Өңір дамуында өзгеріс көп

331

0

Кеше облыстық мәслихаттың кезектен тыс ХІ сессиясы өтті. Сессияға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, облыстық мәслихат төрағасы Наурызбай Байқадамов, депутаттар, басқарма басшылары және өзге де жауапты мекеме өкілдері қатысты.

Күн тәртібінде үш мәселе қаралды. 2024-2026 жылдарға арналған облыстық бюджетке өзгеріс енгізу туралы облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы Қамбарбек Мүбәраков баяндады. Ал облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Марат Құрманбаев облыс әкімдігі жанындағы терроризмге қарсы облыстық комиссия құрамын бекіту шешіміне өзгерістер енгізу туралы айтты. Сондай-ақ сессияда облыс әкімі аппаратының басшысы Шахмардан Байманов «Қызылорда облысының құрметті азаматы» атағын беру туралы хабарлама жасады.

Бұл мәселелер бойынша сессия алдында тұрақты кеңес отырысында жан-жақты талқыланған еді. Осыған байланысты депутаттар дауыс беріп, нақты шешімдер қабылданды.

Сессия жұмысын қорытындылаған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер жөнінде айтып өтті.

– Мемлекет басшысы мен Үкіметтің Сыр өңіріне ерекше қолдауының арқасында аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң тенденция сақталуда. Экономиканың барлық негізгі саласында өсім байқалып отыр. Бұл жөнінен былтыр облыс аймақтар арасында көшбасшылар қатарынан көрінді.

Өткен жылдың тамыз айынан бері ол жөнінен республикада алғашқы үштікте келеміз. Жыл қорытындысымен облыстың өнеркәсіп өндірісі – 3,6, өңдеу өнеркәсібі – 33,5, ауыл шаруашылығы – 3,7, құрылыс жұмыстарының көлемі – 40,4, тұрғын үй – 8,4, сауда – 4,7, көлік және қоймалау көлемі 7,8 пайызға артты. Былтыр облысқа барлық көздерден жарты триллионға жуық (14,2%) инвестициялар тартылды. Оның 73 пайызы – жеке инвестициялар. Өңірдегі мұнай қорының сарқылуы салдарынан кейінгі 10 жылда төмендеу тенденциясын көрсетіп келген өнеркәсіп өндірісі көлемі өткен жылдың қыркүйек айынан бастап оң динамикаға шықты. Өсім өңдеу өнеркәсібі есебінен қалыптасты. Осы саланың өсу қарқыны бойынша 2022 жылы республикада 11-орында болсақ, былтыр бірінші орыннан көріндік. Экономикалық тұрақтылықты сақтау оңай емес. Сондықтан бұл қарқынды одан әрі арттыруымыз қажет, – деді облыс әкімі.

Былтыр аймақ бюджеті 609 млрд теңгені құрады. Оның ішінде облыстың даму бюджеті 2,5 есе артты. Биыл да салық түсімдерін арттырып, жаңа өндіріс орындарын ашу арқылы бюджет көлемі ұлғайтылмақ.

Облыста әлеуметтік сала бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 10 мектеп бой көтеруде, тағы 11 мектептің құрылысы басталады. Физика-математика бағытындағы 300 орындық жатақханасы бар 400 орындық мектеп-интернат ел игілігіне айналады. Өткен жылы «Ауылдық денсаулық  сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 25 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсететін 15 дәрігерлік амбулатория ашылды, қалған 12-сі биыл ел игілігіне айналады. Мамыр айында «Қан орталығы» өз қызметін бастайды. Облыс орталығында халықаралық стандарттарға сәйкес келетін, құны 20,9 млрд теңге болатын Орталық стадион және 6,8 млрд теңгеге жабық бассейні бар көпсалалы денешынықтыру-сауықтыру кешені көпшілік қолданысына табысталмақ.

Өткен аптадағы Қызылорда қаласы және аудандардың әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған кеңесте өзекті мәселелер қаралып, алғашқы кезекте жүзеге асуы  тиіс жобалар анықталды. Облыс әкімі өз сөзінде бюджет қаражатын дұрыс жоспарлап, тиімді жұмсау – аса маңызды мәселе екеніне тоқталды.

