Өзен суы – өлкенің нәр өзегі

716

0

Кеше Нұр-Сұлтан қаласында «Қазақстанның су саласын дамыту перспективалары» тақырыбында Парламенттік тыңдау өтті.

Оған  ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов, депутаттар, бірқатар министрлер және Қызылорда мен Атырау облысының әкімдері, тиісті сала өкілдері қатысты.

Парламенттік тыңдауда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңірдің экономикалық және экологиялық жағдайы, су шаруашылығындағы өзекті деген мәселелер бойынша сөз сөйледі. Аймақ басшысының сөзі толық нұсқада ұсынылып отыр.

Құрметті Ерлан Жақанұлы!

Құрметті депутаттар!

Сыр өңірінің экономикалық және экологиялық жағдайы, халқының тыныс-тіршілігі Сырдария өзенінің суымен қамтамасыз етілуіне және ауыспалы суармалы жердің мелиоративтік мүмкіндігіне тікелей байланысты.

Парламенттік тыңдауға су шаруашылығын дамыту перспективалары енгізіліп, сөз сөйлеу мүмкіндігі берілгендігі үшін Сыр өңірі тұрғындарының атынан Сіздерге ризашылығымызды білдіреміз.

Жасыратыны жоқ, мамандардың болжамы бойынша 2030 жылға қарай еліміздің оңтүстік аймағында су тапшылығы артады деп күтілуде. 

Бұл ретте, Сырдарияның 93% суы республикадан тыс жерлерден келетінін ескерсек, ең ауыр ахуал «Арал-Сырдария» бассейнінде қалыптасатын болады. Табиғат ресурстарының негізі – су мемлекетаралық саясаттың ең күрделі шкаласына тіреліп, көпшілікті алаңдатуда.

Біріншіден, Қызылорда облысы трансшекаралық өзеннің ең төменгі ағысында орналасқандықтан, жоғары ағыста орналасқан мемлекеттермен өңірлердің ұстанымына еріксіз тәуелдіміз.

Екіншіден, басқа облыстар сияқты бізде табиғи өсірілім (богарный) егістік жерлер жоқ.

Сондықтан, біздің аймақ су шығыны көп, инженерлік жүйеге келтірілген суармалы күріш егісіне бейімделген, мелиоративтік жүйелер мен құрылыстарды ұстап тұруға мәжбүрміз және олардың техникалық жағдайына тікелей тәуелді екендігіміз баршаңызға мәлім.

Өңірдің  тағы бір ерекшелігі, еліміздегі күріштің 90 пайызын біздің аймақ өндіретін болғандықтан, республика бойынша суармалы судың 30 пайыздан астамын тұтынамыз.

Су тапшылығы жағдайында суды көп тұтынатын дақылдардың көлемін азайту мен су үнемдеу технологияларын енгізу қажет екенін түсінеміз.

Алайда, күріш өсіру экологиялық маңызға ие және күріштік алқаптарды суға бастыру арқылы топырақтың тұздануын төмендетуге мүмкіндік береді. Сол себепті, күріш егілмей қатты тұздалған топырақта басқа дақылдардың өсуі қиын.

Осыған байланысты, күріш егісінің көлемін күрт азайтуға болмайтындығын және оған су үнемдейтін тамшылатып немесе жаңбырлатып суаратын технологияларды қолдану мүмкін еместігін де ескеру керек.

Дегенмен, облыста ауыспалы егіс тәртібін қатаң сақтай отырып, күріш дақылының көлемін кезең-кезеңімен 75-80 мың гектарға тұрақтандыру бойынша жұмыстарды атқарудамыз.

Соңғы екі жылда күріш егісінің көлемі 11 мың гектарға қысқартылып, (2021 жылы – 5,9 мың га, 2022 жылы – 5,2 мың га) ағымдағы жылы 78,2 мың гектарға орналастырылды.

2013 жылдан бері шаруашылық құрылымдары 60 мың гектар жерге лазерлік агрегатпен тегістеу жұмыстарын жүргізіп, 34 пайыз егістік жерлер тегістелді.

Сонымен бірге, облыста күріштіктен басқа 607 гектар жерге тамшылатып және жаңбырлатып суару әдісі қолданылса, 2025 жылға дейін 17,2 мың гектар жерге ылғал үнемдеу әдісін қолдану жоспарлануда.

Алайда, Қызылорда облысында суару жүйелерінің қанағаттанғысыз жағдайына байланысты, жыл сайынғы артық су шығыны шамамен 2 млрд м3 құрайды. Бұл – республика бойынша жыл сайынғы су шығынының тең  жартысы.

