Өңір. Өсім. Ендігі меже

485

0

Облыс бюджетінің әлеуметтік бағыты сақталады

Кеше облыстық мәслихаттың кезекті сегізінші сессиясы өтті. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, депутаттар және өзге де жауапты мекеме басшылары қатысты. Сессия жұмысын облыстық мәслихат төрағасы Наурызбай Байқадамов жүргізіп отырды.

Депутаттар алдында облыс әкімі сөз алып, көпшілікті алдағы Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтады.

– Ырысты ынтымақ пен бейбiтшiлiкті дәріптеген Сыр елi тәуелсiздiк мерекесіне жарқын жетiстiктермен жеттi. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қазан айындағы облысқа сапары барысында аймақ дамуына оң бағасын беріп, өңір үшін маңызды мәселелерге қатысты тарихи шешімдер қабылдады. Алғашқысы көптің көкейінде жүрген «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің Ақтөбе қаласына дейінгі аумақты бірінші санатқа ауыстыру болатын. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Үкіметке мәселені тез арада шешуді тапсырды. Екіншісі – облыс орталығы Қызылорда қаласын ыстық сумен қамтамасыз ету мәселесі. Бұл да Президентіміздің қолдауымен алдағы үш жыл ішінде кезең-кезеңімен шешілетін болды. Аталған мәселелермен 8 желтоқсан күні Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Әлихан Асханұлы Смайыловтың қабылдауында болдым, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Облыс әкімі өз сөзінде экономикалық дамудың макрокөрсеткіштері бойынша Қызылорда облысы өңірлер арасында тамыз айынан бері алғашқы үштікте екенін атап өтті. Ал 11 айдың қорытындысы бойынша облыстың барлық негізгі макрокөрсеткішінде өсім байқалып отыр. Атап айтқанда, өнеркәсіп өнімі 2,1, өңдеуші өнеркәсіп көлемі 28,9, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 2,5, инвестициялар тарту 18,4, құрылыс жұмыстары 20,4, көлік және қоймалау 8,4, пайдалануға берілген тұрғын үйлер 16,3, сауда көлемі 4,7 пайызға артты.

– Биыл аймақ бюджеті 609 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 57 пайызға өсті. Өңірдегі мұнай қорының сарқылуы салдарынан кейінгі 10 жыл  бойы төмендеу тенденциясын көрсетіп келген өнеркәсіп өндірісі көлемі биылғы қыркүйек айынан өсуі бастады. Өңірлік экономиканың стратегиялық маңызды саласының бірі – өңдеуші өнеркәсіпті дамытудамыз. 2023-2028 жылдар аралығында облыста жалпы құны 1,1 трлн теңге болатын 65 жоба іске қосылып, 9 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Биыл 14,1 млрд теңгені құрайтын 15 жоба іске қосылды. Облыстағы ірі жобалардың бірі – шыны зауыты жобалық қуаттылықтың 88 пайызын игеріп, 173,5 мың тонна өнім шығарды, – деп толықтырды облыс әкімі.

Облыста инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамытуда оң нәтиже бар. Жақсы жағдайдағы жолдың үлесі 87,5 пайызға жетсе, тұрғындардың 98,1 пайызы орталықтандырылған ауызсумен қамтылған. Ал газбен қамту көрсеткіші 75 пайызға жетті.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде жылу-электр орталықтарының жұмысын жандандыру бағытында аймақта ірі жоба жүзеге асуда. Қызылорда қаласында жаңа жылу-электр орталығының құрылысы жүргізілуде. Егемендік жылдарындағы инвесторлардың қаржысына салынатын ең ауқымды, теңдессіз жоба біздің аймақта басталды.

Облыс көлемінде барлығы 4170 пәтерді құрайтын 300 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Нәтижесінде биыл 2500-ден астам пәтер беріліп, аймақта 11 мың тұрғынның баспана мәселесі оң шешімін тапты. Үкіметте біздің облыс тәжірибесін өзге өңірлерге де енгізу жөнінде шешім қабылданды. Қараша айында Құрылыс және өнеркәсіп министрлігінің бастамасымен республикалық мекеме басшылары, республиканың барлық өңірінен құрылыс және энергетика саласына жетекшілік жасайтын облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшыларының қатысуымен аймақта құрылыс және тұрғын үй инфрақұрылымын дамыту мәселелері жөнінде республикалық жиын өтті.

Облыс бюджетінің 61 пайызы әлеуметтік салаға бағытталуда. Оның ішінде білім саласына 278 млрд теңге бөлініп, салада үлкен жобалар сәтті жүзеге асырылуда. Ал денсаулық сақтау саласына осы жылы 138,6 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Сондай-ақ Өңірде мәдениет, руханият, спорт саласында да ауқымды жобалар жүргізілуде.

