Он айдың олжасы

437

0

Айқын мақсаттың нәтижелі көрсеткіші

Бейсенбі күні облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз конференциясын өткізді. Аймақ басшысы осы жылдың 10 ай қорытындысы бойынша өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады. Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Мемлекет басшысы тапсырмаларының орындалуы мен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында айтарлықтай жетістік бар. Экономикалық дамудың макрокөрсеткіштері бойынша облыста оң динамика қалыптасып, 10 айдың қорытындысымен өңірлер арасында көшбасшылар қатарынан (4-орын) көрініп отыр.

– Жақында облысымызға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев арнайы жұмыс сапарымен келіп, өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысты. Аймағымыздың дамуына оң бағасын берді. Осы жылдың 10 айында өңдеу өнеркәсібі 24,2 пайызға, ауыл шаруашылығы 2,6 пайызға, құрылыс жұмыстарының көлемі 21,2 пайызға, тұрғын үй 16,7 пайызға, сауда 4,3 пайызға, көлік және қоймалау көлемі  8,8 пайызға, негізгі капиталға тартылған инвестиция  27,7 пайызға артты, жеке инвестициялар 34,6 пайызға өсті», – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы атап өткендей, облыстың бюджеті 609 млрд теңгеге жетті. Өсім 57 пайыз. Облыстың даму бюджетінің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есеге артқан. Әйтсе де, кейінгі он жылда аймақта мұнай қоры сарқылып, өнеркәсіп өндірісінің көлемі көп жылдар бойы төмендеп келгені жасырын емес. Мысалы, 2012 жылы 11 млн тонна мұнай өндірілсе, биыл 3,5 млн тонна мұнай өндіру күтілуде. Дегенмен, Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауы, облыс басшылығының табанды жұмысының ықпалымен  өнеркәсіптің басқа да көздерін дамыту қолға алынды. Соның нәтижесінде өнеркәсіп өндірісінде оң серпін қалыптасты. Өсім 1,3 пайызды құрады.

– Облысымызда алдағы 6 жылда құны 1 трлн 100 млрд теңгені құрайтын 65 жоба жүзеге асады. Тоғыз мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады.

Биыл құны 14 млрд 100 млн теңгені құрайтын 15 жоба іске қосылды. Қабылданған шаралардың негізінде өнеркәсіп құрылымында өңдеу өнеркәсібінің үлесі 30 пайызға ұлғайды.

Былтыр іске қосылған шыны зауыты тұрақты өнім шығарып, өнімнің 70 пайызын ішкі нарыққа, 30 пайызын Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан елдеріне экспорттауда. Зауыттың негізгі қуаттылығы 197 мың тонна. Зауыт іске қосылғаннан бері жобалық қуаттылықтың 85 пайызын игеріп, 167 мың тонна өнім шығарды.

Шыны зауытының аясында шағын және орта кәсіпкерліктің белдеуін дамытуға мүмкіндік мол. Зауыт жанынан құны 130 млрд теңгеден асатын түрлі шыны бұйымдарын шығаратын 8 ілеспе кәсіпорын құрылады.

Келер жылы жылына қосымша 5 млн шаршы метр энергия үнемдейтін шыны өндірісі іске қосылып, шыны бөтелкелер және алғашқы айна зауытының құрылысы басталады. Бұл 3 жобаның жалпы құны 32 млрд 300 млн теңге.

Шыны бөтелкелері жобасын жүзеге асыруға Қазақстан мен Германия мемлекеттері басшыларының қатысуымен өткен бизнес форум аясында қол жеткізілді. Құны 1 млрд теңгені құрайтын әк және құрғақ құрылыс қоспаларын шығару цехы іске қосылады (орналасу орны – Шиелі ауданы). 2024 жылы аймақта құны 27 млрд 100 млн теңгені құрайтын 10 жоба жүзеге асырылады. Бұл 630 жұмыс орны – деді аймақ басшысы.

