Өткенге таразы, танымға байғазы болған еңбек

911

0

Көне түркі даласын мекен eткен қазақ халқы сан ғасырлық өмір көшін басынан өткізді. Басқасын айтпай-ақ «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаны» еске алсақ та алдымыздан халқымыз тартқан қасірет пен тағдырдың тағылым жолдары жосылып шығады. Осы секілді тарих теперіштерінде Сыр бойы – бүкіл түркі жұртына сая болған қасиетті мекен.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 1998 жылы облысымызға келген сапарында Сыр елінің арғы-бергі тарихына таразы болар «Сыр – Алаштың анасы» деген ұлағатты сөзін айтқан еді. Бұл сөз бүгінде аймағымыздың анықтауышы ғана емес, рухымызды көтерген қанатты қағидамызға айналды.

Сол ұлағатты негіз етіп, тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерекесі құрметіне облыс әкімінің жобасымен «Сыр – Алаштың анасы» деп аталатын тарихи құнды фотошежіре кітап жарық көрді.

Кітапта Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың, облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың алғысөздері беріліп, Сыр елінің тарихы, экономикалық-әлеуметтік келбеті, рухани бейнесі көрініс тапқан.

Кеше Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада осы кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Оған өңіріміздің белгілі ғалымдары, ардагерлер, руханият өкілдері қатысты.

Тұсаукесерді облыс әкімінің орынбасары, редакциялық алқа төрағасы Серік Ахмет ашып, жиналған қауымды тәуелсіздік мерекесімен құттықтады. Кітаптың мазмұны мен көркемдік-идеялық ерекшелігіне тоқталды.

«Біз осы кездері тарихи күндерді бастан кешіп отырмыз. Тәуелсіздіктің отыз жылы аясындағы әрбір ісіміз тарихи маңызға толы. Әсіресе, руханият, рухани жаңғыру саласындағы атқарылып жатқан жұмыстар баршылық. Жақында Сыр өңірі фольклоры антологиясының 1-томы «Жанқожа батыр» жырларын жарыққа шығардық. Күні кеше «Сыр журналистикасының тарихы» деп аталатын бестомдықтың тұсауын кестік. Оған елордадан және басқа да өңірлерден мәртебелі қонақтар келіп қатысты.

Міне, енді Сыр елінің кешегісі мен бүгінін бедерлеген құнды еңбектің тұсаукесерінде бас қосып отырмыз. Облысымыздың орнын айқындайтын, тарихын танытатын еңбектер бұған дейінгі жылдарда да жарық көрген болатын. Бұл еңбектің бәсі бөлек. Оның жарық көруіне ғалымдарымыз, туған жердің тарихын жақсы білетін азаматтарымыз белсенді еңбек етті. Ардагерлерден бастап студенттерге дейін үлес қосты. Сол үшін әрбіріңізге рахмет», – деді облыс әкімінің орынбасары.

Алғашқы сөзді ҰҒА академигі, техника ғылымдарының докторы Қылышбай Бисенов алды. Академик тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктеріміздің тікелей Елбасы еңбегімен байланысты екенін атап өтті. Жарық көріп отырған кітаптың құндылығын, оның ғылыми, рухани мәнін сөз етті. Алдағы кезеңде Арал-сырдария деген ұғым арқылы еліміздің тарихын зерттеуге мүмкіндік алатын жаңа жобалар қабылданса деп ұсыныс білдірді. Сонымен бірге осы кітапты тартулайтын сыйлық есебінде ғана пайдаланбай, Ұлттық кітапханаға, шетелдердегі елшіліктерге тарату керектігіне, сол арқылы инвестиция тарту мүмкіндігі туатынына тоқталды.

Мұнан соң облыстық мәслихат хатшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Наурызбай Байқадамов сөз сөйледі. Ол сөзінде біздің эрамызға дейінгі замандардан келе жатқан көші бар, осыдан 550 жыл бұрын құрылған Қазақ хандығында ерекше орын алатын Сыр елінің қазынасы қалың, тарихы терең екенін, бұл кітаптың осындай ғылыми деректерге негізделгенін айтып, шолу жасап өтті. «Әрине, оған риза болатын да, сын айтатын да адам табылады. Дегенмен, тұсауы кесіліп отырған кітаптың үлкен еңбек, қымбат қазына екені анық», – деді Наурызбай Сейітқалиұлы.

Келесі сөзді Қорқыт ата атындағы университеттің «Қорқыттану» ғылыми орталығы жетекшісі, филология ғылымдарының кандидаты Бағдат Кәрібозов алып, фотошежірені өте сәтті еңбек деп бағалады. Осы еңбекті сериялы түрде жалғастырып, қамтылмай жатқан мәселелерді қолға алу абзал болар еді деді.

«Рухани жаңғыру» орталығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты У.Ибраев та дәл осындай ықыласын, тілегін жеткізді.

Жиынды облыс әкімінің орынбасары С.Ахмет қорытындылап, кітапты дайындау жұмыстарында белсенділік көрсеткен азаматтарға алғыс айтты, филология ғылымдарының кандидаты А.Оңғарбаев басқаратын «Сыр медиа» ЖШС журналистерінің белсенділігіне ризашылық білдірді.

Сыртқы келбетіне ішкі мазмұны сай Сыр елінің тарихи шежіресі тәуелсіздік мерекесіне жасалған тамаша тарту екенін атап өтті.

Кітаптың көк желегін сахна ардагері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Х.Әмір-Темір, еңбек ардагері, Қызылорда қаласының құрметті азаматы С.Аңсатов, академик Қ.Бисенов кесіп, өнерпаздар әннен шашу шашты.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<