– Өткен  аптада елордада Астана қаласының 25 жылдығына орай Қызылорда облысының мәдениет және өнер күндері өтті. Астаналықтар екі күн қатарынан «Жастар театрында» Нартай Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының сахнагерлері ұсынған «Жәмилә», «Нарком Жүргенов» спектаклін тамашалады. 9 желтоқсанда «Бейбітшілік және келісім» сарайында «Сұлу Сырдан – Ару Астанаға» атты гала-концерт өтіп, астаналықтарға, онда тұратын жерлестерімізге елдің шығармашылық сәлемі тарту етілді. Қызылорда қаласында 1000 орындық Өнер орталығының құрылысы аяқталуға жақын. Орталықта кәсіби концерттік ұжымдардың дайындығына, іс-шараларын өткізуіне толық жағдай жасалады. Бұл ғимаратқа 50 жылдық тарихы бар облыстық филармония ұжымы орналасады. Теміржол вокзалының аумағындағы қазіргі филармония ғимаратының концерттік залын Жастар театрына беру жөнінде шешім қабылданды. Мәдениет қайраткерлерімен кездесулерде сүлейлердің елінде облыстық Жыраулар үйін ашу мәселесі жиі көтерілуде. Облыстық мәдениет және спорт басқармасына Жастар театры жанындағы қосымша  ғимаратты Жыраулар үйі ретінде ашуды тапсырамын. Ол үшін арнайы мекеме құрып, артық қаржы шығындаудың қажеті жоқ. Қолымыздағы бар мүмкіндікпен филармонияның филиалы ретінде ұйымдастыру керек, – деді облыс әкімі.

Мемлекет басшысының кәсіпкерлерді патриотизм мен әлеуметтік жауапкершіліктің үлгісін көрсету туралы бастамасы аясында аймақта «Туған жерді бірге түлетейік!» үндеуі жарияланды. Нәтижесінде сол арқылы демеушілер есебінен 37,5 млрд теңге тартылды.

Құрылыс, жол компанияларымен және кәсіпкерлердің қолдауымен 3,3 млрд теңгеге 630 жобаға жоба-сметалық құжаттама әзірленді. Бастамаларға қолдау көрсетіп жатқан жерлес жанашыр азаматтарға зор ризашылығымызды білдіреміз. Туған жер алдындағы азаматтық парызын адал атқарып жүрген елжанды азаматтарымыз мемлекет тарапынан лайықты бағасын алуда. Республика күнінде жерлесіміз «Таң» шаруа қожалығының төрағасы Шағыртаев Имамзада Қуанышбайұлы ең жоғары деңгейдегі мемлекеттік награда – «Қазақстанның Еңбек ері» атағын алса, өзге де кәсіпкер азаматтар түрлі мемлекеттік наградалармен марапатталды. Күні кеше «Абай-Дәулет» серіктестігінің директоры Марат Сәрсенбаев Президенттің қолынан бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне берілетін жоғары марапат – «Парыз» сыйлығының гран-приін алды.

– Қазақстан Республикасының бюджет кодексіне сәйкес, «2024-2026 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешім жобасы әзірленді. Айта кетсек, «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.  Заңға сәйкес облысымызға республикалық бюджеттен берілетін субвенция көлемі 2023 жылғы 400,5 млрд теңгеден 2024 жылы 433,0 млрд теңгеге немесе 32,5 млрд теңгеге артты. Облыс бюджетінің басым бағыты халықтың өмірі мен әл-ауқатын одан әрі жақсарту болып отыр. Әлеуметтік жаңғырту және мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға негізделген бюджеттің әлеуметтік бағыты сақталды. Алдағы жылға облыс бюджетінің құрамында әлеуметтік саланың үлесі 389,2 млрд теңгені құрайды. Ол жалпы шығындар көлемінің 60 пайызын шамалайды. Оның ішінде білім саласы 265,7 млрд теңге, денсаулық сақтау саласы 30,0 млрд теңге, әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамсыздандыру 43,4 млрд теңге және де мәдениет, спорт салалары 50,1 млрд теңге көлемінде құралып отыр, – деді облыс әкімі депутаттар алдында.

«Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» Ұлттық жобасына сәйкес аудандық ауруханаларды заманауи құрал-жабдықтармен жарақтандыруға, амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін ұйымдар үшін медициналық техниканы сатып алуға маңыз берілді. Сондай-ақ қаржы көлік инфрақұрылымының басым жобаларын, «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде көшелерді орташа және күрделі жөндеуге, әлеуметтік сала нысандарын күрделі жөндеуге, мектепке дейінгі білім беру ұйымдары және мектепалды даярлық топтарындағы педагогтердің еңбекақысын 30 пайызға ұлғайтуға бағытталады. Оған қоса қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырысты орналастыруға қаржы жоспарлануда.