– Өткен жылдың 13 желтоқсанында өткен мәслихат сессиясында 2024 жылға арналған облыстық бюджет 650 млрд теңге көлемінде бекітілді. Бюджет түсімін 549 млн теңгеге ұлғайту, жыл қорытындысымен қалыптасқан қалдықтар есебінен 5,7 млрд теңгені қайта бағыттау, бірқатар бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің пайдаланылмаған қаржысын 22,1 млрд теңгеге қысқарту арқылы 28,3 млрд теңгені өңірдегі кезек күттірмейтін мәселелерге, оның ішінде электр желілерін тарту, елді мекендерді газдандыру жобаларын қаржыландыруға жұмсамақпыз, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Облыс әкімі Қызылорда қаласындағы көше қиылыстары мен көпқабатты үйлердің аулаларына 700 бейнебақылау камерасы, жол жүру ережесін бұзған азаматтарды автоматты түрде анықтайтын 20  «Зияткерлік қиылыс» және 20 стационарлық жылдамдық өлшегіш қондырғысын орнатуға қосымша 2 млрд теңге бөлуді ұсынды.

Су тапшылығы ескеріліп, Шиелі ауданында 300 гектарға тамшылатып суару әдісімен жүгері егілмек. Жер дайындалды, қажетті құрал-жабдықтарға тапсырыс берілді. Жобаға 12 шақырым электр желісін тарту үшін 148,9 млн теңге бағытталуда.

Мұнан бөлек, тұрғындарға қолайлы орта жасау үшін 7,5 млрд теңге бөлінбек. Бұл орайда осы кезге дейін жасалып жатқан түрлі жаңғырту жұмыстары серпін алатын болады.

Сондай-ақ аймақ бюджетінің басым бөлігі жұмсалатын әлеуметтік саланың шығыстарын қаржыландыруға қосымша 2,4 млрд теңге бөлінбек.

Облыста апатты тұрғын үйдегі отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету үшін 135 отбасыға үй сатып алуға 1,7 млрд теңге бөлу жоспарланды.

– Кейінгі екі жылда аймақтың мәдениет пен руханият саласында ауқымды жұмыстар атқарылды, – деді ендігі кезекте облыс әкімі. – Өткен жылы Қызылорда қаласында жерлесіміз Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен құны 1 млрд 700 млн теңге болатын «Анаға тағзым» орталығы ашылды. Оған қоса «Отбасы орталығы» өз қызметін бастады. Сыр өңірінің мәдени брендіне айналатын «Шірік-Рабат Сақ жауынгері» мен «Сығанақ ханшайымының» алтындатқан мүсіндері облыстық музейге тапсырылды. Тарихшылардың ғылыми негіздемесіне сәйкес және археологиялық қазба нәтижелері бойынша алтын киімді «Түгіскен көсемі», «Жетіасар ақсүйек әйелі» реконструкциялары жасалып, осы күнге дейін беймәлім болып келген, шетелдерде сақталған жәдігерлердің көшірмелері ел назарына ұсынылады. Осыдан 10 жыл бұрынғы үрдіс жаңғырып, мәдениет саласын дамытуға үлес қосқан өнер және әдебиет  өкілдеріне арнайы «Тұран» сыйлығы табысталды. Өңірде классикалық музыканы дамыту мақсатында тұңғыш рет 50-ден аса кәсіби музыканттан жасақталған облыстық симфония оркестрі құрылды. Мүмкіндігі шектеулі өнерпаздардың шығармашылығын шыңдауға арналған Инклюзивті театр үйірме жұмысын бастады. Қалалық «Жастар театры» өз алдына кәсіби ұжым ретінде қайта құрылып, шығармашылығын халыққа ұсынуда. Өткен жылы желтоқсан айында елордада Астана қаласының 25 жылдығына орай Қызылорда облысының мәдени-өнер күндері өтті. Халық Сыр өнерпаздарының шығармашылығына ерекше ықыласын көрсетіп, оң бағасын берді. Зиялы қауымның сұранысына сай биыл сәуір айында Қызылорда облысының мәдени-өнер күндері Алматы қаласында өткізіледі. Ұлттық құндылықтарды дәріптеп, салт-дәстүрді насихаттау мақсатында наурыз айынан бастап Сыр өңірінде биылғы жыл «Руханият жылы» деп жарияланады.

Жақын күндері 1000 орындық «Өнер орталығы» қызметін бастайды, «Жыраулар үйі» ашылады. Барлық ауданда неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйі орналасатын «Руханият орталықтары» салынады. Ол үшін облыстық бюджеттен 11,5 млрд теңге жоспарлануда. Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын шыңдау мақсатында облыс орталығынан «Шығармашылық академиясы» салынады.

Ал Сырдария өзенінің сол жағалауынан Сыр өңірінің құнды жәдігерлері мен экспозицияларын кеңінен дәріптеу мақсатында жаңа өлкетану музейі бой көтереді. Құны – шамамен 1,6 млрд теңге.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<