Қызылорда облысында жақсы өріс алып келетін саланың бірі – кәсіпкерлік. Соның айғағындай, мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде жұмыс жасап тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 10,3 пайызға артқан. Мұныңыз 70 977 бірлік.

– Биыл кәсіпкерлікті қаржылай қолдауға әртүрлі көздерден 42 млрд теңге қаржы тартылып, 3,5 мыңнан астам жоба қаржыландырылды. Оның 24 млрд теңгесі  мемлекеттік бағдарлама аясында қолдау тапты.

Мемлекеттік қолдау тетігіне қаралған қаржы өткен жылмен салыстырғанда 20 пайызға артық. Қолдау шараларының нәтижесінде шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыспен қамтылғандар саны 15,8 пайызға артты (124 376 адам).

Мемлекет басшысының бөлшек салықты енгізу және салықтық ынталандыру шарасын қабылдау бастамасын республика көлемінде алғашқылардың бірі болып Қызылорда облысы орындады. Биыл облыста 35 мың кәсіпкердің мүддесі қамтылған бөлшек салықтың пайыздық мөлшерлемесі 4 пайыздан 2 пайызға төмендетілді. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына 2,5 пайызбен 2 млрд 300 млн теңгеге жеңілдетілген несие табысталды.Өндірістік жобаларға басымдық берілді.Жыл қорытындысымен шағын және орта бизнестің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 2022 жылмен салыстырғанда 2,4 пайызға артты (2022 ж. – 19,1%), 21,5 пайызға жетті, – деп толықтырды аймақ басшысы.

Халықты жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарын ашу – басты міндет. Нұрлыбек Машбекұлы жыл басынан бері экономиканың барлық саласында 44 мың 695 адам жұмыспен қамтылғанын атап өтті.

Ел Президентінің 10 мың адамға 100 жаңа жұмыс орнын құру тапсырмасы өңірде 11 айда толық орындалған.  Жоспар – 10651 адам болса, нақты жағдайда 11654 жұмыс орны құрылды. Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,5 пайыз, жалпы жұмыссыздық 4,8 пайыз болып отыр. Өткен жылмен салыстырғанда жұмыссыздық көрсеткіші төмендеген.

– Ауыл шаруашылығы – өңір экономикасының негізгі саласы. Бұл салаға тартылған инвестиция көлемі өткен жылмен салыстырғанда 36,6 пайызға артты. Аймақтың табиғи-климаттық және топырақ ерекшеліктеріне сәйкес ауыл шаруашылығы саласы толығымен суармалы егіншілікке, оның ішінде күріш егісіне бейімделген. Егін науқанының қорытындысымен әр гектардан 56,5 центрнерден өнім алынып, қамбаға 503 мың тонна күріш жиналды.

Су тапшылығына қарамастан күріш өнімділігі бойынша өткен жылғы деңгейді сақтап қалдық. Облыстың ауыл шаруашылығы саласының экспорттық әлеуеті артып, өткізу нарығы кеңеюде.Соңғы екі жылда (2022 жыл, 2023 жылдың 8 айы) құны 84 млн АҚШ долларын құрайтын ауыл шаруашылығы өнімдері экспортталды. Экспортталған өнімнің 96 пайызы өңделген өнім – деді облыс әкімі.

Егіншілік мәдениеті суармалы жүйеге негізделген Қызылорда өңірі үшін су үнемдеудің маңызы зор. Бұл ретте тамшылатып, жаңбырлатып суару әдістерін қолдану аясын кеңейтуге басымдық берілуде.

Осы жылы су үнемдеу технологиясын пайдалану арқылы 872 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Өңір басшысы айтқандай, бұл тенденцияны жыл сайын арттыруға жұмыс жасалады.

– Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында: «Агроғылымды дамыту және ең бастысы, оны ауыл шаруашылығында іс жүзінде қолдану үшін шаралар қабылдау қажет» деген болатын. Аймақта күріштің, өзге де дақылдардың жаңа сорттарын шығарып, өнім сапасын арттыру үшін Ыбырай Жақаев атындағы қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының қызметіне басымдық берудеміз. Жақында Ауыл шаруашылығы ғылым Академиясымен агроөнеркәсіптік кешенді ғылыми және инновациялық дамыту саласындағы ынтымақтастық келісіміне қол қойылды. Өнімділігі жоғары, өсу мерзімі қысқа күріштің жаңа сорттарын өндіріске енгізудеміз. Ғалымдар бірнеше жаңа сорттарды сынақтан өткізуде. Биылғы нәтиже жақсы. Пилоттық жобадағы сорттар 10 центнерден жоғары өнім беріп, егінге 10-15 күн ерте орақ түсті. Келесі жылы да осы оң көрсеткіш сақталса, 2025 жылдан бастап жаңа сорттар қолданысқа енеді. Егіс алқабын әртараптандыру жұмыстары жалғасуда. Суды аз қажет ететін дақылдардың егіс көлемін көбейтеміз. Майлы дақылдар алқабы 13 пайызға, малазықтық дақылдар алқабы 8 пайызға, картоп, көкөніс, бақша дақылдар алқабы 0,5 пайызға, басқа дәнді дақылдар егісі 21 пайызға ұлғаяды, – деді Н.Нәлібаев.

Облыс әкімі атап өткендей, Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірге «Қызылорда облысындағы суармалы жүйелерді қалпына келтіру жөнінде жол картасы» әзірленді. Оның аясында облыста тасқын суларды жинақтау, суармалы суды бөлу мен есепке алу процестерін автоматтандыру арқылы ирригациялық инфрақұрылымды қайта құру мен жаңғырту шаралары жүргізілуде. Суды бөлу мен есепке алу жүйелерін енгізу үшін заманауи үлгіде жұмыс жасайтын халықаралық компаниялар тартылып отыр.

Әрине, Сырдария өзені мен Арал теңізіне қатысты жағдай қашан да өзекті. Кейінгі 12 жылда Солтүстік Арал теңізінің суы (27 млрд м3-ден 20,2 млрд м3) 6 млрд  800 млн текше метрге азайып кеткен. 4 млрд 600 млн теңгеге «Көкарал бөгетін сақтап қалу» жобасы іске асырылуда.

Ауылды дамыту өте маңызды міндетке айналды.

– Бұл бағыттағы жұмыстар Президентіміздің «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы» Жарлығына сәйкес жүргізілуде. Оған облысқа 18 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржы елді мекендердің инженерлік-инфрақұрылымдарын жаңғыртуға, әлеуметтік нысандар құрылысын салу мен жөндеу жұмыстарына, мамандарды әлеуметтік қолдауға, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталды. «Ауыл – ел бесігі» аясында 47 ауылдық елді мекенде 216 жобаны жүзеге асыруға 12 млрд 400 млн теңге бөлінді (осы жылға). 157 жоба іске қосылды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында аймағымызда 404 жоба жүзеге асуда. «Дипломмен ауылға» жобасымен 2 млрд 500 млн теңге бөлініп, жас мамандарға әлеуметтік қолдау көрсетілуде, – деді облыс әкімі.

Ауыл демекші, Қызылорда облысында ауылдық жерлерді дамытудың тың бастамасы жүзеге асып жатыр. Облыс басшысының тікелей қолдауымен аймақта алғаш рет биыл «Үлгілі елді мекен» конкурсы өткізілді. Конкурсқа облыстық бюджеттен 1 млрд теңге бөлінді. Осының нәтижесінде, жеңімпаз 12 елді мекенге күнделікті ел тұрмысына ең қажетті заманауи үлгідегі 29 арнайы техника берілді. Ал бұл конкурс жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілмек.

– Халықтың өмір сүру сапасын жақсартудағы маңызды фактор – сапалы инфрақұрылым, баспанамен қамту.Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы қазан айындағы сапары барысында өңір үшін маңызды мәселелерге қатысты тарихи шешімдер қабылдады.

Бірінші көптің көкейінде жүрген «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің Ақтөбе қаласына дейінгі аумақты 1 санатқа ауыстыру болатын. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Үкіметке мәселені тез арада шешуді тапсырды.