(Слайд 1)

Атап өту керек, республиканың барлық суармалы суының 97%-ын тұтынатын оңтүстік өңірлерде халықаралық қаржы институттарының қаражаты есебінен 318,9 мың гектар жерде суландыру жүйелерін қайта жаңғырту жұмыстары атқарылып жатса, соның ішінде Қызылорда облысының үлесі небары 15,1 мың гектар ғана, немесе 4,7 % құрайды.

Көріп отырғандарыңыздай, су шығыны көп болып табылатын біздің облыста ең аз жұмыс жасалуда.

(Слайд 2)

Облыста суармалы жерлерді қалпына келтіру және айналымға қосу бойынша 161 млрд  теңгеге 3 (үш) жоба әзірленген. Олар: пайдаланылмай тұрған 29 мың гектар суармалы жерлерді айналымға қосу және 158 мың гектар суармалы егістіктегі ирригация және дренаж жүйелерін жетілдіру жобалары. (ПУИД-2, ПУИД-3) (ПУИД- проект по усовершенствованию ирригационных и дренажных систем).

Осы жобалар бойынша су шаруашылығы нысандарын құжаттандыруға облыстық бюджеттен 2017-2020 жылдар аралығында 1 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалды.

Соның ішінде, 2019 жылдан бастап тек, ПУИД-2 жобасы іске асырылып жатса, 29 мың  гектар  суармалы жерлерді айналымға қосу мен ПУИД-3 жобаларын қаржыландыру мәселесі шешімін таппай келеді.

Бұл жобалар жүзеге асырылған жағдайда, инженерлік жүйеге келтірілген суармалы жерлердің 80%-ы қалпына келтіріліп, өңірдің ауыл шаруашылығының дамуына өз септігін тигізетін болады.

Өткен жылы өңірдің батыс аймақтарында қуаңшылық болып, жайылымдық жерлердің құрғауына алып келіп, Арал ауданында төтенше жағдай жарияланғаны көпшілікке мәлім.

(Слайд 3)

Қазіргі уақытта, Арал теңізінің жағдайы алаңдатуда. Аралға судың түсуі қалдық принципі бойынша жүзеге асырылады. Соңғы 12 жылда Арал теңізінің суы 7 млрд м3-қа азайып кеткен (27 млрд м3-тен 20 млрд м3).

Теңіз өз жағасынан 15-20 метрге дейін тартылды. Өткен жылы Арал теңізіне келісілген су көлемінің тек 15,6%-ы түсті. (ағымдағы жылы 16%-ы ғана түсуде)

Осы орайда Арал теңізінің жағдайын сауықтыруға ерекше назар аударуды және Сыр өңірінде суды бөлу мен есепке алуды автоматтандыруды, сонымен қатар суару жүйелерін қайта жаңғырту жөніндегі жобалардың жүзеге асырылуына ықпал етулеріңізді сұраймыз.

Диқаншылыққа әбден дендеп кірген іргедегі өзбек халқының төре тілегі: «Арығыңнан су кетпесін» деген екен. Сол айтқандай, біз үшін Су – өмірлік тақырып болып тұр!

Құрметті депутаттар!

Сөзімді қорытындылай келе, Қызылорда облысының жоғарыда аталған өзекті мәселелерін Парламенттік тыңдаудың қорытынды ұсынымдарына енгізуді сұраймыз.

Анықтама ретінде:

1) Еуропа банкі –  77 мың га, оның ішінде Жамбыл облысы – 51,3 мың га, Түркістан облысы – 25,7 мың га.

2) Ислам банкі барлығы – 136,9 мың га, оның ішінде Алматы облысы – 35,4 мың га, Түркістан облысы – 101,5 мың га.

3) ПУИД-2 105,05 мың га, оның ішінде Алматы облысы – 12,48 мың га, Жамбыл – 15,17 мың га, Қызылорда – 15,1 мың га, Түркістан – 62,3 мың га.

Анықтама ретінде:

– 15 мың га. ПУИД-2 жобасы бойынша (9,3 млрд. теңге);

– 143 мың га. ПУИД-3 жобасы бойынша (138,3 млрд. теңге);

– 29 мың га. суармалы жерлерді айналымға қосу жобасы (13,4 млрд. теңге).

Анықтама ретінде: 2021 жылы Арал теңізіне түсетін 1,2  млрд.м3 судың іс-жүзінде 199 млн. м3, 2022 жылы 1,3 млрд.м3 судың 200  млн. м3 түсіп отыр.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<