Даму бюджетінің үлесі биылға бекітілген 75,8 млрд теңгені құраса, ол алдағы жылы 136,4 млрд теңгеге артып отыр. Бұл қаржы есебінен облыста тұрғын үй құрылысын жүргізу, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды, көлік инфрақұрылымын дамыту, газ, су, электрмен жабдықтауға бағытталған жобаларды қаржыландыру ойластырылып отыр. Биыл «Жайлы мектеп» жобасы аясында аймағымызда 10 мектеп құрылысын жүргізуге 19,6 млрд теңге бөлінген еді. Ал 2024 жылы осы жұмыстарды жалғастыруға және жаңадан 11 мектептің құрылысы жұмысын бастауға 24,5 млрд теңге бағытталуда. Сондай-ақ Қызылорда қаласында жаңадан құрылысы басталған жылу-электр орталығының жалпы құны 15 млрд теңгені құрайтын автоматты газ тарату станциясын орната отырып, газ тарту жобасының бастапқы жұмысына қаржы қаралуда. 2024 жылы 12 елді мекенді газбен жабдықтау жұмыстарын жүргізуге 1,2 млрд теңге бағытталып отыр. Нәтижесінде облыс бойынша табиғи газға қосылған халықтың үлесін 78%-ға жеткізу жоспарға алынған.

Жобаны жүзеге асыру Қызылорда қаласындағы теміржолдың арғы бетіндегі «Шанхай», «Коммунизм», «Гагарин» тұрғын аудандарын қаланың орталық бөлігімен қозғалыс қауіпсіздігін сақтай отырып, көлік қатынасын жүргізуге мүмкіндік береді.

– Денсаулық сақтау саласын дамыту жобалары аясында алдағы жылы облыстық қан орталығы және Онкологоиялық аурухана құрылысы өз жалғасын табуда. Бұл мақсатта республикалық бюджеттен 4,7 млрд теңге бөлініп отыр. Сумен, электрмен, жылумен жабдықтау, инженерлік инфрақұрылымды жүргізу бойынша жобаларды қаржыландыруға республикалық бюджеттен 17,7 млрд теңге жоспарлануда. «Облыс орталығын дамыту» бағдарламасы шеңберінде бөлінген 3,7 млрд теңге Қызылорда қаласындағы Жанқожа батыр көшесі арқылы өтетін жол өтпесін салу, Яссауи көшесін қайта жаңғырту, «Тәуелсіздікке – 25 жыл» даңғылы арқылы «Қызылжарма» каналына өтетін көпір құрылысы жобасына бағытталуда. Ал «Шағын қалаларды дамыту» бағдарламасы аясында Арал, Қазалы қалаларын дамытуға 1,6 млрд теңге қаржы қаралуда. Сондай-ақ ауылдық елді мекендерде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту, ауыл халқының әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету және жалпы жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруда «Ауыл – ел бесігі» жобасының маңызы жоғары. Аталған жоба аясында 2024 жылы аймағымызға 5,5 млрд теңге жоспарланған, – деді облыс әкімі.

Сессияның күн тәртібіне 10 мәселе қойылған. Облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы Қамбарбек Мүбәраков «Қызылорда облыстық мәслихатының 2022 жылғы 13 желтоқсандағы №153 «2023-2025 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу», «2024-2026 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» хабарлама жасады. Депутаттар тарапынан жасалған ұсыныстар негізінде бірқатар мәселелер қолдау тапты. Мәселен, жергілікті тұрғындар тарапынан жаңадан стадион салу жөнінде ұсыныстар айтылып жүрген еді. Ендігі кезекте стадион  құрылысын бастауға 3,8 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінетін болды.

Облыстық мәслихат  төрағасы  Наурызбай Байқадамов жыл көлемінде мәслихат тарапынан атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді. Сондай-ақ күн тәртібінде өзге де мәселелер депутаттар тарапынан қолдау тапты.

Сессия барысында  кейбір басқармаларды қайта құру мәселесі талқыланды. Атап айтқанда, алдағы уақытта спорт және туризм, сондай-ақ жұмылдыру дайындығы басқармалары құрылады. Бұдан бұрын спорт саласы мәдениетпен бір басқарма ретінде қызмет жасаса,  жұмылдыру дайындығы облыс әкімі аппаратының құрылымына енген еді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<