Екінші – облыс орталығы Қызылорда қаласын ыстық сумен қамтамасыз ету мәселесі. Бұл да Президенттің қолдауымен алдағы үш жыл ішінде кезең-кезеңімен шешілетін болды. Қоғамда жиі қозғалған «Қызылорда-Жезқазған» автожолы Президенттің тікелей тапсырмасымен қайта жаңғыртылуда. Жоба құны 108 млрд 500 млн теңге. Қызылорда облысының аумағына тиесілі 216 шақырым жолдың 104 шақырымы аяқталды.

Жалпы, биыл республикалық және облыстық бюджеттен барлығы 38 млрд 500 млн теңге бөлініп, ұзындығы 671 шақырымды құрайтын жол жөндеуден өтті. Нәтижесінде облыстағы жақсы жағдайдағы жолдың үлесі 87,5 пайызға жетті. 2024 жылы сапалы жолдардың үлесі 92 пайызға жетеді, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Қазір облыс халқының 98,1 пайызы орталықтандырылған ауызсумен қамтылған.  Келер  жылы  4  млрд  теңгеге  ауқымды  4  жоба  жүзеге асырылады. Нәтижесінде  2025 жылы облыста орталықтандырылған ауызсумен қамту мәселесі түбегейлі шешілгелі тұр. Ал облыстағы барлық аудан орталығы мен 4 қала (Арал, Қызылорда, Байқоңыр, Қазалы), 19 елді мекен бүгінде табиғи газдың игілігін пайдаланып отыр. Биыл 12 ауылдық елді мекенге кезең-кезеңімен газ кіргізілсе, осының нәтижесінде өңір тұрғындарын газбен қамту көрсеткіші 75 пайызға жетеді. Келер жылға қаралған 4 млрд теңгеге 12 елді мекенді газдандыру жоспары бар. Сонда 2024 жылдың еншісінде аймақ халқына «көгілдір отын» жеткізу деңгейі 78 пайыз болады.

– Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысының еліміздегі жылу-электр орталықтарының жұмысын жандандыру тапсырмасына сәйкес аймақта ірі жоба жүзеге асуда. Президент қолдауымен Қызылорда қаласында жаңа жылу-электр орталығының құрылысы басталды.Егемендік жылдарындағы инвесторлардың қаржысына салынатын ең ауқымды, теңдессіз жоба – жылу-электр станциясының құрылысы біздің аймақта бой көтеруде. Құны 215 млрд теңге болатын жоба 2025 жылы іске қосылады. Бұл электр энергиясын сырттан сатып алудан арылтып, өндірілген электр энергиясының бір бөлігін аймақтан тыс жерлерге сатуға мүмкіндік береді, – деді өңір басшысы.

Қазір жауапты маусым. Жан-жақты дайындықтың арқасында жылу беру маусымы тұрақты өтуде. Облыста 1067 әлеуметтік нысандар (532 білім беру, 247 денсаулық сақтау, 288 мәдениет және спорт нысандары) мен 855 көпқабатты тұрғын үй толықтай жылу жүйесіне қосылған.Осы жылы облыс көлемінде барлығы 4170 пәтерді құрайтын 300 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Облыс әкімінің сөзінше, биыл 2500-ге жуық пәтер табысталып, аймақта 11 мыңнан астам адам қоныс тойын тойлайтын болады.

– Облыс орталығындағы жолаушылар тасымалдау қызметін жақсарту мақсатында өткен жылы 150 жаңа автобус алдық. Биыл қосымша 50 автобус алынды. Қалған 100 автобус жақын күндері келеді. Осылайша облыс орталығындағы қоғамдық көлік мәселесін түбегейлі шешеміз. Бұл ретте Қызылорда қаласында 975 млн теңгеге заманауи үлгідегі автовокзал ғимараты салынуда, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Облыс бюджетінің 61 пайызы бағытталып отырған әлеуметтік салада айтарлықтай оң серпін бар. Білім саласына 278 млрд теңге бөлінген. Нәтижесінде ауқымды әрі сәтті жобалар жүзеге асырылуда. Биыл облыста 4 жаңа мектеп пайдалануға берілуде.

