Оңтүстіккореялық жасөспірімдер, егер олар сәтті кәсіпкерлер немесе жалдамалы мамандар болса, өздерінің күш-жігерін пайдаланып, өмір сүру деңгейін жақсартуға, үй, көлік сатып алып, сапалы медициналық қызмет алуға болатынын біледі. Мемлекеттің өзі кәсіпкерлерге банктерден несие алуға және биржадан ақша алуға көмектеседі; шетелдік компаниялар Оңтүстік Корея фирмаларымен серіктестік орната алады; жеке тұрғындарға үй сатып алу үшін ипотека алу оңайырақ. Сіз қалаған бизнесті ашуға құқығыңыз бар, жұмысшылар жалдап, тауарларыңыз бен қызметіңізді еркін нарықта сата аласыз және қалағаныңыздың бәрін сатып ала аласыз. Бұл – Оңтүстік Кореядағы өмір сүру ережесін белгілейтін институттар. Оңтүстік Кореядағы экономика АҚШ-тағы сияқты «инклюзивті» деп аталады. Жекеменшік құқығы, әділ сот жүйесі және әр азаматтың қызметке, экономикаға еркін ену мүмкіндігі «инклюзивтің» негізгі «үш тағаны». Нарыққа жаңа ойыншылардың кіруіне кедергі жасайтын, нарықтық экономиканың пайда табушыларының ауқымын шектейтін саяси элитаның құрсауы болмайды. Яғни саяси, экономикалық монополияға, олигаполияға жол жоқ. Бәрін айт та бірін айт, ең бастысы бар мүмкіндікті пайдаланып адал еңбек ету басты қасиетке айналған. Осындай саясаттың арқасында өткен ғасырдың ортасында ең кедей мемлекеттердің бірі, пайдалы қазба байлығы жоқтың қасы Корея мемлекеті МакКинзи мәліметінше, 2009 жылы Оңтүстік Корея Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымынан (ЭЫДҰ) көмек алатын ел статусынан донор статусына өткен бірінші ел болды. Оңтүстік Корея Бүкіләлемдік Doing Business банкінің бизнесті кедергісіз жүргізу рейтингі бойынша 2020 жылдың қорытындысында 4 орынға тұрақтады.

Оңтүстік Корея ғылым және технология институтының өкілі Чон Сон Чхольдың пікірінше, Корея соңғы 30 жылда Батыстың дамыған елдері ғасырларда еңсеретін жолды жүріп өткен екен. Біздің түсінгеніміз, «Корея кереметі» аталатын реформаның негізін «Оңтүстік Корея үкіметінің елді дамытудың сыртқы стратегиясы», жеткілікті білім, жүйелі тәртіпке құрылған жұмыс күші, технологиялық инновациялар құрайды. Оңтүстік Кореяның даму ережесі қарапайым: олар әуелі процесті мұқият ойластырады, содан кейін қабырғасын тұрғызады. Облыс әкімі бастаған делегацияның барлық кездесулердегі күн тәртібі осы бағытта өрбіді.

Осы білгеніміздің аясында өз еліміздегі жағдайға салыстырмалы түрде шолу жасап өтсем деймін.

Өткен ғасырдың екінші жартысында бірнеше Малайзия, Индонезия, Сингапур, Таиланд, Филиппин, Оңтүстік Корея нарықтық қатынастар арқылы капитал мен технологияларға молынан қол жеткізуге мүмкіндік алды. Капиталды «жемқорлықпен таламай», ішіп-жеуге емес, білімге, ғылымға, технологияға салған. Тез дамудың басты сыры – биліктің демократиялық институттарының тұрақты түрде қалыптасуы. Зиялы қауымның, әлемнің озық университеттерінен білім мен тәртіп алған азаматтардың саяси партиялар мен қозғалыстарды басқарып, жаңа озық жағдайға ұмтылатын жетекшілігі маңызды саналған. Аталған мемлекеттердің ортақ ұстанымының бірі «үшінші әлемге» тән сыртқы қарыздан өздерін қашық ұстауға тырысқан.

Біздің ел де 1997 жылы Азиядағы экономикада секіріс жасай алған мемлекеттердің үлгісінде «Қазақстан-2030» жоспарын қабылдаған болатын. Бізге де экономикалық тәуелділіктен құтылу керек. Өйтпесек, әркімге жалтақтағанымыз сол жалтақтаған. Біз саяси тәуелсіздік жариялағанымызбен аграрлы-шикізаттық мемлекеттен өте алмай келеміз. Яғни, бізге саяси қысымнан гөрі технологиялық артта қалушылығымыз шынайы дербестікке қол жеткізуге мүмкіндік бермеуде. Әліге дейін көбіміз өтпелі маргиналды жағдайда жүрміз. Ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі өмір салтын жаңа заман талабына сай өмір тіршілігімізді қалыптастыруға ой-сана тұрғысынан да кенжелеп қалудамыз. Дәстүрлі менталитетімізді, тұрмыс салтымызды, құндылықтар жүйемізді сақтай отырып, постиндустриалды қоғамға өтуге әлемдік технологиялар көмектесе алады. Олар 30-50 жыл жолдан өтсе, бізге дайын технологиялар, қолдағы мүмкіндіктер арқылы бірнеше есе жылдамдықпен өтуге болады. Мысалы, Араб түбегі елдері мұнай-газ арқылы серпіліс жасады.

Бізде Құдайға шүкір ұзаққа созылған жанжалдар, көтерілістер, мемлекетаралық кикілжіңдер болған емес. Бұл біздің артықшылығымыз. Бірақ бізге қатысты «үшінші әлем» терминін қолдау тоқтаған жоқ. Дамыған елдерден артта қалушылықтың нақты көрінісі осы атаудан білінеді.

Санаңды кідіртер, тіліңді мүдіртер кедір-бұдыр елеске бағытталған басы бар аяғы жоқ реформалардан кетуге тиіспіз. Кореяда ұзақ жылдарға созылған жоспарлар бар. Мысалы, елді көгалдандыру. 50-60 жыл бұрын ағаштар тым аз болса, қазір бүкіл ел жасыл желекке айналған. Әрбір ағаш есепте тұр. Шықпаған ағаштың сұрауы қатты. Барлық жобалар терең ғылыми негізделіп, сапаға қатал талап қойылады.

Көптеген басшылардың сауатты ұйымдастыра алмауынан жақсы идеялар аяқсыз қалып, халық қаржысы құртылуда. Көпшілікте жетістікке білікті қабілет, еңбекқорлық арқылы емес, басшыға жол таба білу арқылы қол жеткізеді деген түсінік басым. Менің айтпағым, лайықты адамның бәрі бірдей жетістікке жете бермейтіні белгілі.

Барлық деңгейдегі басшылар шаруашылықты ғана емес, ғылымды да ойлауы тиіс. Кейін қаржыны үйтіп-бүйтіп игергеннен басқа не істеді деген сөзге қалмас үшін, руханиятқа, мәдени мұраға көңіл бөлген жөн. Егер біз дұрыстығы дәлелденген негізгі қағидаларды қабылдай алсақ, сәтсіздікке ұшырамау мүмкіндігіміз көп болады. Адамдардың мінез-құлқы, қандай да бір жеке қасиеттері ұнамаса да талантты және еңбекқор мамандардың өскенін қалаймыз. Біз үшін қазіргі қажеттісі – қол жеткен жетістігіміздің, игілігіміздің жемістерін әділ, адал бөлу. Сонда адал еңбегімен, жүрегі және қолдарының тазалығымен өсетін лайықтыларға жол ашылады. Сыбайластық та барынша азаяды.

Билікті табысқа жеткізетіні біріншіден объективті болуы. Өз көңілі қалап тұрған нәрсені ешуақытта шындық ретінде қабылдауға болмайды. Жағдайды өзімізге ұнайтын болжаммен бағаламай, сын көзбен қарауға тиістіміз. Жай қатардағы адам менмендік танытуына болады. Ал өзіне-өзі риза тәнті басшы қашанда қауіпті. Яғни, нақты жағдайды ескермей, менмендікке басады. Басшы бойында парасатты ақылдың болуы аз. Оның бойы жан дүниесі дамушылыққа, жақсы өзгерістерге құштарлыққа буырқанып жатуы тиіс.

Білім мен ғылымның және сезімдердің бірлігіне, пікірлер еркіндігіне сүйенген елдер тез дамиды. Болашақты көргендей болдым. Ендеше, ескі мен жаңаның арасындағы таласты оң пайдаға шешетін сыни және санада төңкеріс жасайтын кезеңнен өтуіміз керек. Біз ешбір шектеуді білмейтін, бостандықта өскен, санасы еркін төзімтал, өжет дала перзентінің жалғасы емеспіз бе?

Кейінгі кездегі саяси реформаларды ескере отырып, сол кезеңде жүрміз деп үміттенемін.

Наурызбай БАЙҚАДАМОВ,

облыстық мәслихат төрағасы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<