– Президент бастамасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облысымызда 21 мектеп салынады. Жоба құны – 98 млрд теңге. Қазір 10 мектептің құрылысы жүргізілуде, қалған 11-і келесі жылы басталады. «Білімді қолдау қоры» есебінен Қызылорда қаласында құны 7 млрд 900 млн теңгені құрайтын физика-математика бағытындағы 300 орындық жатақханасы бар 400 орындық мектеп-интернат құрылысы қарқынды жүргізілуде.

Қызылорда қаласында 4 іргелі  мектептің жанынан 1850 орынға  арналған қосымша ғимараттар салынып,  пайдалануға берілді. Қосымша ғимараттар салудағы мақсат – біріншіден, балалардың үйінен мектепке қатынауына жақын, ыңғайлы. Екіншіден, бюджет қаражатын үнемдеу. Бір жаңа мектеп салуға орта есеппен 3 млрд теңге кетеді. Ал бір қосымша ғимарат салуға кеткен қаражат 700 млн теңге көлемінде.Шалғайдан қатынайтын оқушылар үшін жаңа үлгідегі 30 автобус алынды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Қазақстанда шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу туралы бастамасы аясында қараша айында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті жанынан СеулТех Жасанды интеллект және информатика жоғары мектебі ашылды. Білім саласындағы осындай бастамалар өскелең ұрпақтың игілігі үшін, – деді облыс әкімі.

Денсаулық сақтау саласына биыл 138 млрд 600 млн теңгеден астам қаржы бағытталған. Қызылорда қаласында 36 млрд 400 млн теңгеге бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы басталды. Құны 2 млрд 900 млн теңгені құрайтын Қан орталығының құрылысы аяқталуға жақын. Ал «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында елді мекендерде 27 нысан салынуда. Осы нысандардың 15-і жақын күндері ел игілігіне пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, жыл соңына дейін көпбейінді облыстық аурухана жанынан 70 төсектік перинаталдық орталық көптің игілігіне табысталады.

Жалпы бұл саланың материалдық-техникалық базасын жаңартуға 5 млрд 100 млн теңге бөлінген. Бұл қаражат өткен жылмен салыстырғанда 3 есеге көп. Былтыр 45 жедел жәрдем көлігі келсе, биыл 25 санитарлық көлік алынуда. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен өткен жылдан бастап әріптестік байланыс орнаған. Нәтижесінде аталған Қор соңғы екі жылда өңірдегі білім мен медицина саласына 4 млрд теңгеге жуық қаржы бөліп отыр.

– Бұл қаржыға облыстық балалар ауруханасы базасында «Қамқорлық» реабилитациялық орталығы ашылып, құны 1 млрд 100 млн теңге тұратын онкологиялық скрининг жүргізуге арналған екі жылжымалы медициналық кешен, өзге де денсаулық саласына қажет құрал-жабдықтар мен дәрі-дәрмектер алынды.Қазіргі таңда шалғай ауылдарда қызмет көрсетуде. Бұл жұмыстар жалғасын табатын болады. Осы ретте «Қазақстан Халқына» қорына ризашылығымызды білдіреміз, – деді аймақ басшысы.

Облыс әкімі сонымен қатар, мәдениет пен спорт саласында өңірде қолға алынған ауқымды жобалар туралы айтты.

Облыс орталығында 7 мың орынға арналған Орталық стадион және жабық бассейні бар көпсалалы денешынықтыру-сауықтыру кешені салынуда. Аудандарда 2 млрд 600 млн теңгеге 11 спорт кешендері салынды. Құны 1 млрд 500 млн теңгені құрайтын Отбасы орталығы өз қызметін бастады. 3 млрд 700 млн теңгені құрайтын 1000 орындық Өнер орталығы жақын күндері ашылады. Келер жылы бір мезгілде барлық аудандарда музей, кітапхана, мұрағат, неке қию залы, ардагерлер және аналар, жастар орталықтары, азаматтық қоғам өкілдері мен тарихи-мәдени, рухани ұйымдарын біріктіретін типтік үлгідегі «Руханият» орталықтары салынады. Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын шыңдау мақсатында облыс орталығынан келесі жылы «Шығармашылық академиясы» ірге көтереді. Қазіргі таңда демеушілер есебінен жоба-сметалық құжаттары әзірленуде.

Сыр өңірінің мәдени брендіне айналар «Шірік-Рабат Сақ жауынгері» мен «Сығанақ ханшайымының» алтындатқан мүсіндері облыстық музейге тапсырылды. 9 желтоқсанда «Бейбітшілік және келісім» сарайында осы Сыр жауһарлары көрмеге қойылады.

– Облыста негізгі капиталға салынған инвестиция 2021 жылмен салыстырғанда 52 пайызға өсіп, 472 млрд теңгені құрады. Оның 74 пайызы – жеке инвестициялар. Бұл ретте айтпағым, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының кәсіпкерлерді патриотизм мен әлеуметтік жауапкершіліктің үлгісін көрсету туралы бастамасы аясында аймақта «Туған жерді бірге түлетейік» үндеуі жарияланды.Акцияға өңірдің жанашыр азаматтары қатысып, 37 млрд 500 млн теңгенің жобаларын іске асыруда. 3 млрд 300 млн теңгеге 630 жобаға «жобалық-сметалық құжаттама» әзірленді, – деді облыс әкімі.

Қай қақпаның да уақытқа сай келбеті, қолайлы қызметі болуы тиіс. Қазір Қызылордада Қорқыт ата әуежайының жаңа терминалы салынып жатыр. Жоба құны 20 млрд теңге. Оның 15 млрд 700 млн теңгесі Болат Өтемұратов қорының демеушілігімен және жергілікті бюджеттен 4 млрд 300 млн теңге инфрақұрылымды дамытуға және абаттандыруға (жылу, су, электр және кәріз желілері, телефон, автожол, абаттандыру) бағытталған. Жаңа терминал келер жылы пайдалануға беріледі. 

– Қазақстан темір жолы» компаниясының қолдауымен және кәсіпкерлердің демеушілігімен құны 577 млн теңгеге Қызылорда қаласындағы теміржол вокзалына қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Қызылорда қаласында 2 млрд 350 млн теңгеге заманауи үлгідегі «Оқушылар сарайының» құрылысын бастадық. Келер жылы пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, «Саутс Ойл» компаниясы Қызылорда қаласында музыкалық колледж құрылысын жақын күндері бастайды. Жоба құны 4 млрд 800 млн теңге. Облыс орталығында жерлесіміз Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен құны 1 млрд 700 млн теңге болатын «Анаға тағзым» орталығы ашылды. Ал және бір жерлесіміз Асқар Әубәкіровтің демеушілігімен құны 1 млрд теңгеге Қызылорда қаласының орталық алаңына қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Облыс орталығында 1 млрд 100 млн теңгеге 30-дан астам ескі көпқабатты тұрғын үйдің қасбеттері заманауи панельдермен жаңартылды. 1 млрд теңгеге 20 көпқабатты тұрғын үйдің аулалары абаттандырылды. Сонымен қатар, 1 млрд 600 млн теңге болатын 80 балалар спорт-ойын алаңдары пайдалануға берілді. Біз облыс орталығынан бөлек жанашыр азаматтардың қолдауымен аудандар мен ауылдарда тұрғындарымызға қажетті әлеуметтік, мәдени, спорт нысандарын, заманауи демалыс саябақтарын салудамыз.Алдымызда айқын міндеттер мен нақты жоспарлар аз емес. Сыр өңірінің өркендеп, дамуы жолында Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыруда қарқынды жұмыстарымызды жалғастыра береміз, – деді облыс әкімі қорытынды сөзінде.

Баспасөз конференциясында облыс әкімі БАҚ өкілдерінің қызықтырған сауалдарына тұшымды әрі дәйекті түрде жауап берді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<